20 Ақпан, 2010

ҚЫЗЫЛЖАРДЫҢ ҚАСИЕТТІ ҚАРАШАҢЫРАҒЫ

1324 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
Қызылжарлықтар әлі күнге қазақ тіліндегі жалғыз облыстық басылым болып табылатын газет ре­дакциясын қасиетті қараша­ңы­рақ­қа балап, қадір тұтады. Өйткені, “Кедей сөзі”, “Бостандық туы”, “Кеңес ауылы”, “Ленин туы” атау­ларымен шыққан газетімізде әр жыл­дары ұлы ақын Мағжан Жұма­баев, көрнекті қоғам қайраткерлері, жалынды көсемсөзшілер Смағұл Сәдуақасов, Қошке Кемеңгеров, атақты ақын-жазушылар Сәбит Мұқанов, Әлжаппар Әбішев, Әбділда Тәжібаев, Жақан Сызды­қов, Жұмағали Саин, Дихан Әбілев, Сейітжан Омаров, Сафуан Шай­мер­денов және басқа белгілі тұлғалар қызмет еткені мәлім. “Кедей сөзі” газетінде жария­ланған “Автономия кімдікі?” атты мақаласында Мағжан Жұмабаев: “Айлы, күнді, қанды отты тарихы бар, кең, бай, терең тілі, әдебиеті бар, басқаларға үйлеспейтін төресі, шаруасы бар – қазақтікі... Жүз жылдар орыс ақсүйектері мен бай­ларының тепкісінде елдігін ұмыт­паған Алаштікі. Аязды күні айнал­ған, бұлтты күні толғанған, құры­ғын найзадай қадаған, қу толағай жастанған, ер қазақтың автономия­сы бұл!” деп шаттана жазып, ата-бабаларымыз аңсаған азаттық жай­лы асыл арманын бүкпесіз біл­дір­ген екен. Мағжанның ізін басқан кейінгі буын қаламгерлер де сөз жүзінде халықтар теңдігін паш ет­кен Кеңес өкіметі тұсында әр­дайым ұлттық құндылықтары­мыз­ды, ана тіліміз бен ата салт-дәс­түр­лерімізді қастерлеуге хал-қадер­лерінше көңіл бөліп, қалың оқыр­ман қауымның көкейіндегі ой-пікірді дөп басып, көтере білген. Алайда, іс жүзінде ұлтсыздандыру саясатын жүргізген коммунистік билік ұлы Мағжанның өшпес рухы сезілген, қазақшыл басылымның айтқан сөздерін құлағына да қыстырмай, Қызылжар өңіріндегі қазақ мектептерін жаппай жапқы­зып, бір кезде Есілдей есіле аққан ана тіліміздің арнасын барынша та­рылтып, құрдымға жібере жаздаға­ны мәлім. Осылайша оқырман­дарының қатары селдіреген газет редакциясы Тың өлкесі құрылған тұста, 1963 жылы мүлдем жабылып тынып, талай журналистерінің жұмыссыз қалғандығы да тарихтан белгілі. Араға үш жыл салып, 1966 жылы қайтадан ашылған газеттің жан-жақтан жиналған шығарма­шы­лық ұжымы компартияның екіжүзді идеологиясының шеңбе­рінде, қатаң цензураның астында жұмыс істеуге мәжбүр болса да, қарашаңырақтың отын қайта маздатып, ұлттық құн­ды­лықтары­мызды ұлықтай наси­хаттау ісін одан әрі жалғастырды. Газеттің осы бағыты, әсіресе, елі­мізге демократия мен жариялы­лық лебі жеткен өткен ғасырдың сексенінші-тоқсаныншы жылдары айқындала түсті. Өңірдегі жалғыз қазақ басылымының журналистері “Туған тілдің туын жықпайық” де­ген айдар ашып, ана тілін ардақтау, ата салт-дәстүрлерін жаңғырту мәселелерін мүмкіндігінше өткір көтерді. Мәңгүрттік дертіне жаппай шалдыға бастаған Қызылжар қазақ­тарының ұлттық сана-сезімдерін оятып, намыстарын қамшылауға аянбай күш салып бақты. Сол кез­дегі әріптестеріміз Мәлік Мұқанов, Зейнолла Әкімжанов, Өмір Есқали, Қошан Қали “Қазақ тілі” қоғамы­ның белсенді мүшелері ретінде көзге түсіп, Пе­тро­павл қаласында ал­ғашқы қазақ сыны­бын ашуға тікелей атса­лыс­ты. Олар өзге де тіл жан­ашыр­­ла­ры­мен бірге қала қа­зақ­тарының пә­­тер­лерін ара­лап, ата-аналар­ды мектепке ба­ра­тын бала­ла­рын қазақша оқытуға беру жө­нін­де ауызба-ауыз үгіт жүргізді. Та­лай үйден “Қазақ тілі кім­ге керек? Баламыз орысша біл­месе, бола­шақта нанын таба ал­май қалады”, деген жүрек қаритын суық сөз естіп, маңдайлары тасқа тигендей таулары шағылып шықты. Сөйтіп, 1990 жылы мектепке бара­тын бүл­діршіндері бар 80 шақты ұлты қа­зақ ата-ананың небары 15-інің ғана қолдауын тауып, орыс мек­тебінің жанынан тұңғыш қазақ сыныбын аштыра алған ұлтжанды азаматтардың сол іс-әрекеттері рухани ерлікпен пара-пар емес пе. Осындай тіл тағдырын ел тағ­дыры деп түсінген журналистер, басқа да зиялы қауым өкілдерінің жергілікті биліктің алдына мәселе қойып, табандылықпен талап етуі­нің арқасында 1996 жылы Петро­павлда алғаш қазақ мектебі де ашыл­ды. Кілең қазақтар тұратын ауыл­дардағы орысшаға айналды­рылған мектептер де қайтадан қа­зақ тілінде білім беруге көшірілді. Осы­лайша газет журналистері бітел­ген бұлақтың көзін ашқандай үлкен іс тындырды. Бұл ұлттық мүдде жолында бастарын бәйгеге тіккен алаш арыстарының өсиет­те­ріне адалдықтың бір айғағы болса керек. Еліміз өз егемендігі мен тәуел­сіздігін жариялаған тоқсаныншы жылдардың басында Қызылжар өңірінде саяси жағдай күрделіленіп, жар астынан шыға келген жау пи­ғылды базбіреулердің қос азамат­тық, қос мемлекеттік тіл, орыс авто­номиясын құру мәселелерін көтеріп, елді дүрліктіргені мәлім. Сол сындарлы кезеңде де газет жур­налистері парыз бен парасат биігінен көрініп, жұртшылықты са­бырға шақырып, арандатушы­лар­дың арам ниеттерін әшкерелей той­тарыс беріп отырды. Бұл ретте, әсіресе, екі тілге бірдей жетік, орақ тілді шешен, дарынды көсемсөзші Мәлік Мұқановтың орыстілді оқырман қауымға ой салатын, ұлт араздығын қоздырушы әзәзілдерді оңдырмай әшкерелейтін, кешегі кеңес империясын көксеушілерді тәубеге шақыратын бірнеше кө­лемді мақаласы қызылжарлық­тар­дың айрықша назарын аударды. Осылайша тұрғындар арасында кеңі­нен танымал болған әріптес ағамыз кейін облыстық мәслихат­тың баламалы сайлауына қатысып, даусыз басымдықпен жеңіске жетті. Мәлік Мұқанов Қызылжар өңірінің көкейкесті мәселелерін дер кезінде көтеріп, әділдік пен шындық туын желбіретіп өткен ел ардағы, өз за­манының Мағжан рухты қайраткер азаматы еді. Қызылжар зиялыларының тұ­рақ­ты мінберіне айналған басылым беттерінде ел мен жер тағдыры, тіл мен діл, дін тақырыбындағы жа­рияланымдардың қоғамдық пікірді қалыптастыруға тигізген ықпалы зор болғандығы анық. Мұ­ның оң нәти­желері кейінгі жылдары облысымыздың рухани саласында болып жатқан елеулі өзгерістерден бай­қалады. Әсіресе, жергі­лік­ті тұрғындарының қата­ры селдір саналатын біздің өңірдегі мемлекеттік тілге бетбұрыс көңілге үлкен сенім ұялатады. Мәселен, еліміз тәуелсіздік алғанға дейін облысымыздағы қа­зақ балаларының небары 30 пайызы ғана өз ана тілінде білім алған болса, бұл көрсеткіш үстіміздегі оқу жылында 57 пайызға жетті. Бұрын жалғыз об­лыстық мектеп-интернат­тан басқа, бірде-бір қазақ мектебі болмаған Петро­павл қала­сында бүгінде 6 орта білім мекемесі жас ұрпаққа ана тілімізде тәлім-тәрбие беру үстінде. Тіпті олардың өзі де аздық еткендіктен, облыс әкімі Серік Біләловтің тапсыр­ма­сымен бос орындары бар орыс мектеп­терінің жанынан қазақ сыныптары мен даярлық топтары ашылып жа­тыр. Өңірімізде ұлты басқа 267 бүлдіршін өз қалаулары­мен қазақ мектептерінде білім алып жүр. Міне, осылай тәуелсіздік жыл­да­рын­да Қызылжар өңірінде де ана тілімізге құлшыныстың артуының арқасында “Солтүстік Қазақстан” га­зетінің таралымы да екі еседен астам өсіп, бүгінде 10 мың данадан асты. Облыс басшылығы редакция қызметкерлерінің шығармашы­лық­пен жұмыс істеуіне қолайлы жағдай туғызу мәселесін үнемі назарда ұс­тауда. Газетімізге жергілікті бюд­жет­тен берілетін мемлекеттік тап­сы­рыс көлемі жылдан-жылға ұлғай­тылып, қазіргі дүниежүзілік дағда­рыс кезінде де басылымымыз қар­жыдан мұқтаж­дық көріп отырған жоқ. Журна­листердің еңбекақысы өсіріліп, техникалық құралдармен жабдық­талуы жақсартылып келеді. Биыл­дан бастап басылымның әр нөмірі түрлі-түсті етіліп, көркем­деліп шығарылу үстінде. “Өзі бір күндік, сөзі мың күн­дік” саналатын газетті шығарушы қа­ламгерлер еңбегі қашан да құр­метке лайық. “Солтүстік Қазақ­тан­ның” журналистері де атақ-ма­рапаттан кенде емес. Болат Қожах­метов, Амандық Жантемі­ров, Зарап Құсайынов сынды қаламгерлеріміз “Мәдениет қайраткері” құрметті атағына ие. Ал редакцияның кейінгі жылдары қордаланып қал­ған көкейкесті мәселелерін табан­дылықпен шешіп, ұжым қатарын дарынды жастармен толықтырып, басы­лымды шығармашылық жаңа биікке көтере білген бұрынғы бас редактор Жарасбай Сүлейменов Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы атанып, Парла­мент Мәжілісінің депутаты болып сайланды. Түйіндей айтсақ, тоқсанға кел­ген шежіре газетіміздің өткені – өнегелі, бүгіні – берекелі, болашағы нұрлы үмітке толы. Кәрібай МҰСЫРМАН, “Солтүстік Қазақстан” облыстық газетінің бас редакторы, Қазақстанның құрметті журналисі