Қазақстан • 28 Тамыз, 2018

Бастамалар жүзеге асырылуымен ұтымды

431 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шымкент қаласында қазіргі уақытта «7 – 20 – 25» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру аясында салынған 8 тұрғын үй кешені, яғни 136 пәтер пай­далануға дайын. Ал екінші жарты­жылдықтың соңына дейін 275 пәтер ел игілігіне беріледі. Олардың көбі 2-3 бөлмелі пәтерлер. 

 

Бастамалар жүзеге асырылуымен ұтымды

Сонымен бірге Ұлттық банктің дерек­тері бойынша, тамыз айының ортасында Шымкент қаласында 662,6 млн теңгеге тұрғын үй заемдарын алуға 77 өтініш келіп түскен.

Жоғарыда айтылған мәліметтерді Шымкент қалалық құрылыс басқармасының бастығы Әбілсейіт Рабаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылуын бақылау жөніндегі Қоғамдық кеңес мүшелерінің қатысуымен өткен кездесуде мәлім етті. Қоғамдық кеңестің мүшелері – ҚХА Төрағасының орынбасары Виталий Тварионас, Мәжіліс депутаттары Азат Перуашев пен Берік Дүйсембинов, «Қазақстан-2050» жалпыұлттық қозғалыс кеңесінің төрағасы Мұхтар Манкеев, Қазақстанның жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Рахман Алшанов Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында бірқатар әлеуметтік және іскерлік нысандарды аралап, өңірдегі «Президенттің бес әлеуметтік бастамасының» жүзеге асырылу барысымен танысты.

«Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту» көзделген үшінші бастама бойынша Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті 8 гектар аумақта орналасқан студенттік кешенде жатақханалар, сонымен қатар спорттық-тұрмыстық кешендер салуды жоспарлап отыр. Қоғамдық кеңестің мүшелері Студенттер үйінде болып, жастардың тұрмыс жағдайымен танысты. Университеттің бірінші проректоры Баршагүл Исабектің айтуынша, оқу орнында 3,5 мыңға жуық студент оқиды, ал жатақхана қажеттілігі 200 адамды құрайды. Бұл көрсеткішке 500 орындық жаңа жатақхана пайдалануға берілуіне байланыс­ты қол жеткізілген.

Сондай-ақ республикалық кеңестің мүшелері «Ақжайық» шағын ауданындағы тұрғын үйлердің құрылысымен танысты. «Нұртас» шағын ауданында орналасқан «Сыдықов Т.К.» жылыжай кәсіпорнында болды. Кәсіпорын төртінші бастамада міндеттелген «Шағын несие беруді көбейту» бойынша төмен проценттік несие түрінде 5 миллион теңге алып, өндірістік қуатын кеңейткен.

Шымкент қаласындағы кәсіпкерлер палатасында, одан кейін қалалық әкімдік ғимаратында өткен кездесулер барысында да бес әлеуметтік бастаманың жүзеге асырылу барысы талқыланды. Республикалық қоғамдық кеңес мүшелерінің мәлімдеуінше, аймақтардағы жұмыс сапарлары бойынша жан-жақты талдау жасалады, оның қорытындылары Үкіметке ұсынылып, Елбасына есеп беріледі.

 

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

ШЫМКЕНТ