Қазақстан • 04 Қыркүйек, 2018

Марқакөлде 5 жылда 5 мектеп жабылды

7614 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Шекара маңындағы тұрғындар Үкіметтің №1256 қаулысына өзгеріс енгізуді сұрайды

Марқакөлде 5 жылда 5 мектеп жабылды

Соң­ғы бес жыл көлемінде бүгінде Күр­шім ауданына қарайтын Мар­қакөл өңірінің Бұғымүйіз, Балық­тыбұлақ, Алтай, Теріскей Бөкенбай, Күнгей Бөкенбай ауыл­дарындағы 5 мектеп жабылып­ты. Ал биыл жалпы Күр­шім ауданында 13 мектепке қыс­қару қаупі төніп, соның үшеуі әзер дегенде өз мәртебелерін сақ­тап қалыпты. «Жаз бойы жұмыс істедік. Ата-аналармен, ауыл тұрғындарымен кездестік. Түсін­дірдік. Қайнарлы, Ақши, Қыс­тау­күршім ауылдарындағы үш мек­теп бала санын толтырды. Қалаға кеткен, басқа мектеп­терге берген балаларын қайта әкелді. Ал қалған 10 мектеп биыл мәр­тебесін өзгертуі мүмкін. Егер тез арада бала санын толтырма­са, 7 мектеп орта мектептен негі­з­гіге, үш мектеп негізгі орта мек­теп­тен бастауыш мектепке кө­шуге жақын тұр», дейді Күршім аудандық білім бөлімінің басшысы Бауыржан Елеубаев.

Жоғарыда аталған 11 жыл­дықтан 9 жылдыққа ауысуы мүм­кін 7 білім ордасының 5-уі Күр­шім ауданына (Ақсуат, Үшбұлақ, Қайыңды, Қойтас, Мөнекей) қарасты болса, қалған екеуі Марқакөл (Ақбұлақ пен Қарой) өңірінен. Ал негізгі орта мектептен бастауыш мектепке көшкелі тұрған үш мектептің екеуі Марқакөл өңірінен (Шанағаты мен Жиделі), үшіншісі Күршім ау­данынан (Топ­­терек).

Сонда қараңыздар, биыл қыс­қаратын 10 мектептің 4-уі – Мар­қакөлде. Бұған жоғарыдағы жа­былған 5 мектепті қосыңыз.

Өкініштісі сол, шалғайдағы, елдің шетіндегі, желдің өтіндегі, шекара шебіндегі Мар­қакөл өңі­рінің тұрғындары жыл сайын ел қатарлы 1 қыр­күйек жақын­да­ғанда естері шығып, бауыр еті ба­лаларын мек­тепке дайындау­мен ғана шұғыл­данбайды, кері­сінше бастарын тасқа да, тауға да соғып, мек­тепке бала із­деумен, бала толты­румен әлекке түседі. Жылдағы уайым осы.

Марқакөл өңірінің Қарой және Шанағаты ауылдарының тұр­ғындары ауыл халқын жұмыспен қамтып, елді мекеннің жойылып кетпей сақталуына бірден-бір себепші болып отырған мек­тептерінің жабылудың аз-ақ алдында тұрғанына қатты алаң­даулы. Жайнаған жазы келте, қытымыр қысы алты айға созылатын шалғайдағы ауыл тұрғындарының жанына аяздай батып отырғаны – аудан орта­лығы Күршімнің білім бөлі­мінен келген арнайы комис­сия­ның жеткізген жайсыз хабары. «Тезірек бала санын толтыр­ма­саңыздар, Қаройдағы 11 жыл­дық мектепті 9, ал Шанаға­ты­дағы 9 жылдық мектепті бастауыш мектепке айналдырамыз. Үкіметтің №1256 қаулысы бар. Үкіметтің қаулысына қарсы шыға алмаймыз» депті комиссия мүшелері.

Мектептер мәртебесін қайта қараса...

Ауыл халқын үрейлендірген қаулыға көз жүгірттік. Қазақстан Республикасы Үкі­­­ме­тінің 2007 жылғы 21 желтоқсанындағы «Білім беру ұйымдары желісінің кепілден­­дір­­­­ген мемлекеттік нор­мативі туралы» №1256 қаулы­­­сы­ның 2-тармағының 2 және ­3-тар­­­мақ­­ша­ларында: «төменгі және орта мектеп жа­сын­­дағы оқушы­лардың саны 41 және одан көп болғанда, жалпы білім беретін мемлекеттік оқу орнының бастауыш және негізгі сатыла­рының, ал төменгі, орта және жоғары мектеп жасындағы оқушы­лардың саны 81 және одан көп болғанда, жалпы білім беретін мемлекеттік орта оқу орны­ның жұмыс істеуіне кепіл­дік беріледі» деп жазылыпты қаулыда. Демек, негізгі орта мектеп (9 жылдық) болу үшін кем дегенде 41, жалпы білім беретін орта мектеп (11 жылдық) болу үшін 81 оқушы болу қажет екен. Мемлекет бекіткен жалпыға ортақ норматив осылай. Ал оқу­шылар саны бұл көрсеткішке жетпесе ше? Бұл сұрақ әлі басы ашық күйінде тұрған секілді.

Үкіметтің бұл қаулысы туралы неге тәптіш­теп айтып отыр­мыз? Себебі, Қытаймен шек­ара­дағы халқының саны жылдан жылға азайып бара жатқан Марқакөл өңірі тұрғындарының (бұл мәселе Марқакөл ғана емес, еліміздің барлық шекаралық аймақтарына тікелей қатысты деуге болады) ендігі тағдыры осы бір жалғыз құжатқа тіреліп тұр. Егер жақын ара­да қаулыға тиісті өзгерістер енгізілмесе, шек­арадағы мектептер бірінен соң бірі жабылып, шұрайлы өлке, шырайлы өңір иесіз, елсіз қалатыны анық. «Біздің Қаройдағы мектепте қазір 50-ге жетер-жетпес оқушы бар. Қанша жерден ышқынсақ та жуық арада оқушы санын 80-ге жеткізе алмайтынымыз белгілі. Аудандағылар бірдеңе айтсақ, «Үкімет қаулысы, біз ештеңе істей алмаймыз» деп алақандарын жаяды. Құдай-ау, Үкіметте де ел жағдайын түсінетін, біз секілді ет пен сүйектен жаралған адамдар отырған жоқ па? Марқакөлді Өскемен мен Семей немесе қалаға жақын Жарма, Ұлан аудандарымен са­лыстыруға бола ма? Тәңір берген ғажап таби­ғаты болғанымен қысы ұзақ әрі қиын, жері шалғай, жолы нашар, өмір сүруге қолайсыздау өңір екенін жұрттың бәрі біледі. Сондықтан Үкімет қаулыға өзгеріс енгізіп, Марқакөл секіл­­­­ді шекаралық аймақ­тардың мектептеріне арнайы мәртебе беріп, 11 жылдық мектептердегі оқу­шылар саны кем дегенде 81 емес, 60, ал 9 жыл­дық мек­теп­тердегі оқушылар саны 41 емес, 25-30 оқушы болса да болады деп рұқсат берсе жөн болар еді. Әйтпесе бірер жылда шек­араның бойы жалаңаштанып, бос қала ма деп уа­йым­даймыз», дейді Қарой ауылының тұрғыны, 73 жастағы Жұбанқан Қырықбаев ақсақал.

Бұрынғы аудан орталығы – Марқакөл мен Күршім ауылының ортасында орын тепкен Қарой ауылында кезінде 400-ден астам үй болыпты. Қазір мұндағы түтін саны – 40-45 мөлшерінде. Ауылдағы жар дегендегі жалғыз мектеп бұған дейін 11 жылдық болса, биылдан бастап оқушы санының аздығына байланысты білім ордасы 9 жылдыққа ауысады делініп отыр.

Ал Қарой мектебі директо­рының міндетін атқарушы Ай­дын Ілиясовтың айтуынша, қазір ауылдағы мектепте сырттан келуді жоспарлап отырған онға жуық оқушыны қоспағанда 43 оқушы бар. Білім ордасында бүгінде 17 мұғалім жұмыс істей­ді. Шағын орталық пен техника­лық қызметкерлерді қосқанда мектеп ұзын саны 39 адамды жұмыспен қамтып отыр. «Шағын орталықтағы баланың саны 20-ның үстіне шықты. Ертең олар да мектепке бармай ма? Биыл ауылымызға төрт баласы бар екі отбасы көшіп келді. Мектептің 11 жылдық мәртебесі сақталса, бала асырап аламыз деп отырған отбасылар да бар. Қазірдің өзінде 12-13 өтініш тұр», дейді ол.

Алтайдың арғы жағы, бергі жағы...

Марқакөл өз алдына аудан боп тұрған шақта 6 ірі кеңшар болыпты. Соның бірі – бүгінде Ақбұлақ деп аталатын (бұрынғы аты – Горный) ауыл. Қалғұты мен Қаройдың ортасында орын тепкен, бұрын төрт бірдей бөлімшесі жұмыс істеген бұл ауылда кезінде 800 үй түтін түтеткен екен. Қазір мұнда бар болғаны 40-тан астам шаңырақ қалған.

Ақбұлақ пен Қалғұтының арасында Алтай деген (жергілікті жұрт Бақай деп те атайды) ауыл бар. Кеңшар кезінде мұнда 50-60 түтін болыпты. Бір қызығы, кеңес заманында аяқ астынан осы ауылдағы мектепті қысқарту жөнінде шешім шыққан. Үкі­­мет­тің қаулысы шыққаннан кейін ауыл тарап, елдің бәрі жан-жаққа көшіп, қазір мұнда 50 үй­ден бес үй қалыпты. Соңынан Үкі­меттің қаулысы бұл ауылға емес, басқа аудандағы ауылдың біріне шығу керектігі белгілі болыпты. Жергілікті жұрт осылай дейді.

Қолдан құртылған Алтай ауылынан отыз-ақ шақырым, ал Қаройдан небәрі 12 шақы­рым жерде Қайнарлы деген ерекше ауыл бар. Ерекше болатыны, мұнда кеңес зама­нында 60 үй болса, әлі де сол қалпын­да сақта­лып отыр. Ерекше жайт деуге болады. Мұндағы 9 жылдық мектепке биыл қысқару қаупі төнгенімен, ауыл тұрғында­рының береке-бірлігінің арқасында білім орда­сының мәртебесі сақталып қа­лыпты. Марқакөлдіктер егер Қа­ройдағы 11 жылдық мектеп 9 жылдыққа айналса, оның ірге­сіндегі Қайнарлы ауылында да оқушылар саны азайып, жұрт көшіп кете ме деп алаңдайды.

Марқакөл өңіріндегі қысқару, қысқару емес, жабылу қаупі төніп тұрған мектептің бірі – дәл Қытаймен шекарадағы Ша­нағаты мектебі. Бұған дейін 9 жылдық болып келген білім ордасы биыл бала санының азды­ғына байланысты 4 сынып­тық мектепке айналуы әбден мүмкін. «Ауылда тіркеуде тұр­ған 18 бала бар, егер мектепті қал­дырса, тағы 9 бала келіп оқимыз деп отыр. Бірақ Үкімет қаулысында көрсетілгендей 41 оқушыға жеткізе алмаймыз. Осыған мемлекет тарапынан көмек болса дейміз. Жеңілдік қарастырса дейміз. Егер мектеп 4 жылдыққа айналса, ауылда адам қалмай, шекара бос қала ма деп қорқамыз. Халық тығыз орналасқан оңтүстік өңірлердің тұрғындарын мемлекеттік бағ­дар­ламамен өзге облыстарға кө­шіріп, жұмыспен қамтып жатыр ғой. Сол бағдарламамен біз секілді халық саны азайып бара жатқан шекаралық аймақтарға тұрғындарды көшіріп әкелсе жақсы болар еді», дейді мектеп директоры Назархан Шәкенов.

4 сыныптық демесеңіз, бас­тауыш мектеп­тің де шекара ай­мағындағы қалт-құлт еткен халық үшін маңызы ерекше. Марқакөл өңі­ріндегі Балықтыбұлақ ауы­лының тұрғыны, атақты жыл­қышы Совет Сапарғалиев ақса­қал осындағы 9 жылдық мектеп 4 жылдыққа айналып, кейін жа­был­ғанда елді мекендегі 30 отба­сының 10-ы бір айдың ішінде көшіп кеткенін айтады. Сон­дық­тан «Аузы күйген үрлеп іше­ді» дегендей, мектебіміз қыс­­қар­маса екен деп жанталасып жүрген Шанағаты тұрғын­дары­ның жанайқайын түсінуге болатын секілді.

Шанағаты ауылының іргесін­де 2015 жылға дейін шекара заставасы жұмыс істегені белгілі. Бұл заставаның жабылып, шағын бекетке айналғаны да оқушылар санының азаюына ықпал етті. Шанағаты тұрғындары жабылған заставаның қайта ашылғанын қалайды. Бұған себеп те жоқ емес. Біріншіден, мектепте оқушылар саны көбейеді. Екіншіден, әскердің аты әскер. Әскер жүрсе, елдің іргесі де бүтін, халықтың көңілі де алаң болмасы белгілі. «Шекараның арғы бетінде әйгілі Қанас көлі бар. Өзі шап-шағын көл. Марқакөл көлінен бірнеше есе кіші. Жер рельефі, табиғаты – тура біздің табиғат. Кезіндегі қазақтың жері ғой. Екеуінің арасын 40-50 шақырым бөліп тұр. Тұмса табиғаты, саф ауасы бар Қанасқа жылына 4-5 миллион турист келеді. Шанхай, Бейжіңдегі түтінге тұншығып жүрген қытайлар осында тынығып, тынысын ашып кетеді», дейді белгілі журналист, Марқакөл өңірінің тумасы Сайлау Төлеуов.

Мұны айтып отырғанымыз, Марқакөлдің туризм мүмкіндігі ересен. Екінші мәселе, шекара бойындағы халқы жаппай көшіп жатқан тек осы өңір. Таяуда Ел­­ба­сының пәрменімен шекара бо­йындағы Нарынқол аудан мәр­тебесін алды. Бұрынғы Ма­­­қан­шы ауданында халық тығыз отыр. Одан бергі Ақсуат – аудан­ ор­та­лығы. Қазір күннен күнге көр­кейіп келеді. Сонда шек­арадағы жалғыз осал тұсы­мыз – Марқакөл өңірі болып тұрған іспетті.

Түйін

Шанағатының дәл іргесіндегі Қанас көлінде қайнаған тіршілік, қалың халық. Ішкеріден құмырсқаша қаптап келіп жатқан турист. Ал бергі бетте елді, жерді қорғайтын заставалар жабылып, мектептер қысқарып, халық көшіп жатыр...

Жергілікті көнекөз қариялар кеңес заманында шекараның ең осал тұсы осы Шанағаты болғанын, 1974 жылы Қытайда хас жүректілігімен танымал болған Қизат батыр шекарадан бері қарай әбден зерттеп, зерделеп барып, құс ұшпай тұрған шекараның Шанағаты тұсынан өтіп кеткенін айтады.

Қазір Марқакөл өңіріндегі жұрттың жасының да, жасамы­сының да бір ғана тілегі, бір ғана уайымы бар. Мектептер қысқар­маса, ауылдар жабылмаса дейді.

Мектеп қысқарса, ауылдар жабылса не болатыны айтпаса да түсінікті...

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы