03 Қыркүйек, 2018

Жұмағазы қазірет – Дәдем ата кесенесіне дейін жол салынады

1345 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының әкімі Алтай Көлгінов бүгін Қазақстанның Жалпыұлттық қасиетті нысандары тізіміне кірген әулие Жұмағазы қазірет – Дәдем ата кесенесіне барып, көпшілік тілегі – жол мәселесінің таяуда шешілетінін мәлімдеді.

Жұмағазы қазірет – Дәдем ата кесенесіне дейін жол салынады

Орал қаласынан 80 шақырым жерде, Орал-Ақтөбе күре жолынан 3 км қашықта жатқан киелі мекеннің тұсынан өткен көліктер жылдамдығын азайтып, кейбірі тоқтап, әулие аруағына дұға арнау көп жылдан бері бұлжымас дәстүрге айналған. Жалпыұлттық киелі нысандар тізіміне Ақ Жайық өңірінен алдымен енген нысанның бірі де осы зиярат орны еді. Өңір басшысы киелі мекенге арнайы соғып, жай-күйімен танысты. 

Айта кету керек, бұл жерде халықтың, демеушілердің өз күшімен-ақ электр, газ желісі тартылып, мешіт пен қонақ үй салынып, келушілерге барынша жағдай жасалып жатыр. Бірақ күре жолдан зияратқа дейінгі 3 шақырымдық қара жол ғана күн райының қолайсыз кезеңінде ми батпақ болып, жолаушының жолын бөгейтін.

Алтай Көлгінов сапар барысында тиісті мамандарға киелі мекенді күре жолмен жалғайтын көлік жолының жобалық сметалық құжаттарын әзірлеуді тапсырды. Өңір басшысының айтуынша, бұл жол 2019 жылы салынады.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша қасиетті нысандар тізіміне енген барлық киелі мекендерге жол салынады» деп хабарлады бізге Батыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметі.

 

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ

«Егемен Қазақстан»

Батыс Қазақстан