Теннис • 10 Қыркүйек, 2018

АҚШ-тың ашық біріншілігінің жеңімпаздары анықталды

54 реткөрсетілді

Теннистен Нью-Йоркте өткен АҚШ-тың ашық біріншілігінің жеңімпаздары анықталды. Жүлде қоры 50 миллион доллардан аса сомманы құраған жарыстың жекелеген сайысында әйелдер арасында жапониялық Наоми Осака оза шапса, ерлер бәсекесінде сербиялық Новак Джоковичке тең келер ешкім табылмады.

Финалда Наоми Осака әлемдегі ең әйгілі теннисшілердің бірі әрі бірегейі 36 жастағы Серена Уильямспен кездесті. «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің жекелеген сайында 23 мәрте топ жарып, жұптық бәсекеде 15 рет дара шыққан даңқты қарсыласынан еш қаймықпаған 20 жастағы жапон қызы бұл матчты 6:2, 6:4 есебімен өз пайдасына шешті. Осы ойын барысында АҚШ теннисшісінің жүйкесі сыр беріп, жанжал шығарғанын да айта кетуге тиіспіз. Серена қолындағы ракетканы сындырып, бірнеше рет төрешіні балағаттады. Енді ол осы әрекеті үшін 17 мың доллар көлемінде айыппұл төлейтін болды. Ал Наоми Осака өзінің спортық ғұмырындағы әзірге ең ірі табысқа қол жеткізіп отыр. Осы күнге дейін бірде-бір Жапонияның өкілі дәл осындай дәрежеге жеткен жоқ еді.  

Ерлердің финалдық сайысы ың-шыңсыз өтті. Ақтық сында сербиялық Новак Джокович пен аргентиналық Хуан-Мартин дель Потро шеберлік байқасты. «Үлкен дулыға» додасында 13 мәрте дара шығып, барлық 9 «Мастерс» турнирлерінде алдына жан салмаған қарт құрлықтың өкіліне Оңтүстік Американың оғланы жарытып қарсылық көрсете алмады. Үш сеттік сайыс 6:3, 7:6, 6:3 есебімен аяқталды.   

Жекелеген сайыста жеңімпаз атанған қос теннисші – Наоми Осака мен Новак Джокович 3,8 миллион АҚШ долларын олжалады. Финалда өнер көрсеткен Серена Уильямс пен Хуан-Мартин дель Потро $1,85 миллионды иемденеді. Жартылай финалға жолдама алған ойыншылар $925 мыңды еншілесе, ширек финалға шыққандар $475 мыңды қалтаға басты.

АҚШ-тың ашық біріншілігінде Қазақстанның үш теннисшісі өнер көрсетті. Солардың арасынан ең тәуір нәтижеге Михаил Кукушкин қол жеткізді. Үшінші кезеңде күш сынасқаны үшін ол $156 мыңды иеленді. Юлия Путинцева мен Зарина Диас өздерінің тұсаукесер кездесулерінде ұтылып қалды. Десек те олар да Нью-Йорктен құр алақан қайтқан жоқ. Осы доданың алғашқы айналымында бақ сынаған ойыншылар үшін $54 мың көлемінде сыйақы қарастырылған.    

 Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Бүгін – жартылай финал

Спорт • Бүгін, 09:44

Ұқсас жаңалықтар