Түркістан қаласында таяу арада салынуға тиіс нысандар көп. Шаһардың жаңа әкімшілік-іскерлік орталығында әкімдік ғимараты, басқармалар мен департаменттер үйі, драма театры, Конгресс-холл, филармония, кітапхана, мәдениет сарайы, спорт кешені, стадион, жүзу бассейні, Назарбаев зияткерлік мектебі, саябақтар, көпқабатты тұрғын үйлер, мектептер, балабақшалар, көрме орталығы, мұражай, опера және балет театры, денсаулық сақтау және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар құрылыстарын жүргізу, оларға қажетті инфрақұрылымдар тарту бірінші кезекте қолға алынатын іс.
Әрине, бұл көп қаржыны, уақыт пен тынымсыз еңбекті қажет ететін шаруа. Осы орайда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттарымен және кәсіпкерлермен кездесіп, жоспарланған жұмыстарды жүзеге асыруға қолдау көрсетуге шақырды. Іскер азаматтарды қаланы көркейту үшін түрлі әлеуметтік нысандар мен ойын-сауық орталықтары сынды халыққа қажетті ғимараттар салуға үндеді. «Түркістанды түлетуге ерекше назар аударған Елбасы оған республикалық бюджеттен бөлек, еліміздің өзге өңірлерін, ұлттық компаниялар мен бизнес өкілдерін атсалысуға шақырған болатын. Түркістан қаласының туристік әлеуеті өте жоғары. Өткен жылы 1 миллионнан астам турист келген болса, алдағы уақытта олардың санын көбейту көзделіп отыр. Осы мақсатта қалаға жаңа әуежай, темір жол вокзалы мен автовокзал, сервистік қызмет көрсететін әлеуметтік мәдени нысандар салып, оларға қажетті инженерлік инфрақұрылымды жүргізу жоспарлануда», деді Ж.Түймебаев.
Кездесу барысында бір аңғарғанымыз, кәсіпкерлер тарапынан көмектесуге дайындығын білдіргендер байқала қоймады. Керісінше «Бізге жобаларды жүзеге асыруға қаржы бөлінсе» дегенді айтып, бергісі емес, алғысы келетінін емеурінмен танытқандар табылды.
Аса құлшыныс білдіргендер болмаған соң, облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев Мемлекет басшысының 26 жыл бойы кәсіпкерлерге жәрдем көрсетіп келгенін, ендігі кезекте іскер азаматтар елге, мемлекетке қызмет ететін уақыт жеткенін айтып қамшылағандай да болды. Сондай-ақ хатшы кәсіпкер ұлының спорттық кешен – фитнес орталығын салуды ұйғарып қойғанын жеткізді. Облыс әкімі де кәсіпкерлердің мемлекеттен алған көмектерін ұмытпағанын қалайтынын білдірді. «Кім не алғанын өздері жақсы біледі. Енді соны қайтаратын кез келді», деді Ж.Түймебаев.
Дегенмен, жаңа облыс орталығын дамытуға көмек көрсете бастаған кәсіпкерлер де жоқ емес. Мәселен, есімі елге мәлім бизнесмен, облыстық мәслихат депутаты Серікжан Сейітжанов қонақүй салуды бастап кетсе, түріктің бір іскер азаматы да бес жұлдызды екінші қонақүйді тұрғызудың жобасын жасап қойыпты.
Игі іске Шымкент қаласының әкімдігі де атсалыспақ. Осы орайда Түркістан облысы мен Шымкент қаласы əкімдіктерінің арасында меморандум жасалды. «Елбасы Парламент палаталарының бірлескен отырысында Түркістан мен Шымкентті дамыту мəселесіне ерекше тоқталып өтті. Қырғызстанда өткен Түркі мемлекеттері басшыларының кеңесінде де Түркістанның маңыздылығына мән берді. Шымкент – Түркістан облысына ең жақын қала. Сондықтан өңірдің дамуына бірінші кезекте Шымкент қаласының қосар үлесі зор. Біз бір-бірімізді қолдай отырып, облыс пен қаланы, сол арқылы республикамызды дамыта беруіміз керек», деді Жансейіт Қансейітұлы.
Сондай-ақ облыс әкімі қаланың ертеңгі келбетіне қатысты бірқатар ұсынысын жеткізді. Мысалы қаладағы үйлердің биіктігін 5 қабаттан асырмай, саялы ету, көлік қозғалысын азайту үшін көшелердің енін кеңейтпеу қажеттігін айтты.
Түркістанда 66 тойхана бар екен, оларды басқа мақсатта пайдалану жолын қарастыру да маңызды. Ал Шымкент қаласының əкімі Ғабидолла Əбдірахымов Бас жоспар бекітілген соң, Түркістанға ең бірінші болып үлкен ғимарат салып беруге үшінші мегаполис әзір екендігін мәлімдеді.
Жиынға қатысушылар Түркістан қаласын дамыту мақсатында жасалған жобалармен танысты.
Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,
«Егемен Қазақстан»
Түркістан облысы