Аймақтар • 05 Қыркүйек, 2018

Онды орта мектебіне Әбіш Кекілбайұлы есімі берілді

1831 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Маңғыстау ауданы Онды ауылында жағымды жаңалық орын алды. Жаңа оқу жылында ауылдағы Онды орта мектебіне халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлының есімі берілді. 

Онды орта мектебіне Әбіш Кекілбайұлы есімі берілді

Осылайша жаңа оқу жылын 270 оқу­шы­мен бастаған оқу орны ерекше қуанышқа бөленді. Бұл мектеп аудандағы мектептер қа­тарында білім жағынан болса да, тәрбиелік іс-шаралар бағытынан болса да алдыңғы орында.

Өткен оқу жылынан бас­тап мектепте «Әбіш оқулары» аудан­дық жастар байқауы және «Әбіш әлемі» атты жас ақындар мүшәйрасы ұйымдастыры­лып келеді. Мектептің жабдық­талуы замана талабына сай негіздел­ген. Мектепте «Тұңғыш Прези­дент» кабинеті, «Әбіш Кекілбаев кітапханасы» сияқты орталықтар жұмыс жасайды.

Бұл мектептің сыртқы және ішкі көрінісі Ұлыбритания мек­теп­терінің құрылысы жүйе­сіне ұқсатылып жасалған. Мек­теп­тегі білім беру жүйесі де сапалы дең­гейде. Өткен жылы үш оқушы, биығы жылы бес оқушы «Алтын белгі» иегері атанды. Жастар­дың оқуға құштарлығы да ерекше. Мектеп кітапханасында «Әбіш шығармалары» бұрышы жасақ­талған. Әбіш Кекілбаевтың үш тілде жазылған кітаптары мектеп төрінен орын алды.

«Біздің мектептің оқушы­лары­ның бір артықшылығы, кез келген оқушыдан Әбіш ата­мыз­дың кез келген шығар­масын оқып бер десе, бәрі де тоқ­тамастан айтып береді. Сон­дай-ақ мектептегі әр кабинетте Әбіш атаның шығармалары мен еңбектері туралы мәліметтер топтастырылған. Келер жылы Әбіш атамыздың 80 жылдығына да көптеген іс-шарлар жоспарлап отырмыз. Соның бірі – Әбіш атаның еңселі ескерткішін қою. Бұл ескерткіш Әбішке ғана емес әдебиетке қойылған ескерткіш болады деп ойлаймын», дейді мектеп басшысы Мыңберген Қаратауов.

 

Аллаберген ҚОНАРБАЕВ,

Маңғыстау облысы,

Маңғыстау ауданы