Қазақстан • 30 Тамыз, 2018

Конституция күніне арналған автошеру

1030 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақмола облысының «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі облыстық ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы аясында Қазақстан Республикасының Конституциясы күні қарсаңында Көкшетау – Зеренді – Бурабай – Көкшетау бағытында автошеру өткізді.

Конституция күніне арналған автошеру

Бұл шерудің басты мақсаты – Мемлекеттік рәміздерді жан-жақты насихаттау және Ата Заңымызда айтылған құндылықтарды көп­шілікке кеңінен түсіндіру. Көк Туымен тұғырлы, Елтаңбасымен еңселі, Әнұранымен айбатты, Қазақ елінің мәңгіліктің даңғылына түскен керуен көшінің өн бойында жаңа заманның жылы лебі еседі. Шұғылалы күннің астында қалықтап ұшқан қыран да қазақтың алар биігі асқақ екенінен сыр шертетіндей.

Ал киелі шаңырақ болып бейнеленген Елтаңба да шаншылған уықтармен біртұтас өрнек құрып, алтын пырақтармен көмкеріліп, «Менің, Қазақстаным!» деген ұран сөздермен әуезді әнге ұласып, жүректерді тербейді.

Автошеру зерлі Зерендінің сұлу табиғаты аясынан өтіп, аудан ор­талығындағы алаңға келіп тоқ­­та­ды. Бір-бірімен тізбектелген көлік­тер Көк Туымызбен безен­діріліп, азаттықтың әр күні өзінің әсерлі тағылымымен қымбат екені­нен хабар бергендей. Шеруге қатысу­шылар алаңға жиналған қауыммен тілдесіп, сұхбаттасты. Ата Заң мере­кесінің аясында ұйымдас­тырыл­ған шараның мәні мен маңызы түсіндірілді.

Абылай ханның ақ ордасы қонған киелі Бурабай ауданының орта­лығы – Щучье қаласында онға тарта Көк Тумен безендірілген автошеру бір­неше көшені аралап өтіп, орталық алаңға келіп тоқтады. Бұл жерде жүзден астам адам қатысқан митинг өтті. Жергілікті өнерпаздар­дың ән шашуымен бастау алған шарада Бурабай ауданы әкімінің орынбасары Мәлике Нұрпанова сөз сөйлеп, барша қауымды алдағы Конс­титуция күнімен құттықтады.
«Ел бірлігі» қоғамдық бірлес­тігінің төрағасы Бақыт Смағұл патриоттық рәуіште сөзін жалғап, кешегі ғұн мен сақ бабаларымыздан жалғасқан тарих жолына шолу жасады. Ал аталған бірлестік төрағасының орынбасары Есболат Дүйсенбаев шараға жиналған жалынды жастарды бір желпіндіріп, елдіктің асқақ ұғымын тебірене жеткізді.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан» 

Ақмола облысы