Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Қостанай қаласында Street workout алаңқайы ашылды

352 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Өткен демалыс күндері Қазақстаннның екі қаласында  Street workout-пен шұғылдануға арналған алаңқайлардың салтанатты түрде ашылу рәсімі өтті. Мұндай сыйлықты ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимур Құлыбаев тарту еткен болатын.

Қостанай қаласында Street workout алаңқайы ашылды

Қостанай қаласындағы Street workout алаңқайының ашылуына әкімдік өкілдері, қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Street workout-тан еліміздегі ең мықты команда саналатын Bar Bars тобы тұрғындар алдында өнер көрсетіп, шеберлік сағаттарын өткізді.

Олар жергілікті халықты спортпен шұғылдануға шақырған болатын. Ашылу салтанатына қатысқан қала тұрғындарына Қазақстан Street Workout Федерациясының атынан сыйлықтар таратылды.

Сондай-ақ, 8 қыркүйек күні Павлодар қаласында арнайы алаңқайлар ашылды. Салтанатты іс-шараны еркін күрестен КСРО спорт шебері, Павлодар қаласының құрметті азаматы Айтмағамбетов Амангелді Сапарғалиұлы ашты.

Ол өз сөзінде бұқаралық спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосқан Елбасыға, ел тұрғындарына спортпен шұғылдануға мүмкіндік берген Ұлттық Олимпиадалық комитет басшысына алғыс айтты.

Қала тұрғындары жаңа алаңқайлардың ашылғанына ризашылығын білдірсе, жастар мен жасөспірімдердің қуанышында шек болған жоқ. Айта кетелік, Street Workout – ең қолжетімді спорт түрлерінің бірі. Бұл спортпен айналысу үшін алаңқай мен ерік-жігер ғана қажет.

2016 жылдан бері Ұлттық Олимпиадалық Комитет тұрғындарына  Қазақстан Street Workout Федерациясымен бірлесе отырып, ел тұрғындарының дене шынықтыру және спортпен айналысуына мүмкіндік беретін жобаны жүзеге асыруда. Өткен жылы ҚР ҰОК басшысының бастамасымен елімізде 60-тан аса алаңқайлар пайда болды.

Арнайы спорт алаңқайы Алматы, Ақтау, Ақтөбе, Жаңаөзен, Шымкент, Қызылорда, Тараз, Қарағанды, Көкшетау, Семей, Өскемен және Астана қалаларында ашылды. Енді аталған тізімге Қостанай мен Павлодар еніп отыр.

Тимур Құлыбаевтың қолдауымен Қазақстан бойынша 80 спорт алаңы ашылып, Қазақстан Street Workout-ты қарқынды дамытып отырған үздік үш елдің қатарына енді.

Соңғы жаңалықтар