Білім • 29 Тамыз, 2018

Оқулық пен мектеп жеткілікті болса игі

62 реткөрсетілді

Жаңа оқулықтарда – QR-код

Таяу күндерде Қазақстандағы мыңдаған мектепте қоңырау соғылып, жаңа оқу жылы шәкірт­терге жарқын шабыт сыйлайды. Оқу жылы басталғанға дейін оқу­шыларға оқулықтарды жеткізу үдерісі келісімшарттар бойынша бекітілген мерзім аралығында іске асырылуы керек. Яғни оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерін білім беру ұйымдарына жеткізу жұмыстары ағымдағы жылдың 25 тамызына дейін тасымалданып бітуі керек болатын. Бұл мәселені министрлік басты назарда ұстап, күнделікті мониторинг жүргізіп отыр. Десек те бірқатар өңірде тасымалдаушылардың өз міндеттерін дұрыс орындамауы­на байланысты оқулықтардың уақтылы жеткізілмеуі байқалды.

Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің айтуынша, Ақмола облысының 6 ауданы, Қостанай облысының 3 ауданы, Шығыс Қазақстан облысының
2 ауданы, Қызылорда облысының 1 ауданы оқулықтарды өз кү­шімен тасымалдауға мәжбүр. Бұл жұ­мыстар бойынша Жамбыл, Түр­кіс­тан, Батыс Қазақстан, Қараған­ды, Солтүстік Қазақстан облыс­тары мен Шымкент қаласы оқулықтармен толық қамтылған. Жалпы, биылғы оқулықтардың өткен жылдардағы оқулықтардан айырмашылығы – оның электронды нұсқаларына қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін QR-код орналастырылуында десек болады.

Министрліктің баспасөз қыз­метінің хабарлауынша, республика бойынша орта есеппен баспалардан өңірлерге оқу­лықтардың 98,2%-і жөнелтілген, 92,5%-і білім беру нысандарына жеткізілген. Баспалардан шық­қан кітаптардың сапасына келер болсақ, форматы мен салмағына қойылатын талаптар орындалған.

«Жалпы республика бойынша 2018-2019 оқу жылына жаңар­тыл­ған білім мазмұнына көшетін 3, 6 және 8-сыныптарға арнал­ған 12 млн-нан астам оқулық сатып алынды. 3, 6, 8-сынып оқушы­ларына оқулықтар сатып алу үшін 28,6 млн теңге бөлінген. Аталған сыныптардағы оқушы­лар саны – 906 мың. Қазіргі кезде барлық білім беру субъекті­лері оқу әдебиетін жеткізу мәселе­лері­мен белсенді түрде айналы­суда. Оқулықтарды жөнелту және жеткізу процесі өңір әкім­діктері мен білім басқармалары бас­шыларының қатаң бақы­лауында», дейді Е.Сағадиев.

72 жаңа мектеп пайдалануға беріледі

Еліміздегі демографиялық және миграциялық жағдайларға байланысты өңірлердегі кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысымда оқуға мәжбүр. Бұл жағдай халықтың жыл сайын еліміздің мегаполистеріне көптеп ағылуына байланысты ірі қалаларда орын алуда. Айталық, былтыр Астананың өзіне 17 мыңнан астам бала келген. Яғни бұл Астанада өткен жыл үшін кемінде қосымша 15 мектеп салу керек дегенді білдіреді. Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов атап өткендей, үш ауысымды мектеп мәселесі бір сәтте шешілмейді.

«Біз мектептер салып жатырмыз. Тек биылдың өзінде республикалық бюджет есебінен 110 мектеп құрылысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін 72 жаңа мектепті пайдалануға береміз деп көздеп отырмыз» дейді А.Аймағамбетов.

Вице-министрдің айтуынша, жыл сайын елімізде республикалық бюджет есебінен 100-ден астам мектептің салынатынына қарамастан, мәселе толық шешілмей отыр. Қазақстанда әлі күнге дейін үш ауысымдық, апатты мектептер бар. Осыған байланысты елімізде жан басына шаққандағы қаржыландыруды енгізуді қолдау мәселесі өте өзекті. Жан басына шаққандағы қаржыландыру жеке секторды жаңа мектептер салып, ашуға ынталандырады. Бүгінде қанатқақты жоба басталып, жекеменшік мектептердің ашылып жатқанын көруге болады. Сондай-ақ аталған жоба негізінде Қазақстанда мектепке дейінгі мекемелерді салудың оң тәжірибесі жүзеге аспақ.

«Бірнеше жыл бұрын мектепке дейінгі біліммен қамту елімізде небәрі 60% еді, қазір – 93%. Бұған жеке секторды тарту есебінен қол жеткізілді. Мемлекет басшысы «Балапан» бағдарламасына бастама білдірді. Мемлекеттік – жекеменшік әріптестік жұмысы жанданды. Мәселен, биылғы 7 ай ішінде енгізілген 40 мың орынның 30 мыңы жеке компаниялардікі» деді вице-министр.

Сонымен қатар алдағы уақытта жекеменшік мектептерде мемлекет мемлекеттік тапсырысты орналастыратын болады. Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бүгінгі таңда еліміз бойынша мұғалімдер санының жеткілікті екені айтылған. Педагогтарды даярлау сапасына ерекше көңіл бөлініп отыр. Қазір еліміздегі ұстаздар саны – 285 мың адам. Жыл сайын университеттерде 35 мың адам педагог мамандығын алып шығады. Ағымдағы жылы мемлекеттік білім грантымен оқыған 6 мың маман оқу бітірген.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

«Сәтбаев оқулары» өтті

Руханият • Бүгін, 09:57

Ел қамын жеген Едіге

Руханият • Бүгін, 09:52

Birlikke bastar is qaıyrly

Руханият • Бүгін, 09:49

Тұлғалар аллеясы ашылды

Аймақтар • Бүгін, 09:45

Жетісай – табиғаты әсем жер

Аймақтар • Бүгін, 09:41

Ұқсас жаңалықтар