Қазақстан • 29 Тамыз, 2018

Атом жобасына арналған пошталық марка айналымға енді

315 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы күрес күніне орай Астанада АТОМ жобасына арналған «Жер бетіндегі өмір үшін» жаңа пошталық маркасы айналымға енді.

Атом жобасына арналған пошталық марка айналымға енді

Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, «Қаз­пошта» АҚ әкімшілік мәселелер жө­ніндегі басқарушы директоры Бауыр­жан Айнабеков, сондай-ақ АТОМ жо­басының Құрметті елшісі Кәріпбек Күйіков қатысты.

Жаңа пошта маркасы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен іске қосылған ядролық қарудың жойылуына қолдау көрсететін АТОМ (Abolish testing - our mission) жобасына арналған.

«АТОМ жобасы – Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевтың жаһандық яд­ро­лық қарусыздану және қоғамдық дип­ломатия саласындағы маңызды бас­­тамасы. Бұл бастаманы Елбасы 2012 жылдың 29 тамызында «Яд­ро­­лық сынақтарға тыйым салудан – бей­бітшілікке, ядролық қарудан – ер­кін­дікке» атты халықаралық конференция кезінде көтерген болатын», деді Р.Василенко.

Сондай-ақ Р.Василенко Қазақстанда шетелдік серіктестермен бірге ядро­лық қаруға қарсы күрес күніне ар­нал­ған ірі халықаралық шаралар ұйым­дас­тырылатынын жеткізді. 29 тамыздан 1 қыркүйекке дейін Астанада ҚР СІМ мен шетелдік саяси және қоғам­дық-сарапшылық топ өкілдерінің қаты­суымен Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартқа қатысты төрт күндік конференция өтеді.

Жиын барысында сөз алған К.Кү­йіков АТОМ жобасының мақсаты әлем­дегі ядролық сынақтарды түпкілікті тоқ­тату және атом бомбасынан азат әлем құру жолында бірігу екенін атап өтті.

«АТОМ жобасының сайтында ел көшбасшыларынан ядросыз әлемді құру талап етілген петиция орналастырылды. Оған әлемнің 100 елінен 312 мыңнан астам адам қол қойды. Біздің ендігі мақсатымыз – 1 миллион қол жинау. Жобаның www.theatomproject.org сайтындағы петицияға қол қоюға мүмкіндік бар. Сол арқылы ядролық қарусыз әлемді құруға үлес қоса аласыздар», деді К.Күйіков.

АТОМ жобасының «Жер бетіндегі өмір үшін» пошталық маркасы офсеттік баспамен көк және сары түсті бояуда жасалған. Перфорациясы ирек тәрізді, тиражы – 20 000 дана.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»