Тарих • 03 Қыркүйек, 2018

Тауқыметпен тартыс

304 реткөрсетілді

Тоқсаныншы жылдардың басы, тапшылық халыққа қамытын кигізе бастаған. Кеңес милициясына өмірін арнаған Шаяхмет Құсайынұлының өмірлік жары Күлпара 37 жасында қатерлі ісік ауруына душар болды. Дәрігерлер диагнозды кеш қойыпты: ісіктің асқынған түрі. Сырқат әйел мен шиеттей төрт баланың тағд­ыры қыл үстіне ілінген сәт. Үлкені Наз­гүл он жетіде еді. Мүгедек ананың қинал­ғанын көрген балалар да шы­рылдайды. Тұрмыс тауқыметі арқаға аяздай батқан тұңғышы көп ұза­май тұрмысқа шықты. Үш баланы құшақтап Шаяхмет жалғыз қалды.

«Жалғыз еркектің қолынан не ке­леді дейсің? Аурудың түрі жаман, әйелін сақтай алмас, балаларын же­тім­дер үйіне өткізетін шығар», «Шаях­­меттің өзі де жетім өсті емес пе? Әке-шеше, туған-туыстан ешкімі жоқ, балаларын жалғыз қалай бағады? От­басын тастап кететін шығар» деген сөздер құлағына жетіп жатты. «Жоқ, – деді іштей. – Қалайда Күлпараны аман алып қаламын». Ол енді қатерлі ісікті емдеудің бар амалын іздестірді. Дәрігерлер кеңесімен келіншегіне бірнеше операция жасалды. 1991 жыл келгенде дүкеннен азық-түлікпен қатар дәрі-дәрмек те көзден бұл-бұл ұшып, өндіріс орындары жабыла бас­тады. Қысылтаяңда қажет дәрілерді іздеп тапса да, емнің қонуы қиындады.

«КСРО Ішкі істер министрлігінің үздігі» төсбелгісімен зейнетке шыққан экс-милиционер бозбала шағында бастаған жазу өнерін тастамаған. Енді мақала жазуды тіптен жиілетті. Тәуліктің бір бөлігін ауруханада өткізсе, бір бөлі­гін жазуға арнайды. Әйелінің ем-домы­мен қоса балаларды асырау кімге оңай дейсіз? Кенжесі Аяна екі жаста. Күл­параға операция жасалмас бұрын дәрі­гердің айтуымен Аяна омыраудан шы­ғарылды. Балдырғандарға мезгілінде тамақ беру, үй шаруасын реттеу, балалардың сабағын қадағалау, бәрі мойнына түсті. Тіпті науқас әйелін көтеріп жатқызу, жуындыру да өз мойнында. Көмек берер ешкім жоқ.

Дәстүрлі медицинадан көмек болмаған соң қатерлі ісікті емдеудің ха­лықтық тәсілдерін іздестіруге көшті. «Бір тауда көк қарғалар ұя сал­ған жартас бар. Көк қарғаның етін берсең ем болар» деді бір танысы. Шаяхмет жүздеген шақырым жердегі әлгі тауға барды. Ұясына қол салғанда білегінен бастап, саусағының ұшына дейін жырым-жырым етіп тырнап тастады. Қолы ауырғанына қарамай, құстың бірнешеуін ұстап, үйіне әкелді. Әйеліне етін пісіріп берді. Бірақ ауру жазылмады. Тағы бір танысы: «Тұздыкөл деген жерде қызыл бақа бар. Соны күнге кептіріп, жегізсең, шипасы тиер». Сырқат меңдеген жарын қалайда аман алып қалу жолында бұдан да аянбады. Айтқан емін жасады. Алайда өзгеріс байқалмады. «Қара уылдырық мың да бір ем» деп кеңес берді бір досы. Бірақ Күлпараның беті бері қараған жоқ, хәлі мүшкіл, талайдан нәр татпаған.

Шаяхмет «Тәбеті қашқан адамға улы жыланның сорпасын беру керек» деген қарт адамның кеңесіне құлақ түреді. Жыланның сорпасын алып, ауруханаға барған Шаяхмет оны науқасқа ішкізудің амалын ойластырады. Әбден әлсіреген Күлпара жылан сорпасын іше қоймасы анық. Өзі де қалжыраған Шаяхмет әйелінің көзінше көк жасыл түсті сорпадан құйып алып, жұтып жібереді. Сол сәтте бойын ыстық жалын кернегендей бүкіл бойы дуылдап, суық тер бұрқ етеді. «Күлпара, міне, жыланның сорпасын іштім. Тамаққа тәбетім артты. Мүмкін татып көрерсің?» Аурудан қиналған жары «келістім» дегендей ишарат білдірді. Жыланның сорпасы дәтке қуат боп, Күлпара содан кейін үш ай тамақ ішуге жарады. Бірақ аурудың шегі жетіп тұрған соң бұл да өлімнен құтқара алмады. 1991 жылы жазда әйелі қайтпас сапарға аттанады.

Әйелі мен балаларын ойлап, өзін күтуге мұршасы болмаған Шаяхметтің жүйкесі сыр берді. Дамыл таппай, дұрыс ұйқы көрмеген азамат кенеттен сал ауруына шалдығады. Сонда да мойымай жігерлене түсті. Бірде ауруханада төсек тартып жатқан оған аға дәрігер мәскеулік практикантты ертіп келіп: «Бұл азаматтың көзінде от бар. Оның көзіндегі жігер әлі ұзақ өмір сүретінін көрсетеді. Аяқтан тұрып кетуіне жәрдемдес» деп тапсырады. Шынында жүрегіндегі үміт сәулесі дәрігер сөзінен кейін лапылдаған отқа айналып, тұла бо­йына күш құйылғандай болады. Жас дәрігер науқастың қасынан шықпай, қажетті ем-домды жасайды. «Әдетте сал болған адамның жазылуы қиын. Бірақ бар ойым балаларым үшін орнымнан тұрып, тіршілікке араласу еді. Болашаққа деген сенім мені аурудан айықтырды» дейді ол.

Өзі де ауру азабын өткерген Шаяхмет ес жинайын деп үйде жатпады. Балаларды жетімсіретпеу үшін бірден жұмысқа кірісті. Алдымен Жазушылар одағының шаруашылық бөліміне жұмысқа тұрды. Көп ұзамай Жазушылардың шығармашылық үйінің директоры болды. Көлік тапшы кезең болса да Алматыдағы қызметіне шалғай Есіктен уақтылы келіп жүрді. Кешке жұмысынан келіп, балалардың тамағын береді, сабақтарын тексереді. Анасын жоқтатпайын деп тағам пісіруден де жалықпайды. Кәнігі аспаз сияқты дәмді әзірлейді. Енді ше, 17 жасында Қиыр Шығыста әскерде аспаз болды емес пе? Балаларын ұйқыға жатқызған соң өзі жастыққа бас қояды. Ел қатарлы ұйықтап, демалуды әлдеқашан ұмытқан ол түнгі он екіге дейін ғана көз шырымын алады. Содан таңғы алтыға дейін жазу үстелінде оты­ра­ды. Сырқат әйелінің балаларын аманат­тағанын суреттеген «Саған аманат» шығармасы да осы кезде дүниеге келді. Балаларға арналған әңгіме, өлең, очерк, повестермен қатар бозбала шағынан қалам сермеген детектив жанрындағы шығармаларды да жазды. «Із кесу», «Қылмысты құтылмайды», «Ерек­ше тапсырма» атты детектив жанрын­­­­­­дағы кітаптарының жалғасы ре­тінде құқық қорғау тақырыбын қаузады.

Алматыдағы қызметі орнықты болғанымен жалақы мардымсыз еді, күнделікті шай-пұлдан артылмайды. Жеткіншектерге киім-кешек, мектеп құралдары керек. Бозторғайдың көз жасындай болмашы жалақының жетпесі анық. Одақ ыдыраған кезде басқа тауарлар сияқты ауруханалар мен емханаларда дәке тапшы еді. Ташкенттің Шыршық қаласында дәке өндірісі әлі де қарқынды екенін естіген Шаяхмет сауданы қолға алады. Жұма күні жұмыстан шыққан соң пойызбен Өзбекстанға жол тартады. Жексенбіде дәу қап дәкемен Алматыға оралады. Облыстағы аурухана атаулы дәкені тапсырыспен алдырады. Әрине тауар тасу оңай болған жоқ. Түрлі кедергілер кездесіп, қарақшылардың шабуылына ұшырағаны да бар.

«Балаларым үшін қажыр-қуатым­ды аямадым. Ташкентте қарақшылар шабуыл жасағанда өзімді қорғауға тура келді. Әскердегі «самбо инструкторы», «бокстан екінші разряд иегері» деген тәрізді біліктілігім көмектесті. Қазақша күрестен де құралақан емес едім. Балалардың дұрыс тамақтанып, жақсы киінуін қадағалаймын. Әсіресе оқушы қыздарымды мектепте «киі­мің жоқ» деп ешкім түртпектемеуін ойлап, сапалы киімнен таңдап сатып аламын. Бір күні Шынар деген қызыма мұғалімі: «Сені анаң жоқ деп кім айтады? Түске дейін бір көйлек, түстен кейін бір көйлек киесің» депті. Балаларымның толық отбасының баласы сияқты болғанына мұғалім де таңданса керек» дейді жанашыр әке.

Кейіпкерімізге «Анасының орнын жоқтатпаймын» деп қанша тырыссаңыз да қыздарға әйел тәрбиесі керек қой» дегенімде, «Киімдерінің сөгілген жері болса тігіп, түймесі түссе қадап, үтіктеп беретінмін. Үш қызым да үй шаруасын тиянақты орындауды, ас пісіруді менен үйренді. Кейін келін атанғанда да ұқыпты екендіктерін көрсетті. Бүгінде құда-құдағиларым тәрбиелі қыз өсіргеніме риза» деп жауап берді.

Қызы Шынар Есік қаласындағы Р.Тоқатаев атындағы мектепте 4 сыныпта оқитын. Бірде жұмыстан келгенде қызының жылап отырғанын көреді. Наурыз мейрамы қарсаңында мұғалім көже жасап әкеліңдер деп, оқушыларға тапсырма беріпті. «Ең дәмді наурыз көже» байқауына Шы­нардың сыныбы қатысатын көрінеді. Алайда мұғалім анасының жоқтығын ескеріп Шынарды көже жасаудан босатыпты. «Сенің анаң жоқ, көжені жасамай-ақ қой» депті. «Қызым, жылама! Наурыз көжені мен жасаймын» деген әкесі түні бойы наурыз көже пі­сіреді. Жұрт жеті түрлі дәм қосса, ол тоғыз түрлі дәм салып бабына келті­реді. Ертесіне қызы мектептен қуанып қайтты. Әке дайындаған көже бас бәйгені алыпты.

Шаяхмет балалары дастарқан басына жиналғанда үнемі: «Мен барда жетімдік көрмейсіңдер. Анам жоқ деп налымаңдар. Тәрбиелі, білімді болып өссеңдер мен үшін қуаныш сол» дейді. Әкелік міндеті – ұрпағын материалдық жағынан қамтумен ғана емес, қоғамда өз орнын табатындай тәрбиелеріне барынша көңіл бөлді. Алайда балаларының алды үйленіп, кейінгілері қалаған мамандығын игеріп бөлек кеткен шақта жалғыздықты сезіне бастайды. Балаларының құдалығы мен үйлену тойын қазақы рәсіммен атқарып, жеке отау тіккізген соң үйде жападан жалғыз қалып, көңілі құлазиды.

«Балаларым ержете бастағанда-ақ «Әке, сізге келіншек алып берейік» деп айтып жүретін. Мен қарсы болатынмын. «Жоқ, сендер өмірден өз орындарыңды тапсаңдар мен үшін бақ сол» деуші едім. 1990 жылдан 2003 жылға дейінгі он үш жылды балаларыма арнаппын. Бәрінен жалғыздық қиын екен. Тамағымнан ас өтпеді. Түнде елегіземін. Жалғыз қалуға болмайды» деп шештім».

Жиырма алты кітаптың авторы, жазушы Шаяхмет Құсайынұлы «Жолбарыс жүрек» атты кітабы шыққан жылы Нұрғайша есімді ке­лін­шекті кездестіреді. Қаратау тау-кен университетінің ұжымы жа­зу­шымен шығармашылық кездесу ұйымдастырады. Шаяхмет Нұр­ғай­шамен осы әдеби кеште танысады. Нұрғайша да өмірдің қиын өткелдерінен өткен жан, қосағы ішімдікке салынып, қос ұлын жалғыз өзі бағып жатқан кезеңде тағдыр Шаяхметтей азаматты жанына серік етті. Ол Нұрғайшаның екі ұлын да бөтенсітпей, бауырына басады. Есікке көшіріп әкеліп, балаларымен таныс­тырып, «Бір-біріңе бауыр, қамқор болыңдар. Бәрің менің баламсыңдар», дейді. Шаяхмет енді Нұрғайшаның екі ұлының білім алып, өмірден орнын табуына атсалысады. Ұлдар өмірден өз орнын тапты-ау деген кезде Шаяхмет қос ұлды шақырып алып: «Сендерді қанатымның астына алып, бағып-қағуды мойныма жүктеген едім. Сол міндетті орындадым. Енді өз әкелеріңді тауып, араласамын десеңдер қарсы емеспін», дегенінде, Данияр есімді ұлы: «Біздің жалғыз әкеміз бар. Ол – сіз» дейді.

Осылайша үш қыз, бір ұлымен қоса екінші жарының қос ұлын тәр­биелеп өсірген Шаяхмет әке бү­гінде 16 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Баспасөздегі әріптестері оның қа­шан­да өткір тақырыптарды қоз­ғай­тын қарымды қаламгер екенін білсе де, қайтпас қажыр иесі, қайсар әке екенін біле бермеуі мүмкін. Ха­лық­аралық Жазушылар одағының, Қазақ­стан Жазушылар одағының және Жур­налистер одағының мү­шесі, Ең­бекшіқазақ ауданының құр­метті азаматы, ақын Шаяхмет Құ­сай­ынұлының өмір жолына қарап отырып, біз нағыз ұлағатты әкенің бол­мысын көреміз.

Шарафат ЖЫЛҚЫБАЕВА,

журналист

 

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Қарсыласы қарымды

Кәсіпқой бокс • Кеше

Тандыр наннан шеге шықты

Аймақтар • Кеше

«Jastar kerýeni» жолға шығады

Аймақтар • Кеше

Майдан тудырған сөз

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар