Атап айтқанда, филология ғылымдарының докторы, профессор Тынысбек Қоңыратбайдың «Қазақ эпосының этникалық сипаты» атты монографиясында эпос жанрының ұлт табиғаты, психологиясы, әдет-ғұрпы, салт-санасымен байланысы жан-жақты қарастырылған. Сонымен қатар еңбекте қазақ әдебиетіндегі мол эпостық мұраның танымдық сипаты ұлт тарихымен байланысты кеңінен сипатталған.
Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің оқытушылары Рахия Дәрменова, Марат Тұрғымбай және Бибігүл Өтегенованың авторлығымен жарық көрген «Сәндік қолданбалы өнер» атты оқу құралы сәндік қолданбалы өнердің тарихи және теориялық даму үрдісі жөнінде тереңірек білім алып, көркем шығарманы талдауға, ол туралы өз пікірін сауатты жеткізе білуге үйретеді. Кітап рухани мәдениетіміздегі асыл мұрамызды зерделеуге, көркемдік тәрбиені насихаттауға жол ашады.
Түркі халықтарының мақал-мәтелдері мен шешендік сөз өрнектері және оның қазіргі заманмен рухани сабақтастығы Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің профессоры Болатхан Сарбасовтың «Ежелгі дәуір және түркі халықтары әдебиеті» атты оқу құралында зерделенген. Сондай-ақ кітапта түркі ескерткіштеріндегі фольклорлық образдар мен мотивтер де анықталған.
Бабаларымыз математика, астрономия, физика, жаратылыстану салаларын жетік білген, байырғы заманда қазақ халқының оқу-білімге құштар болып қана қоймай, өзіндік өлшемдер мен математикалық әдіс-тәсілдерді ойлап тапқан. Бұл туралы Физика-математика факультетінің оқытушысы Советбай Елубаевтың «Қазақтың байырғы қара есептері» атты оқу құралында кеңінен қамтылған.
«Жаһандық заманауи қазақстандық мәдениет» атты монографияда Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің оқытушысы Сағира Оданова мемлекеттік тілдің коммуникативтік құрылымындағы өзгерістердің концептуалды мәселелеріне мән берген. Сондай-ақ кітапта қазақ тілі де әлемдегі басқа тілдер сияқты дамитын, қоғаммен бірге тыныстайтын, жаңғыруға бейім тірі ағза ретінде қарастырылған.
Педагогика-психология факультетінің оқытушылары Шолпан Таубаева, Гүлнар Мұратбаева және Сайра Жиенбаеваның авторлығымен шыққан «Педагогикалық зерттеулердің әдіснамасы мен әдістемесі» оқулығында қазіргі заман білімгері үшін қажетті педагогикалық зерттеулерді жүргізу мен ұйымдастырудың әдістері, заманауи зерттеу құралдарын тиімді қолдану, педагогикалық зерттеудің сапасын зерттеу өлшемдері және әдіс-тәсілдері кеңінен сөз болады.
Сондай-ақ «Туған жер» бағдарламасы аясында университет оқытушысы М.Қанабекованың қосалқы авторлығымен «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиясының 1 томы, Жаратылыстану факультетінің профессоры К.Мамырова мен Е.Төлегеновтің «Қолданбалы география», Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің доценттері Жамал Әшірбекова мен Ердәулет Берлібаевтың «Отан тарихының тарихнамасы мен деректемесі», оқытушылар Л. Әділбекованың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиетінің тарихы (1900 – 1940 жж.)», А. Жұбандықованың «Бастауыш сынып оқушыларының өлкетану іс-әрекетіне құндылық бағдарын қалыптастырудың ғылыми негіздері», С. Оданованың «The law of conservatіon іn the Kazakh language», «Философия и методология педагогики» және Г. Даниярованың «Let’s develop readіng and speakіng skіlls» атты оқу құралдары шықты.
Жандар АСАН,
Қыздар университетінің баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы