Аймақтар • 04 Қыркүйек, 2018

Алматы облысында Жарты бабаға арналған мемориалдық кешен ашылды

1672 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Көне заманнан жеткен аңыздар бойынша, шамамен ХVI ғасырда өмірге келген Албан руынан тарайтын Жарты Сүйерқұлұлы бабаның тарихына қатысты аңыз-деректер аз емес. Ел арасында кеңінен тараған «Жарты аман болса, жалпы аман болады» деген тәмсіл әлі де сыры ашылмаған тарихи деректердің бар екендігіне меңзеп тұрса керек-ті. Өз заманында көріпкел әулие, жұлдызшы, емші-тәуіп болғандығына қазіргі қолда бар ғылыми деректер дәлел болса, бірге туған Қожбанбет би мен әйгілі Шоған абыздың жүріп өткен өмір тарихы да Мұсылманбай – Жарты баба өмір кешкен кезеңнің айғағындай.

Алматы облысында Жарты бабаға арналған мемориалдық кешен ашылды

Бүгінде іргелі елге айналып, қанатын кеңге жайған ұрпақтың ұйымдасуымен Алматы облысы Ұйғыр ауданының Шонжы ауылында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Жарты бабаға арналған мемориалдық кешеннің ашылу салтанаты өтті. Ескерткіштің ашылу салтанатында Ұйғыр ауданының әкімі Шухрат Нурахунов қалың көпшілікке жылы лебізін білдіріп, Алматы облысының әкімі Амандық Баталовтың осы шараға арналған құттықтау сөзін оқыды. «Жер жаннаты Жетісу өңірінде, Қарадала жерінде баба рухына тағзым етер тарихтан сыр шертетін орындардың ашылуы – үлкен қуаныш. Ел арасында Жарты аталып кеткен бабаның әулиелігі, емші-тәуіпшілігі, елін аман алып қалған көрегендігі, тұтас бір елге тиген шапағаты өз заманында бабаны асқақ абыройға кенелткен. Тұтастай елдің амандығын аңсаған бабаның атын ұлықтау, есімін елге танытып, ұрпақ жадында қалдыру – біздің міндетіміз. Мемориалды кешеннің батыр бабалар рухын асқақтатып, болашақ ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеп ой салары сөзсіз» делінген құттықтауда.

«Рухани жаңғыру бағдарламасы» аясында тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіру, ел тарихында өткен азаматтардың есімдерін жаңғырту арқылы ұрпаққа ұлттық тарихымызды таныта алатынымыз кәміл екендігін атап өткен аудан әкімі осы шараға ақжарма тілектерін арқалай келген Сарқан, Көксу, Қаратал, Панфилов, Райымбек, Кеген аудандарының азаматтарына алғысын білдірді.

Құлашын кеңге сермеген мәуелі бәйтерек болып бейнеленген ескерткіштің ашылуында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың құттықтау сөзі оқылды.

Жазушы Нұрлан Оразалин бұл шара Жарты бабаға ғана емес, қазақтың қазақ болып қалуына үлес қосып, Алаштың туын ұстаған мыңдаған бабаларымызға жасалған құрмет, деп атап өтсе, шараның ұйымдастыру комиссиясының төрағасы, Алматы облыстық мәслихатының депутаты Ызғарбек Бектұрсынов «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында тағылымы зор, тәрбиелік мәні мол Жарты баба ұрпақтарының ұйытқы болуымен салынған «Жарты баба» мемориалдық кешені мен «Түп-тұқиян тоғайы» саябағы Мәңгілік Ел болу жолындағы ізгі мұраттардың бірі болып қалатындығына тоқталды. Сондай-ақ, есімі елімізге танымал публицист-жазушы Тельман Жанұзақов, қаламгер Баққожа Мұқай сынды Жарты бабадан тарайтын ұрпақтарды мақтанышпен атап өтті. Олардың қатарында сонымен қатар профессор Телғожа Жанұзақ, жазушы-журналист, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанда» бас редактордың орынбасары, бас редактор, вице-президенті болған Жанболат Аупбаев, жазушы Дәнеш Ахметов, профессор Шерубай Құрманбайұлы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртістері Сұлушаш Нұрмағанбетова, Мұрат Ахманов, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығының иегері, осы мемориал-ескерткіштің авторы Елдос Елмұратұлы, дәстүрлі әншілер Тілеулес Құрманғалиев пен Ардақ Балажанова, ақын-журналист Нұрлан Қалқа, облыстық «Жетісу» газетінің тілшісі Ұлбосын Бөрібайқызы, облыстық «Жетісу» газеті бас редакторының орынбасары Жұматай Оспанұлы мен жеті жасынан алты Алашқа таңдай қақтырған бала Жамбыл есімдеріне ерекше тоқталып өтті.

Шара барысында Қазақстанның Халық әртісі Асанәлі Әшімов, генерал-лейненат Әділ Шаяхметов, т.б. азаматтар ізгі лебіздерімен бөліссе, ұйымдастырушылар осы игі іске қолдау білдірген азаматтарға ат мінгізіп, шапан жапты. Ал Қазақстанның Халық әртісі Нұрғали Нүсіпжанов, Сұлушаш Нұрмағанбетовамен қатар Жігер Ауыпбаев, т.б. жас өнерпаздар ән салып, дала төсін көңілді әуенге бөледі. Көк майсада қанатын кеңге жайған аң щаңқан киіз үйлер келген қонақтарға есігін айқара ашып, «Жарты баба шежіресі» көпшілікке үлестірілді. Киелі Қарадаланы дүрілдеткен дүбірлі шара қазақтың ат бәйгесіне ұласты.

Эльвира Бөкенбаева,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ ОБЛЫСЫ