Аймақтар • 03 Қыркүйек, 2018

Алматы көшелеріне «Сергек» бақылау камералары орнатыла бастады

83 реткөрсетілді

Еліміздегі ең үлкен мегаполис, миллиондаған тұрғыны бар алып Алматының тынымсыз тіршілігі таң қылаң бере басталады. Кейбір мәліметтерге сүйенсек таңғы сағат сегіз жарымнан он жарымға дейін айналасы екі сағаттың ішінде  қалаға 200 мыңнан астам автокөлік кіреді. 550 мың  көлік ресми түрде тіркелген шаһарға, тәулігіне өзге өңірлерден келіп-кететін автокөліктер саны 250 мың.  Мұндай  жағдайда жүргізушілер мәдениеті мен тәртібін қалтқысыз қадағалау  оңай шаруа емес.

Теп-тегіс көшелерінен кептеліс үзілмейтін алматының кәнігі тіршілігіне көз үйренгелі қашан. Ары-бері ағылған тұрғыны мен көлік нөпірі бір сәт толастамайтын алып қала күн сайын толағайдай толысып, аумағы артып келе жатыр. Бір ғана 2017 жылы  қала көшелеріне қойылған 115 мың бейнекамераның көмегімен 1218 қылмыстың беті ашылып, олардың көмегімен 21 564 әкімшілік құқықбұзушылық айқындалған.

Бұдан былай көлік жүргізушілеріне бұрынғыдан да мұқият болуға тура келеді. Неге десеңіз, «Сергек» деп аталатын ақылды камералар Алматы көшелеріне де қойыла бастады. Тас жолдағы тәртіпті тапжылмай бақылайтын бейнекамераның бұл түрі әзірге тек Абай даңғылы мен Сейфуллин көшесінің қиылысына қойылған. Ал жақын күндері қаладағы Шевшенко мен Панфилов көшелеріне де орнатылмақ. Мамандардың сөзінше, әзірге «Сергек» бейнекамералары тестілік жүйеде жұмыс істеп тұр. Ақылды камера жол ережесін бұзғандарды анықтағанымен, айыппұл жазылмайды.

– Бүгінгі күні қалада бір аппараттық жүйе қойылды. Ол қаладағы Абай даңғылына орналасқан. Камераны орнатар алдында көп жұмыс атқарылды. Полиция көлік ең көп жүретін жерлерді таңдап, автобус пен велосипедтің арнайы жолдары бар көшелерге 20 шақты аппараттық жүйе орналастырады. Әрине, бірден айыппұл жазылмайды. 2018 жылдың соңына дейін қанатқақты жоба ретінде жұмыс істейді. Тек көлік жылдамдықты асырған жағдайда айыппұл салады. Сондай-ақ, қызыл бағдаршамға өткенде және автобус пен велосипедтің арнайы жолдарына шыққанда, айыппұл салынады, – дейді жобаны жүзеге асырушы компанияның жетекшісі Әсет Ахметов.

Аталған қондырғының басты ерекшелігі сол – тек суретке түсіріп қана қоймай бейнежазбаға да жазып алады.  Картинаны 25 есеге дейін үлкейтіп көрсету мүмкіндігіне ие ақылды құрал жылдамдықты асыру сынды жол  ережесін бұзу әрекетін  30-80 метр қашықтықтан-ақ қадағалауға қауқарлы. Жолдың бірнеше жолағын қатар қамтып, бір мезетте бірнеше жол тәртібін бұзу жағдайын таспаға  түсіретін ақылды камера бір автокөлік тәулік ішінде бірнеше мәрте ереже бұзған болса, оны жол полициясы қызметінің кезекші бөліміндегі маманның планшетіне түсіріп, көліктің қайда бағыт алғанынан бастап толыққанды ақпарат жеткізеді. Қондырғының бұдан басқа да мүмкіндіктері мол. Елімізде бұған дейін тек Елорда көшелерінде орнатылған «Сергек» бақылау камералары енді Алматылық жүргізушілердің де маңдайынан сипай қоймас. Қалай айтқанда да, бұл камералар жол көлік оқиғаларын азайтып, жүргізушілерді тәртіпке шақыруда таптырмас құрал дейді мамандар.    

Сергек бол жүргізуші,  Алматы көшелерінде «Сергек».

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар