Бокс • 28 Тамыз, 2018

Ережесіз жекпе-жек шебері Юсуф Раисов Алматыға келді

90 реткөрсетілді

Ережесіз жекпе-жек өнерінің хас шебері, АСВ нұсқасы бойынша жартылай жеңіл салмақтағы (66 кило) экс-чемпион Юсуф Раисов Алматыға келіп, БАҚ өкілдері және осы спорт түрін серік еткен қазақстандық өрендермен кездесті.

Спорттағы алғашқы қадамын каратэден бастаған Юсуф Раисов шеберлігі толысы келе қоян-қолтық айқас және жауынгерлік самбодан өткен түрлі жарыстарда бақ сынады. Кейіннен ережесіз жекпе-жекке ауысып, бірқатар биік белестерді бағындырды. Осы күнге дейін кәсіпқойлар арасында 14 кездесу өткізіп үлгерген 23 жастағы Ресей азаматы 13 рет жеңіске жетті. Ол 2016 жылдың желоқсан айында Марат Балаевтан ұпай санымен ұтылған болатын. Арада бір жарым жылдай уақыт өткенде дәл сол қарсыласын бірінші раундта «қылқындыру» әдісімен айқын ұтқан Раисов АСВ ұйымының чемпиондық атағын иеленді. Осы жеңісінен кейін ол 70 кило салмақ дәрежесіне ауысатынын мәлімдеді.  

Бұл менің Қазақстанға бірінші рет келуім емес. 2014 жылы Астанада өткен «M-1 Challenge 48 – Battle of Nomads» турнирінде бақ сынап, өз қарсыласымнан басым түскен едім. Содан бері біраз уақыт өтті. Десек те қазақтардың қонақжайлығына тәнтімін. Сіздерде де осы спорт түріне деген қызығушылық ерекше. Әсіресе, маған Арман Оспановтың өнері ұнайды. Екеуіміз бірер жылдан бері таныспыз. Ол жақсы азамат, өте мықты спортшы. Шавкат Рахмоновты да ерекше атап өткім келеді. Бұл жігіттің де болашағы зор. Сондай-ақ, жеңіл салмақта күш сынасып жүргендер арасында да Қазақстанда жақсы жауынгерлер жетерлік, – дейді Юсуф Раисов. 

Алматының алдында Юсуф Қарағанды қаласында болып, сол жердегі жігіттермен бірлескен жаттығу өткізген болатын. Өзінің келесі жекпе-жегін Ресей спортшысы үстіміздегі жылдың 10 қарашасында Мәскеуде Ұлыбританияның өкілі Андрэ Виннерге қарсы өткізеді.          

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Сәтбаев оқулары» өтті

Руханият • Бүгін, 09:57

Ұқсас жаңалықтар