Үкімет • 28 Тамыз, 2018

ИИДМБ іске асыру: өңдеу салаларында 3,5 мың кәсіпорын пайда болды

1058 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Индустриалды-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жұмыстары Үкіметтің ерекше бақылауына алынған. Премьер-Министр төрағалығымен өткен кезекті отырыста үш министрліктің басшысы аталған бағдарламаның 2018 ж. І жарты жылдығында іске асырылу қорытындысы туралы баяндады.

ИИДМБ іске асыру: өңдеу салаларында 3,5 мың кәсіпорын пайда болды

Индустрияландырудың екінші бесжылдығын жүзеге асыру 2015 жылы басталғанын айта кету керек, сондықтан Инвестициялар және даму министрлігі Мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуын базалық 2015 жылмен салыстырып қорытындылайды. ҚР ИДМ ақпаратына сәйкес, іске асырылып жатқан Бағдарлама қазірдің өзінде өңдеу секторының тұрақтылығы мен өсім қарқынына оң әсерін тигізе отырып, алға қойған мақсаттарға толығымен сай келетінін атап өтуге болады.

Мәселен, өңдеу өнеркәсібінің ЖІӨ үлесі 11,8% өсті. Өнеркәсіп секторында – 39,5%-дан 40,9%-ға дейін, экспортта— 24,4%-дан 28,7%-ға дейін, тікелей шетелдік инвестициялар ағынында 15,5%-дан 17,6%-ға дейін өсім байқалады.

Маңызды аспектілердің бірі — индустрияландыру дайын өнім шығаруға бағытталған өңдеу өнеркәсібі салаларындағы (химия өнеркәсібі, машина жасау, жиһаз, құрылыс материалдарының өндірісі және т.б.) кәсіпорындардың санын арттыруға ықпал етеді.

Мәселен, 2018 жылдың І жарты жылдығын 2010 жылмен салыстырғанда, өңдеу салаларында жұмыс істейтін қосымша 3,5 мың кәсіпорын пайда болған.

ҚР ИДМ-де мәлімделгендей, негізінен өсім машина жасау (805 бірлік), азық-түлік өнеркәсібі (545 бірлік), құрылыс материалдарын шығару (514 бірлік) кәсіпорындары санының өсуі есебінен қамтамасыз етілді. Олардың жалпы сомалық үлесі өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарының жиынтық өсімінде 50%-дан асты. Ең жоғарғы өсім химия өнеркәсібінде (1,7 есе), машина жасау саласында (1,5 есеге) және басқа да дайын бұйымдар өндірісінде (3,3 есе) байқалады.

Сонымен қатар, биылғы І жарты жылдықтың қорытындыларын өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өңдеу секторындағы өндіріс 5,2%-ға артып отыр. Оң қарқынға ықпал етуші өсімнің негізгі драйверлері: машина жасау (+17,2%), химия өнеркәсібі (+11%), азық-түлік өнімдері өндірісі (+5,2%), мұнай өңдеу (+4,4%), металлургия (+3,4%), құрылыс материалдарының өндірісі (+2,2%).

Биылғы есепті кезеңде барлық мақсатты индикаторлар бойынша оң қарқын байқалады.

Экспорт: 123 ел және 800 позиция

Индустрияландыру саясатының мақсаты — Қазақстан Республикасының әлемдік өңдеу өнеркәсібі экспортындағы үлесін ұлғайту арқылы 2035 жылға қарай озық дамыған ЭЫДҰ елдерінің өңдеу өнеркәсібіндегі бәсекеге қабілеттілігінің орташа деңгейіне қол жеткізу екені анық. ИИДМБ мақсатты индикаторлары өңделген өнім экспортының құндық көлемінің 2015 жылға қарағанда 19%-ға арттыруды көздейді.

Өңдеу өнеркәсібі өнімінің 2018 жылғы республика бойынша орташа экспорт көлемі 2015 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20,5%-ға артып, $2,5 млрд құрады.

Өңдеу өнеркәсібінің басым секторлары — темір жол (3,7 есе), электр техникалық машина жасау және агрохимия саласында (3,1 есе), құрылыс материалдары өндірісінде (3 есе) және тау-кен машиналарын жасауда (2 есе) айтарлықтай өсім байқалады.    

Бүгінде 123 елге 800-ге жуық тауар түрі экспортталады.Кейбір тауар түрлерін экспорттайтын жаңа өткізу нарықтары ашылды. Мысалы, 2018 жылы Өзбекстанға машина жасау өнімдерін және құрылыс материалдарын, Украинаға химия өнімдерін жеткізу басталды. Азық-түлік өнеркәсібінің өнімдері шет елдерде үлкен сұранысқа ие. $13,2 млн сомасына экспорттық келісімшарттар жасалды. Атап айтқанда, Иранға, Бахрейнге ет өнімдерін жеткізу басталды, Ресейге ет өнімдері, мал және өсімдік майлары, Қытайға өсімдік майы, Өзбекстанға қант экспортының көлемі ұлғайды.

Аталған көрсеткіштерге қол жеткізу үшін Үкімет экспорттаушылармен ауқымды кешенді жұмыс жүргізгені анық. Экспорттаушыларға сервистік қолдау көрсетілді, отандық өнімдерді ілгерілету бойынша сауда миссиялары мен жарнамалық–таныстыру шаралары ұйымдастырылды.

Еңбек өнімділігі: мақсат — 22% өсім

Мемлекеттік бағдарламаның тағы бір мақсатты индикаторы — өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігін 2015 ж. деңгейімен салыстырғанда 22%-ға арттыру.

Инвестициялар және даму министрлігінің деректеріне сәйкес, 2018 жылы еліміздің өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігі 2015 жылмен салыстырғанда 8,5%-ға өсіп, $8 мың/адамды құрады.

Өңдеу өнеркәсібі секторларында мұнай-газ және электр техникалық машина жасауда, мұнай өңдеуде, мұнай-газ химиясында, құрылыс материалдарын өндіруде, қара металлургияда 10,4% жоғары өнімділік өсімі байқалады. Жыл соңына дейін өңдеу өнеркәсібіндегі еңбек өнімділігінің өсімін 11,9% қамтамасыз ету көзделген.

Инвестициялар шамамен екі есеге өсті

Мемлекеттік бағдарлама тиімділігі көрсеткіштерінің қатарында — өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына салынатын инвестициялар көлемі бар. Бағдарламаны іске асыру уақытының аяқталуына қарай бұл көрсеткіш 4,5 трлн теңгені құрауы тиіс.

Еліміздің өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі осы жылдың 6 айында 2015 жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 47,6%-ға өсіп, 532,8 млрд теңгені құрады.

Өңдеу өнеркәсібі секторларында мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту жөніндегі ірі жобаларды іске асыруды есепке алғанда мұнай өңдеуде инвестициялық салымдар (11 есе) өсті. Сонымен қатар, елеулі өсім электр техникалық машина жасауда (3,2 есе) және азық-түлік өнімдері өндірісінде (1,9 есе) байқалады.

Индустрияландыру картасы: жарты жылда жаңа 18 жоба

Мемлекеттік бағдарлама аясында кәсіпорындарға жүйелі қолдау шараларын көрсетудің нәтижесінде жаңа өндірістерді іске қосу, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды жаңғырту және кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.

Биылғы 6 айда Индустрияландыру картасы аясында 187 млрд теңгеге жуық сомаға 18 жоба іске қосылды, 1,8 мыңнан астам тұрақты жұмыс орындары ашылды. Солардың ішінде Шығыс-Қазақстан облысындағы «Бақыршық тау-кен өндіру кәсіпорны» ЖШС — «Өнімділігі жылына 2 млн тонна кен өндіретін тау-кен байыту кешенінің құрылысы», Қарағанды облысындағы «Maker» ЖШС — «Машина жасау өндірісін жаңғырту» секілді маңызды жобалар бар.

Биылғы жылдың ІІ жарты жылдығында жалпы сомасы шамамен 1,1 трлн теңге болатын 100-ге жуық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Онда 12,2 мыңнан астам жұмыс орны ашылады.

Қазіргі таңда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Инвестициялар және даму министрлігі жаңа жаһандық технологиялық үдерістерді ескере отырып, 2020–2024 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық даму тұжырымдамасын әзірледі. Жаңа бағдарламаның негізгі мақсаты — экспортты дамыту мен ілгерілетуге екпін жасай отырып, өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін одан әрі арттыру. Технологиялар трансфертіне және өңдеу өнеркәсібін цифрландыруға айрықша назар аударылатын болады.

ЖІӨ-ге әсері

Ұлттық экономика министрі Т. Сүлейменов Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібінің еліміздің ЖІӨ үлесі туралы айтып берді. Оның айтуынша, өңдеу секторының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 2015 жылы төмендегеннен кейін 10,1% дейін қалпына келе бастады және 2018 жылғы І тоқсанының қорытындысы бойынша 12,9%-ды құрады.

Еліміздің ЖІӨ-не өңдеу өнеркәсібінің металлургия саласы (ЖІӨ-нің 5,1%), азық-түлік өнеркәсібі (ЖІӨ-нің 1,7%), мұнай өңдеу (ЖІӨ-нің 1,3%) және құрылыс материалдары өндірісі (ЖІӨ-нің 0,8%) салалары елеулі үлес қосқаны аталып өтті. Өңдеу өнеркәсібінің жалпы қосылған құны жиынтық көлемде: металлургия (39,9%), азық-түлік өнеркәсібі (13,4%), мұнай өңдеу (10,4%), құрылыс материалдары өндірісі (6,3%) салаларында басым. Сонымен қатар, Т. Сүлейменов саланың тұрақты екенін: экономикаға дағдарысты кезеңдерде қолдау көрсететінін атап өтті.

Энергетикадағы ИИДМБ: МӨЗ жаңғырту, экологиялық бензин және басқа да жобалар

Өз кезегінде, энергетика министрі Қанат Бозымбаев ҚР индустриалды-инновациялық дамытудың 2015–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында келесі жобалар іске асырылып жатқанын баяндады. Олардың ішінде «Конденсат» АҚ «К5 моторлық отынын өндіру», Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту, Атырау мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау және жаңғырту, Шымкент мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау және жаңғырту, полипропилен өндіру зауытының құрылысы.

«Конденсат» акционерлік қоғамының «К5 маркалы мотор отынының өндірісі» жобасы жоғары октанды бензин өндірісі тұрғысынан 2016 жылы аяқталды, 2018 жылдың маусым айында К4, К5 экологиялық санатының дизельдік отынының өндірісі іске қосылды.

Қазіргі таңда компания Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарының нарықтарына жоғары октанды бензин жеткізеді. Зауыт 2017 жылы кәсіпорын қуаттылығын жылына 850 мың тоннаға дейін ұлғайтумен жаңғыртылды.

Өткен жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытын жаңғырту жобасы аяқталды. Жобаның мақсаты орындалды: 100% жоғары октанды бензин шығарылып, К4 және К5 маркалы экологиялық санатты мотор отынының өндірісі жолға қойылды. Зауыт қуаты батыс-сібір мұнайын жылына 5,5 млн тонна көлемінде, сондай-ақ, қазақстандық мұнайды жылына 4,7 млн тоннаға дейін өңдеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, 2018 жылғы маусым айында авиаотын өндірісі ретке келтірілді: реактивті отынның Кеден одағының Техникалық регламентіне сәйкестігі туралы декларация берілді және реактивті отын маркасының авиаотынына арналған пин-код тағайындалды.

Атырау мұнай өңдеу зауытын реконструкциялау және жаңғырту жобасы туралы айтар болсақ (Мұнайды терең өңдеу кешені — МТӨК), Энергетика министрлігінің мәліметіне сәйкес, қазіргі таңда механикалық жұмыстар аяқталған, іске қосу–реттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. МТӨК жобасы бойынша іске қосу операцияларын жүргізу аясында мақсатты өнімдерді шығарумен 12 технологиялық құрылғының 10-ы іске қосылды. Қалған екі «ТАМЕ» және «Benfree» қондырғылары бойынша іске қосу операциялары жалғасуда, жобаны осы жылдың тамыз айында аяқтау көзделген.

Зауыт К4 және К5 санаттарының моторлық отынын өндіруге көшті.Зауытты жаңғыртқаннан кейін жоғары октанды автобензин өндірісінің көлемі тәулігіне 4,4 мың т дейін құрайды, дизель отынының көлемі — тәулігіне 5,2 мың т дейін.

2017 жылдың маусым айында Шымкент мұнай өңдеу зауыты жобасының бірінші кезеңі аяқталды. Атап айтқанда, изомеризациялау, нафта сплитер қондырғылары және сутек тазарту блогы іске қосылды. К4 пен К5 экологиялық санатты автокөлік отыны өндірісі жолға койылып, жоғары октанды бензиндердің үлесі 100% жеткізілді. Екінші кезең бойынша құрылыс жұмыстары аяқталды.

Интеграцияланған газ-химия кешенiн салудың бірінші фазасы аясында осы жылдың маусым айында полипропилен өндіру зауытының құрылысы басталды. Полиэтилен өндіру жобасы бойынша «Біріккен химия компаниясы» ЖШС мен Borealis австриялық компаниясы («Sileno» ЖШС) арасында бірлескен жобалық компания құрылды. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жұмыстарын биыл қыркүйек айында бастау көзделген.

Индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын осы жылдың І жарты жылдығында іске асыру қорытындылары осындай. Дегенмен, алда көптеген жұмыстарды атқару қажет. Осы жылдың ІІ жарты жылдығында тиісті министрліктердің жұмыстары жоспарланған көрсеткіштерге қол жеткізуге