Медицина • 10 Қыркүйек, 2018

Медициналық пойыздар жолға шықты

442 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Медициналық пойыздар жолға шықты

2010 жылы басталған «Медицина­лық пойыздар» жобасы жемісті жұмыс атқарып, жұртшылықтың көңілінен шығып келеді. Он жылға жуық уақыт аралығында консульта­тив­тік-диагностикалық пойыздар респуб­ликаның барлық облысында болып, 1326 стансаның 379 мыңнан астам тұрғынына медициналық көмек көрсеткен. Мамандар соның ішінде 8 3806 баланы тексеруден өткізген. Дәрігерлік қабылдаудың жалпы саны 2,5 млн адамды құраған.

Игілігі мен ізгілігі мол жоба биыл да өз жұмы­сын қарқынды жалғастырып отыр. Жуыр­да Қарағанды және Алматы қала­лары­нан «Денсаулық» және «Саламатты Қазақстан» медициналық пойыздары жолға шықты. Үш ай бойы пойыздар еліміздің шалғайдағы темір жол бекеттерінде тоқтап, елді мекен тұрғындарына медициналық көмек көрсетеді. Пойыздардың медициналық бригада құрамына терапевт, педиатр, невропатолог, окулист, ЛОР, гинеколог, хирург, уролог, маммолог, стоматолог сияқты білікті дәрігерлер кіреді.

Пойыз заманауи диагностикалық құрал­дар­мен жабдықталған, оның ішінде компью­­терлік спирометрлік жүйемен, эхоэн­це­фа­лографпен, диагностикалық жүк­теме сынақтарын жүргізу үшін кардио­логиялық мониторинг жүйесімен, сондай-ақ рентген, стоматологиялық, ЛОР және офтальмологиялық жабдықтардың соңғы үлгілерімен қамтамасыз етілген.

Биыл «Денсаулық» пойызы Атырау, Маңғыстау, Қызылорда, Түркістан және Алматы облыстары бойынша, барлығы 82 бекетке тоқтайды. «Саламатты Қазақстан» пойызымен Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қарағанды және Қостанай облыстарының шалғайдағы 57 стансаның тұрғындарын қамту жоспарланып отыр.

Станса тұрғындары жоғары білікті медициналық көмек, соның ішінде шағын хи­рур­гиялық операциялар, сондай-ақ жоға­ры сапалы стоматологиялық көмек ала алады.

Жоба «Самұрық-Қазына» АҚ компаниялар тобының «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры және  Денсаулық сақтау министрлігі, сонымен қатар «Қазақстан Темір Жолы» ҰК» АҚ-тың «Әлеуметтік жобалар» Корпоративтік қорының қолдауымен жүзеге асырылады.

Мирас АСАН,

«Егемен Қазақстан»