Әлем • 03 Қыркүйек, 2018

Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын қырғыз еліне табыстады

293 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын қырғыз еліне табыстады

«Бүгін Қазақстан Түркі кеңесінің төрағалығын аяқтап, бұл міндетті қырғыз еліне табыстады. Қазақстанның төрағалығы кезінде Түркі мемлекеттерінің интеграциясы өз жалғасын тапты. Атап айтқанда, Астанада өткен саммитте түркітілдес мемлекеттер интеграциясының тұжырымдамасын әзірлеу жұмыстары берілген болатын. Бүгін сол құжат қабылдауға дайын. Мұнда интеграцияның мақсаттары мен қағидаттары, даму кезеңдері мен іске асыру жолдары айқындалды. Сондай-ақ бәсекеге қабілетті ұлттық экономика құруға, мәдени-гуманитарлық байланыстардың тереңдетуге ықылас таныттық. Бүгін ақпараттық технологиялар, энергетика, көлік-транзит, қаржы салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге ерекше назар аударылды. Қазақстанның төрағалығы аясында ғылыми-ағартушылық жұмыстарға да айрықша көңіл бөлінді».

«Мәселен, біздің тапсырмаларымызға сәйкес, ортақ түркі тарихы оқулығы әзірленіп, елдеріміздің мектеп бағдарламасына енгізіле бастағаны қуанышты жаңалық деп санау керек. Бұл жастарды ортақ тарихымыз негізінде тәрбиелейтін тиімді тетігі болады деп сенемін. Сонымен қатар Түркі академясы тарихымызды танытып, сананы жаңғыртуға бағытталған 90-нан астам кітап шығарды. Төрт мың жылдық мәдени мұрамызды жинақтап, оны жариялауға арналған аталар мұрасы порталы іске қосылды», деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастығы кеңесі 2009 жылы Қазақстан Республикасы Президентінің бастамасымен Нахчыван қаласында (Әзербайжан) құрылды. Қазіргі уақытта Кеңестің құрамына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Түркия кіреді. Түркі кеңесінің Бас хатшылығы Ыстанбұл қаласында (Түркия) орналасқан. 

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

"Егемен Қазақстан"