Қазақстан • 05 Қыркүйек, 2018

Данияр Елеусінов: Риода жеңіске жетпесем, Токиоға барарым сөзсіз еді

1321 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Қазақ боксында Данияр Елеусінов атты саңлақ бар. Ойын еркін айтатын, әдемі қалыпқа салып қоюға көне бермейтін жампоз жігіт. Қазір кәсіпқой бокста тамаша өнер көрсетіп жүр. Жеңіс – ең әуелі адамның өзі үшін керек, ал қазақтың осы сайыпқыраны бар жетіс­­тігін қазақ атымен бай­ла­ныстырады. Мен жеңдім демейді, ұлтымның жеңісі дейді.

Данияр Елеусінов: Риода жеңіске жетпесем, Токиоға барарым сөзсіз еді

2013 жылы Алматыда төрт бір­дей қазақ оғланы әлем чем­пионы атанды. Оларды кейін телеарнаға дидарласуға шақырыпты. Әлем чем­пионатының жетістіктері мен кем­шіліктерін саралауға төрт сарап­шы шақырылған. Ол жер­ге спорт­ты біледі, ішінде бір­ге қай­нап жүр деген адамдар келе­ді ғой. Бір әріптес қарын­да­сы­мыз Данияр­дың бокс мәне­рін сын­ға алды. «Маған Мерей Ақ­шалов қатты ұнады. Ол қар­сы­ласынан қаймықпай қарсы айқас­қа шығады. Ал Данияр, көңі­ліңе келмесін, сен қашып бокс­та­сасың. Неге сен Мерей сияқ­ты бокстаспайсың?».

Даниярдың мінезі жылдам. Әлгі әріптесімізді орынды уәжі­мен түйреп тастады. Боксты біл­мей­тіндігін айтып, бесінші бұ­рыш­ты іздетіп жіберді.

2010 жылы Қытайдың Гуанч­жоу қаласында Азиада ойындары өтті. 64 кило салмақта сайысқа түс­кен Данияр бес жекпе-жек өткізіп, чемпион болды. Осы жекпе-жекте Данияр бар болғаны екі-ақ соққы өткізген. Кейіннен әлемнің айтулы мамандары қазақтың баласы туралы жақсы сөздер айта бастаған.

Лондон олимпиадасында ішкі бір түйсігіміз Елеусіновтің медаль алуға тиістігін аңғартқандай еді. Болмады.

Ширек финалда италиялық Вин­ченцо Мангиакапреге қар­сы шаршы алаңға шыққан Данияр Елеусіновке қиянаттың жасал­ғаны анық. Бүгінде ол ашық а­й­қас­тан гөрі қорғаныста көбірек бол­ды, тактикалық жоспары дұ­рыс болмады дегендер табылып жа­тыр. Мамандардың көзқарасы тұр­ғы­сынан дұрыс шығар. Бірақ Данияр­дың аянып қалған жері жоқ. Аса сезімтал боксшыда бәрі секунд­­тың тіліндей есептеулі. Қор­­ғаны­сы берік. Үзіліс арасында эк­ранда қайталап көрсететін сәт­терде Даниярдың анық тиген соқ­­қы­­лары көрсетіліп жатты. Өзі­­міз­дің боксшы болған соң тек соның ұрғанын ғана көрдік пе деп бейтарап төрешілерден сұ­рап көрдік. Қазақ боксшысы қар­­­сы­­­ласына қарағанда жеңіске ла­­йық, оның көп соққылары есеп­­­тел­ген жоқ дегенді айтады. Лондон Олимпиадасының алғашқы күндері Юрий Цхайдан сұхбат алғанымызда «осындағы шетелдік мамандар Елеусіновті мақ­тады. Бәрін ақылға салып ой­най­тын зиялы, боксты төбелес емес өнерге айналдырған мұндай бок­с­­шыны көптен көрмеген едік де­­се­­ді» ­деп көңілімізді көтерген еді.

Олимпиада ойындары спорт­тың төресі ғой. Лондон Олим­пиа­да­сындағы сәтсіздік болаттай берік Даниярды қатты қайраған екен.

– Мен жеңілуді ұнатпаймын, – деген ол. – 69 кило салмақты әлем­­де қазақ салмағы деген атау қа­лыптасты. Мен соны дәлел­дегім келді. Үш бірдей ағам ал­тын­­нан олжа салған салмақта елі­­ме жеңіс сыйлағым келді. Мен ал­­тын медаль алуға тиістімін. Рио­­да жолым болмаса, Токиоға барамын.

Ал Риода оңай жеңіс болған жоқ. Жартылай финалда қарсы­ласы­­ның басы кездейсоқ шеке­сіне тиіп, сүйекті шытынатып ыр­си­тып жарып жіберген. Кеші­рек бас бапкер Мырзағали Айт­жанов­­қа хабарласқанымызда, екі жер­ден тіктірдік. Жарақаты ауыр, дәрігерлерден қауіптеніп отыр­мыз. Әйтпесе, Данияр тас тү­йін дайын» деген. Финалдағы қарсы­ласы өзбекстандық Шах­рам Гиясов өте мықты боксшы. Соқ­­қ­ысы ауыр. Финалға дейін та­лай мық­тының кеудесін бас­ты, жарыс жолынан шығарып тас­­тады.

А­лтын­ның шеті көрініп тұр­­ған­да жа­нын неге аясын. Оның үс­тіне Елеу­сіновтің ауыр жа­ра­­қа­ты бар, дәл сол жерден ұра бер­­се дәр­і­гер­лер жарыстан алып тас­­тай­ды ғой. Ішінде тағы басқа қан­­дай қиял болғанын білмесек те ойын осылай жобаладық. Солай бол­ды. Шах­рам жақыннан ұрыс сал­ған­да сол жарақатқа қатты ұруды көздеп жүргендігі белгілі болған. Әйтпесе, оңайлықпен соққы дарытпайтын Данияр шегіне ұрыс салып шалдырмай кетеді. Шах­рамды ол үшін жазғыра алмай­сың. Бапкерінің де таңған тактика­сы осы. Данияр өте сезім­тал, қар­­сы­ласының ұрған соқ­қы­сы­­ның қай шамаға жететініне дейін шайқасып жүріп есептеп үлге­ре­ді.

Шахрамның дөп тисе атан өгізді мұрттай ұшыратын соқ­қы­лары Даниярдың иегіне ине­нің жасуындай қашықтықта тимей жатты. Негізінде Данияр­дың шегініп ұрыс салуы қарсы­ласынан қаймығу емес, ауыр соқ­қыларға шалдырмайтын такти­калық амалы. Қандай да мықты қарсылас болсын, мұндай бопсаға шыдай алмай жіптей тартылып тұрған жүйкесі сыр бере бастайды. Соққылардан жалтарып қана қоймай өзін ауыр жұдырықтарымен көміп тастайтын Даниярға есесі кеткен Шахрам өршелене алға ұмтылады. Екеуі де былайғы өмірде сыйлас болғанымен өзі үшін де, өзіне сенген халқы үшін де өліспей беріспейтін ұрыс салып жүр. Соңғы раундта Шахрам жеңіліп жатқанын сезіп соңғы күшімен ұрып жүрді. Біздің жігіт сынаптай сырғып тигізбей жүр. Жанасқан сәтте қолы алмас қылыштай жарқ ете қалады. Күмәнсіз жеңді. Үш төреші де Данияр жеңді деп таныған. Даниярдың ғана емес, біздің де арманымыз орындалды.

Даниярдың әкесі Марат Елеу­сінов баласының спорттағы ең үл­кен аламанда жеңіске жет­кеніне өте қуанышты. «Данияр­дың жартылай финалда қатты жарақат алғанын білесіздер. Қар­сы­ласының дәл сол жерді көз­деп ұратындығын білдік. Екін­ші жарақат ашылса Даниярды жарыстан алатындығы белгілі.

Сон­дықтан оған аяқпен жұмыс жасап, алыстан ұрып ұпай жинау тапсырылды. Даниярдың осы тапсырманы өте жақсы орындағаны бізді жеңіске жеткізді. Ұлымның бүкіл қазақстандықтардың арманын жүзеге асырғанына әке ре­тін­де шексіз разымын». Шах­рам да жігіттің төресі екен. Баспасөз мәслихатында Даниярға үлкен құрметпен қарайтындығын айтты. «Бұл өте мықты жекпе-жек болды. Үшінші раундта кү­шім жетпей қалды. Бірақ кім қалай десе де біз түбі бір халық­пыз, сондықтан туысқан қазақ хал­қын тағы бір алтынымен құттықтай­мын», деді ол.

Риодан соң Данияр кәсіпқой боксқа ауысты. Аустралиялық «MJA Entertainment’s» промоу­тер­лік компаниясымен келісім сәт­сіз аяқталған соң ол британия­лық әлемге әйгілі Эдди Хирнмен үш жыл­дық келісімшартқа қол қойды.

Бір қызығы, Эддидің боксқа қаты­сы жоқ, бокс қолғабын қолы­на кимеген адам. Заңгер, кәсіп­кер. Әкесі Барри Хирн промоу­тер­­лік компания ашып, кейін­нен ұлы­на өткізеді. Кәсіпкер әрі заң­гер Эдди бірнеше талант­ты бокс­шы­лармен сәтті келісім­шарт­қа отырып, Англияда үлкен беделге ие болады.

Лондон Олимпиадасында жартылай финалда біздің Иван Дычконы жеңген ағылшын бокс­шысы Энтони Джошуа бүгінде аса ауыр салмақта әлемде көш бастап тұр. Джошуадан бөлек Дэниел Джейкобс, Тайсон Фьюр­ри, Келл Брук секілді сайып­қы­рандарды жеңіске жетелеп жүр­ген Эдди осы жұлдыздар шоғы­­рына біздің Данияр Елеу­сіновті де қосып алды. Қатардағы көптің бі­­реуі болады деген жоқ, қазақ ұла­­­ны­ның аздаған жылдарда әлем­­дегі ең үздік боксшылардың бірі бо­ларына құдайдай сеніп отыр.

«Даниярдың үш жылда әлем чем­пионы боларына 100 пайыз кепіл­дік беремін», дейді Эдди Хирн.

Қазақ мұндайда «ауызыңа май, астыңа тай, әумин» дейді.

Данияр бір сұхбатында отан­дасы Геннадий Головкиннен асып түскісі келетіндігін айтқан. Көп­шілік жанкүйерлердің шамына тиген де осы сөз. Орыс хал­қында «Генерал болуды арман­да­ма­ған солдат солдат емес» деген жақсы мәтел бар. Данияр – ту­ма талант. Бос сөзге жоқ. Айт­ты – орын­дайды. «Олимпия ойын­дарын­да еліме бір алтын сый­ла­май шаршы алаңнан кетпей­мін» деген жігіт кәсіпқой бокс­та отандасының биігінен асып жатса неге қуанбасқа. Оның бұл ойын Гена да қуаттайды. Шар­шы алаңда қарсыласының ес-түсін алып, ойламаған жерден ойрандап кететін жасындай жыл­дам Данияр айтқанында тұра­ды. Бұған көзіміз жеткен. Сондық­тан жел сөзді қойып сайып­қыра­ны­мыздың тілеуін тілейік.

 

Бақтияр ТАЙЖАН,

«Егемен Қазақстан»

Қызылорда облысы