Аймақтар • 01 Қыркүйек, 2018

Шығыс Қазақстанда 21 мыңнан астам оқушы 1 сыныпқа барды

71 реткөрсетілді

1 қыркүйек - Білім күнінде елімізде 3 миллионнан астам оқушы білім ордаларына барса, соның 350 мыңы алғаш рет мектеп табалдырығын аттап отыр. Шығыс Қазақстанда 657 мектеп есіктерін айқара ашып, 183 мың оқушы алғашқы қоңырауға қатысса, оның 21 мыңы - 1 сынып оқушылары. Ал облыс орталығы – Өскемен қаласында биыл 35 мыңнан астам оқушы партаға отырса, соның 2500-і 1 сынып оқушылары атанды.

Өскемен қаласының әкімі Жақсылық Омар бүгін шаһардағы бірнеше білім ордасын аралап, ұстаздар қауымы мен оқушыларды мерекемен құттықтады. Соның бірі - Оралхан Бөкей атындағы №44 мектеп-лицей. Білім ордасының директоры Таңатқан Түменбаевтың айтуынша, бүгінде оқу ошағында 900-ден астам оқушы білім алады. «Былтыр мектебімізді 871 оқушы аяқтады. Соның 73 пайызы, яғни 641-і мектепті үздік бітірді. 15 оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Биыл 100 оқушы 1 сыныпқа қабылданды. Олардың қадамдарына ақ жол, ұстаздардың еңбегіне жеміс тілейміз», - дейді мектеп директоры.

Өскеменнің әкімі Ж.Омар шаһардағы №8, 15 мектептен кейін жоғарыда аталған №44 мектеп-лицейде болып, ұстаздар мен ата-аналарды Білім күнімен құттықтап, жоғары сынып оқушыларымен пікір алмасты. «Өзім 1997 жылы мектеп бітірдім. Ол кезде елдің жағдайы нашар еді. Таңертең мектепке ерте кеп отын жағатынбыз. Қыздар еден жууға көмектесетін. Жақсы мұғалім, жақсы спорт залы, жақсы асхана түгілі жарықтың өзіне зар болатынбыз. Мектепте ешқандай мәдени шара өтпейтін. Сынып суық, қалың киіммен отыратынбыз. Жаз бойы каникулға бармай, мектепті жөндеу жұмыстарына қатысатынбыз. Мен өткенге өкпе айтып отырған жоқпын. Сіздер соны салыстырып қараса деген оймен айтып отырмын. Қиындық та адамды шыңдайды ғой. Қиыншылық болды. Мүмкін қарнымыз аш болған шығар. Киіміміз жыртық болған шығар. Білім алуға толық мүмкіндігіміз болмаған шығар. Бірақ оның да өзіндік жақсылығы болды деп ойлаймын. Бүгін міне Елбасымыздың салиқалы саясатының, мемлекет қамқорлығының  арқасында сіздерге білім алуға барлық жағдай жасалған. Үкімет мектептерге миллиондаған қаржы жұмсаса, мұғалімдер сіздерді оқыту үшін миллиардттаған нерв талшықтарын жұмсайды. Сол ұстаздарыңыздың еңбегін ақтаңыздар», - деді қала әкімі.

Реті келгенде айта кетейік, соңғы 3 жылда облыстың 17 мың мұғалімі курстық даярлықтан өтіпті. Биыл өңір мектептерінің оқушыларына 1,5 миллион дана жаңа оқулықтар сатып алыныпты.

Ерекше атап өтерлігі, жаңа оқу жылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясындағы «Менің мектебім» бағдарламасы арқылы Шығыс Қазақстандағы 277 толық комплектілі мектепте физика, химия, биология және робот техника кабинеттері мен ІТ-сыныптар ашылды.

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

ӨСКЕМЕН

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ереймендегі ел мұрасы екшелді

Руханият • Бүгін, 12:20

Қарттарға кітап сыйлады

Қоғам • Бүгін, 12:14

Фронт-офис ашық алаңға айналады

Аймақтар • Бүгін, 12:13

Ұқсас жаңалықтар