Теннис • 06 Қыркүйек, 2018

Нью-Йорктегі турнирдің жартылай финалына шыққан теннисшілер анықталды

376 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Нью-Йоркте өтіп жатқан АҚШ-тың ашық біріншілігінде жартылай финалға шыққан теннисшілер толықтай белгілі болды. Жүлде қоры 25 282 400 долларды құраған «Үлкен дулыға» санатындағы айтулы жарыс 8 қыркүйекте мәреге жетеді.

Нью-Йорктегі турнирдің жартылай финалына шыққан теннисшілер анықталды

Ерлер арасындағы жарыстың ширек финалында испаниялық Рафаэль Надаль мен аргентиналық Хуан Мартин дель Потро күш сынасады. Қазіргі кезде әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған Пиреней түбегінің түлегі ширек финалда австриялық Доменик Тимді түзе бүктірсе, АТР тізімінде үшінші орында тұрған Оңтүстік Американың оғланы америкалық Джон Изнерді жеңді.

Келесі жартылай финалда жапониялық Кей Нишикори мен сербиялық Новак Джокович кездеседі. Осының алдындағы бәсекеде үздіктер рейтингінде 19 сатыға жайғасқан Күн шығыс елінің қыраны хорватиялық Мартин Чиличтен айласын асырса, әлемнің алтыншы ракеткасы деген атағы бар қарт құрлық өкілінің  австралиялық Джон Миллманнан мерейі үстем болды.

Әйелдер арасындағы жартылай финалдық межеде америкалық Серена Уильямс пен латвиялық Анастасия Севастова шеберлік байқасады. Ұзақ жылдар бойы әлемдік көшті бастаған АҚШ атақты теннисшісі бұл күндері небары 26 орынды иеленуде. Ал WTA тізімінде 18 орында тұрған Балтық жағалауынан келген ойыншы үшін осы межеге жетудің өзі оның спорттық карьерасындағы ең зор табыс.  

Келесі жартылай финалда америкалық Мэдисон Киз бен жапониялық Наоми Осака күш сынасады. Әлемдік рейтингте АҚШ-тың мықтысы 14 сатыға табан тіресе, Жапонияның жұлдызы 19 орында тұр. Былтыр Киз осы турнирдің ақтық сынында ойнаса, Осака үшінші кезеңде сүренген еді. Олардың екеуі де әлі күнге дейін «Үлкен дуылға» турнирлерінде топ жарып көрмеген. 

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»