Кино әлемі... Сезініп, түйсіне білген адамға ол жан рахаты, тәрбие құралы, өткен мен бүгінгіні, болашақты жалғастыратын алтын көпір екендігі белгілі.
Үстіміздегі жылғы тамыз айының бас кезінде «Ел арна» телеарнасынан «Біз осында тұрамыз» атты кинотуынды көрсетілді. Ертеректе көргеніміз болмаса, ұмытып-ақ қалғандай екенбіз. Ал мына көріністен кейін ондағы оқиғалар санамызда қайта жаңғырғандай болды. Таныс бейнелер – киноның корифейі Шәкен Айманов, мэтр актерлар Фарида Шәріпова, Асанәлі Әшімов т.б. оқиға кейіпкерлері ретінде сол кездегі өндірдей жас қалпында көз алдымызда өтіп жатты. Шынымызды айтайық, қатты әсерлендік. Есімізге жастық шағымыз түсті. Бұл киноның құдіреті емей немене?! Өнердің ұлылығы да осында жатқан жоқ па?
Біздер балалық шағымызда «Амангелді», «Менің атым Қожа», «Біздің сүйікті дәрігер», «Тақиялы періште» т.б. да киноленталарды көріп өстік. Олардағы кейіпкерлерге ұқсауға тырыстық.
Кейінірек «Қыз Жібек», «Атаманның ақыры», «Транссібір экспресі», «Бандыны қуған Хамит» секілді фильмдер өмірге келді. Бір ғажабы сол, жоғарыда айтқан шедеврлерді қаншама рет көрсек те жалықпай, жаңа тамашалап отырғандай (қазір де солай) әсерге бөленеміз. Тап осындай дүниелер көптеп түсіріле берсе екен дейсің.
Соңғы жылдары түсірілген «Жаужүрек мың бала», «Біржан сал», «Құнанбай» секілді көркем фильмдер отандық киноиндустрия саласына олжа салған ортақ қазынамыз.
Барға қанағат деп айтайық, қазір не көп фильм көп, шетелдікін айтпағанның өзінде. Оларды көпсініп отырғанымыз жоқ, тек қана кейбірінің сапасы мен мазмұнына көңіліміздің толмайтыны болмаса.
Отандық телесериалдардың да өз көрермендері бар. Біздің айтқалы отырғанымыз басқа нәрсе.
Шектен тыс көп нәрсенің қадірі болмайтыны белгілі. Осы орайда қазіргі таңда кино түсіретін жекеменшік студиялар көбейді. Кейбір облыс орталықтарында ашылған немесе ашылып жатқан осындай студияларды айтпағанның өзінде, қалталы кейбір азаматтарымыз да кино түсіретін болып жүр. Түсірсін, тек қана сапасына мән берсін, мазмұны мен тәрбиелік жағына көңіл аударса болғаны.
Ал ондай биік деңгейдегі, талапқа сай дүниелер қанша болса да бізге көптік етпесі анық.
Көңілде бір ғана қауіп бар. Киноның құнын төмендетіп алмас па екенбіз деген...
Ал, Сіз қалай ойлайсыз?
Кәрібай ӘМЗЕҰЛЫ,
зейнеткер
Түкістан облысы,
Созақ ауданы