20 Ақпан, 2010

БІЗДІҢ ШӘМШІ

1171 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
Қазақта біз білетін екі Шәмші бар. Бірі қа­сиетті Отырардың, ал екіншісі киелі Түркі­стан­ның перзенті. Бұл екеуі бірге оқыған курс­тас достары үшін ежелден егіз ұғым болып кет­кен­дей. Студент шағымызда композитор Шәм­ші­нің әндерін тыңдап өссек, староста Шәмші­нің білімі мен терең парасатын ғибрат тұтып есей­дік. Бір Шәмші арқылы әнді сүйсек, екін­ші Шәмші арқылы пәнді сүйдік. Ән мен пән­нің арасында өмірдің өрнектері жалғасып жатты. Ол ешқашан лекцияда конспект жазған адам емес. Көп оқитын. Сол студент кездің өзінде-ақ арамыздағы рухани азығы ең мол азамат еді. Саяси экономия мен философия пән­дері бойынша оқытқан ұстаздар­мен өзінің терезесін тең ұстап тұрып сөйлейтін. Капи­тализм мен социалистік қоғамның артықшы­лық­тары мен кемшіліктерін қаузай бастағанда, ойының түбіне жете алмай, өкпеміз қабына­тын. Алаш арыстарының азаттық аңсаған арман-мүддесін кеңестік дәуірдің қылышынан қаны тамып тұрған сексенінші жылдар басында ол ашық айтып қалатын. Қазақтың осы бақытын Шәмші оқып жүрген жас шағында-ақ аңсап, өзін бір күннің мақ­сатымен күн кешпейтін, жер мен елдің жоғын жырлайтын азамат ретінде қалыптастырды. Алаштың азаттық жайындағы аңсарлы айдынын осы Шәмшілердің ойлары кейін кеңіте түскен шығар деген ой туады. Осынша мол білімді ол қайдан, қашан оқып үлгерген деген сұрақ көкейде қалған күйі университетті бітірген түлектер республиканың түкпір-түкпіріне тарыдай тарап кете барғанбыз. Университеттің беретін білімі бір басқа да, ал белгілі бір тұлғаның мектебінен өту, жеке ұстазың болу, жақсының жанында жүріп, ой мен бойды қатар түзеу кез келгеннің маң­дайына бұйыра бермейтін бақ. Қазір көбімізден “ұстазың кім?” деп сұраса, күмілжіп қалып жата­мыз. Ал біздің Шәмші қалыбы қайталан­бас Қалағаңның мек­тебінде шыңдала келе, алғаш­қы ұядан санасына тоқығандарын ұстазы­ның ұлағатымен сабақ­тастырып, қай салаға салсаң да сана-сандығында өрнекті ойлар жарқырай өрілетін келбеті кесек азамат ретінде көрінген. Ол өмірдің бәйгесінде өзін-өзі қам­шы­лап, не жайында толғанса да, нендей іс атқарса да адами қасиеттерді бірінші орынға қойып, халықтық, елдік деген саяси сахараға өз тұстастарына қарағанда, әлдеқайда ерте сапар шегіп кеткені тағы ақиқат. Тоқсаныншы жылдар карти­насы тарихтан әлі өз бағасын толық алып үлгерген жоқ. Міне, сол кезеңнің беттерін парақтап отырсаңыз, тұтас бір ұрпақтың тағдырына осы белестің бет-бейнесі көп әсер еткен-ау деген ойға бата­сыз. Рухы әлсіздер жеке басының қамын күйттеп, жан бағудың базарына бағынып кетсе, Шәкең сияқты көкірегінде бұлақ көзі бұлқын­ған білікті азаматтар қоғамда болып жатқан түрлі саяси, әлеуметтік мәселе­лерге үн қосып үлгерген екен. Мәселен, оның ұйымдастыруы­мен шығар­машыл жастарға қол­дау көрсету мақсатында құрылған бір ғана “Алдаспан” қорының қаншама балауыз үмітті бауырына басқаны есімізде. Жас ақын-жазушыларға қамқор қолын созып, тоқырау жылдары толағай іс бітіргенін білеміз. Күнде­лікті тұтына­тын азық-түлік тауарлары көзден бұл-бұл ұшқан қиын кездерге қара­мастан, баспанасыз жүрген аяулы бір азаматтың пәтер алуына көмектесіп қалай зыр жүгіргені Шәкең­нің адами қасиетінің бір ғана қырын көрсетер еді. Аза­маттықтың белгісі адам­ның бәріне қолы жетіп тұр­ған кезде емес, қиын-қыс­тау шақта қына­бы­нан суы­рылған алмас қылыш­тай көрін­­се керек-ті. Атқарған жұмысын жалпақ жұртқа жария етіп, өзін-өзі қалайда көрсетіп қалғысы келмейтін оның сондай достық көңіл­мен жасал­ған көмегін көр­ме­дік дейтін жан арамыз­да некен-саяқ-ау. Кейде неге осы біз­дің тол­қын­ның ара­сы­нан кеше­гі бір кездегі ірі тұлғалар се­кіл­ді зиялы­лар суы­ры­лып шық­пай­­ды, әлде ке­ңестік сая­сат­тың сабағы са­намызға кө­бі­­рек құйы­лып, тамыры­мызд­ан ажырап қал­ған­ның зардабы­нан ба екен де­ген сұрақтың жүректі ауыр­та­тыны бар. Әде­­биет пен мә­де­­ниеттің та­ны­мал тарлан­дары мен мық­ты сарбаздарын әлі де болса ал­дыңғы толқын өкілдері құ­райды. Сонда олар­­дың орнын басатын дәл сондай ғұ­лама ғалым­дар, ардақты есімдер неге біздің арамыздан шықпай жатыр, шықса да там-тұм аттарды ғана атай аласыз. Ал баяғы Алаш зама­нындағыдай, болмаса соғыс­тан кейін туған ұр­пақтың арасы­нан шыққан тұлғалар секілді қазір осы толқын­нан кімдер бар дегенде біраз тежеліп қалары­мыз хақ. Себебі, өтпелі қоғамда қалып­тасқан ұрпақтың еншісіне тиер үлес мүлде бөлек еді. Олардың арасы­нан мықты әдебиет­шілерден гөрі мысалы, тамаша саясаткерлердің, іскер азамат­тардың көбірек бой көрсетуі бекер емес. Адамды қоғам биле­мек деген сөздің шындығы­на осындай мысалдар алдыңнан жиі кезіккенде амалсыз иланасыз. Ал бірақ ол адамды қоғам илемек деген біржақты ұғымға тірел­мейді. Өйткені, біздің Шәмші – жағымпаздықтың жам­поз­дарымен жағаласып, қоғамның кемшілік­тері­мен күресіп жүрген адам. Осы буыннан кейін әлгі азаматтық биік пен тұлғалық тұғырдан кімдер көрінуі мүмкін десе, осы санатта біздің Шәмші досымыз­дың тұратыны күмән туғызбайды. Журналистердің арасында: “Басылым басшысына тартады” деген қағида жиі айтыла­ды. Осы қағида бойынша қарайтын бол­сақ, “Түркістан” халықаралық саяси апталығындағы елдік мәсе­лелерді көтерген әрбір тұшымды мақала­дан Шәкеңнің ойын оқып тұрғандай боласыз. Мақалаға ат қоюдан бастап, соңғы түйінге дейін нағыз шығармашылық адамының қол­таң­басы сезіледі. Қай тақырып қозғалса да әңгіме тереңнен өрбиді. Мұнда аттары жұртқа мәшһүр танымал журна­листер жұмыс істейді. Апталықты жас тілшілердің шеберлігін шыңдау мектебі дерсіз. Мұнда есейген есімдер көп. Кез келген мақаланы көрсетіп бере білудің өзі өнер екенін осы басылым дәлелдеп отырғандай. Осынау табыстар басшының дұрыс бағыт сілтеп отыруынан, саяси білікті­лігінен, қара­мағын­да жұмыс істейтін әрбір қызметкерге қамқор бола білетін жанашыр­лығынан құрал­ғанын білу керек. Түркістан – бүкіл түркі ақыл-ойының, иман­­дылық пен адамгершілік қасиеттердің киелі бесігі ғой. Шәмші мен Зәурештің үйлену тойлары осында, Шәм­шінің “Қайықта” әні қалықтаған жаздың бір жаймашуақ кешінде дүркірей өткен. Шәмші жақсы көретін Шәмші­нің әндеріне ауыл түгел дөңгелене би билеген. Түркістанға сонда табанымыз алғаш рет тиіп, тойға барған бір топ курстас достарына Шәмші Қожа Ахмет Ясауи кесенесін аралатып көрсет­кен еді. Ес­керткіштің сыртқы нақыштары мен тарихын айтып тауыса алмай қойған. “Қасиетті бабаның әруа­ғын сыйлап, рухына бастарыңды иіңдер!” деген ол кесенеге ене бергенімізде. Кердең­деу кеудені сәл имани қалыпқа келтіру­ге алғаш сабақ алған жер мұнан кейін естен еш шықпайтын болды. Түркістанды Шәмші арқылы түгел танып кетпесек те, бұл біздің әрдайым тағзым етіп келіп тұратын қадірлі бір жері­мізге айналарын сезіндік. Осы сәттерді ойға түсірсек, Шәмшінің жан дүниесін жаңа ұғып келе жатқандай боламыз. Оның адам баласының жанын жабырқатар жаңсақ сөзге бой ұрмайтын байып­тылығы туған жердің осын­дай ерекше иірім­дерінен бастау алған болса керек. Балалық шағы өткен киелі Түр­кі­стан мен ел­дік­ті ту еткен бүгінгі “Түр­кі­станы­ның” жан біті­міне сый­ла­ған айрықша сы­йын ол да аян­бай ардақ тұта­тынын ұғасыз. Туған же­рі­­­­нің атын аза­­­маттық үні ай­бат шеге­тін алаң­ға, мем­ле­­кеттіктің мере­йін үстем ететін ой­ларды орна­лас­тыратын бас­па­сөз құра­лы­на ай­налдырған Шәм­шіден басқа әріп­тесіміз жоқ та шығар. Шәмшінің қолына қон­дыр­ған бақыт құсы да “Шіркін, Зәу­реш десең, Зәу­реш қой”, деп жұрт тамсана­тын, ер-азаматты құр­меттеп, сый­лауы жағынан алдына жан тү­сір­меген қазақ­тың бір иба­лы келін­дерінің бірі. Рахмаш, Мағ­­­жан, Данияр, Мұхтар есімді ша­­ңырақ­тың төрт тағаны іс­пет­­ті сайдың та­сындай ұл­да­ры­­на тіл тиме­сін, дейік. Ердің жа­сы елуге кел­ген адам бұрын кәдімгідей елге беретінін беріп, алаты­нын түгел алып біткен жандай көрі­нетін. Қазір олай ойламай­мыз. Өйткені, біз білетін Шәкең­нің – Шәмшидин Паттеевтің шығарма­шы­лық шыңы әлі алда деп есептейміз. Былтыр “Құр­мет” орденін өңіріне тақты. Бұл да болса ең­бегі­нің мемлекет тарапы­нан елене бастауы болар. Еңбек­қорлығы мен іскерлігі оны талай бәйгеге жетелеп, мұнан да заңғар биікте бізбен тағы жолығарына сеніміміз мол. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ. Курстастар лебізі Амалбек ТШАНОВ,  саясаткер: Жастық шағын онша көп біле бермейтін адам туралы ой қозғау қиын соғуы мүмкін. Бірақ та Шәмшімен арадағы таныстығымыз саяси мәселелер төңірегінде көбірек түйісіп, халықтың жанын мазалаған түйткілдерге байланысты жиі тоғысқан сәттерді еске алсам, бір-бірімізді өзімнің Парламентке депутат болған күнімнен бастап емес, әлімсақтан жақсы білетін сияқтымын. Әсіресе, 1994 жылдың орны ыстық еді. Жұрт сүйіп оқитын “Түркістан” халықаралық саяси апталығы Қалтай Мұхамеджанов ағамыздың басшылық етуімен сол жылы жарық көрді емес пе? Міне, содан менің бір көкейге түйген нәрсем – Шәмші редакторлық еткен кезде басылым өзінің баяғы Қалағаң басқарып тұрған кездегі бедел-биігінен төмендеп кеткен жоқ. Қайта керісінше, тәуелсіз елдің дамуына, халықтың әлеуметтік жағдайына қатысты көптеген батыл да байыпты мақалалар басып, апталық елдік, мемлекеттік мәселелерді тереңнен қаузап жазатын нағыз шығармашылық ұжымға айналды. Еліміздің ішкі, сыртқы саясатының өркендеп дамуына орай азаматтар үнін бүкпесіз ашық жазып жүр. Тек бір жақтың ғана сойылын соғып кетпей, билік пен халық арасындағы таразының басын тең ұстауға тырысады. Осындай әділ де ақиқатты барынша ашып жазуға аянбайтын әрекеті ұнайды. Басылым бағытының сондай жақсы жақтарымен ерекшеленуі Шәмшінің біліктілігінің арқасы деп ойлаймын. Батыл қимыл, ой мен парасат өз алдына, оның бойындағы шынайы адами қасиеттердің өзі кім кімді де сүйсінтер еді. Ол жәй тірлікте өте ұяң, жаны да сондай нәзік адам. Жаны таза адаммен жақын жүргің келеді. Еркін ҚЫДЫР, курстас досы: Шәкең әңгіме үстінде үлкен саясаттың қыртысын қопарғанда ойпырмай, дәл қазір ғана үлкен кабинеттегі құпия кеңестен шық­ты ма екен, деп таңғаласың. Саясаттың үлкен шахмат тақ­тасын­­дағы көпшілік түсіне бермейтін жүрістер, айла-әдістер, оның қазақ еліне әсері туралы соны пікірлер тіпті өзі басқаратын халықаралық “Түркістан” газетінде де жарық көрмей, айтылған жерде қалатыны өкінішті. Бұл нағыз қазаққа тән кемшілік болса керек, әйтпесе Политковский, Сәтбаев дегендерің оның қолына су құюға жарамайды. Шәкең – жалпы өмірде де, саясатта да сөзі мен ісі алшақ түспей­тін, ұста­нымынан айнымайтын азамат. Яғни, ол көшеде де, кеңседе де пікірі ашық, өз ұстанымынан айнымайды. Бәлкім, биік ман­сап бұйырмай жүргені де содан шығар. Бірақ соған ұмтылып жүр­ген Шәкең де жоқ. Сонау студент шағынан-ақ қазақ мәселесін қозғап келе­ді, қаузап келеді, әлі шар­ша­ған жоқ. Кейбіреулер сияқты мінбер­де бөлек, үйде бөлек әңгіме айтпайды. Қазақ тілі үшін шырыл­дап жүр­ген ол алды­мен өз балаларын қазақша тәрбиелеп, қазақ­ша оқыт­ты. Жан жары да таза қазақы адам, тіпті химиядан ғылым кандидаттығын қазақша қорғаймын деп, біраз әріптестерін қиын­дыққа ұшыратты. Кейде тіл үшін тіпті қымбат мейрамханадағы дастарқанның шырқын бұзады. Ашуланатыны – ас мәзірі қашан қазақ­шаланады, жиырма жыл болды ғой... “Қазақ болсаңдар тұрың­дар, бұл жерден тамақ ішпейміз, кете­міз”, дейді жанындағы достарына. Студент шағында-ақ Шәкең Төлеген Айбергеновтің, Мұхтар Шахановтың, Жарасқан Әбдірашевтің, Евтушенко мен Вознесенскийдің өлеңдерін жатқа соғушы еді. Қазір Шахановтың өлеңімен ғана емес, өзімен де үндес, пікірлес, қанаттас. Ғалымжан МЕЛДЕШОВ, Қазақ радиосының директоры: Мен “Лениншіл жаста”, сонан кейінгі “Жас Алашта” тұп-тура он жыл жұмыс істедім. Журналистердің ұстаханасына айналған “Жас Алаштан” “Түркістан” газетіне ауысып келгенде өзімді ширық­қан, тісқаққан кәнігі маман ретінде сезініп, “түркі­стандық” әріптес­теріме “қыр” көрсете бастадым. Жаңа ортадағы лездемелерде алғашында аптығып, бір нәрселерді айтып, дандайсып ілгеріге жөнсіз ұмтылушы едім. Бәрі бекер екен. Бірде бас редактор Шәмшидин Паттеев кез келген тақырыптағы, мейлі ол дін болсын, мейлі тіл, тарих, саясат, тіпті экономика болсын мақаланы қандай үлгіде көргісі келетінін, қандай формада жазылуын қалайтынын, қандай фактілерді қолдану қажеттігін, кім-кімдердің пікірін беруге болатынын айтып, жиналысты ұзағынан айналдырғаны бар. Апталық газеттің ерекшелігін түсіндіріп, ұжымның әрбір мүшесіне мақаланы жілік-жілікке шағып, қалай майын ағызып жазу керектігін түсіндірді. Сараптаудың, талдаудың жолдарын көрсетті. Тіпті, газет макетінің қалай жасалуын қалайтынын, материалдардың орналасу тәртібін, ретін, айшықты суреттердің берілуін де әңгіме етті. Мұның бәрін мен өз атыма бағышталған нұсқау ретінде кабылдадым да, жиналыстарда бұрынғыша екпіндемейтін болдым. Журналистиканың жаңа бір арнасын сезінген мен сөйтіп “Түркі­стан­ның” илеуіне түстім де кеттім. “Сазайымды тартқызған” Шәкең бұдан кейін мұндай ұзақ-сонар басқосу жасаған жоқ. “Сен сөйт, сен бүйт”, демеді де. Тек, тиіс­ті тапсырмасын беретін де, орындалуын күтетін. Содан бері әр нәр­сеге байыппен баратын, әр тірлікке тиянақтылық танытатын қасиет қалыптастыруға ұмтылдым. Білгенімнен білмегенім телегей теңіз екен. Әрине, мен өз-өзіме баға бере алмаймын. Бірақ, “Түркістанда” өткізген он жыл ішінде әлденені үйренсем, ол әуелі Шәкеңнің ықпалы дер едім.