Қазақстан • 10 Қыркүйек, 2018

Алматыда Ұлттық Ұлан үздіктері анықталды

859 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Алматыда Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының қызметкерлері арасында «Үздік жүргізуші», «Үздік БТР экипажы» атты дәстүрлі сайыс өтті. Жауынгерлік ұжым мүшелерінің рухын көтеру мен шыңдауға бағытталған дода ұлан сапындағы  ең үздік қызметкерлерді даралады.

Алматыда Ұлттық Ұлан үздіктері анықталды

Байқау-сайыстың басты мақсаты – әскери қызметшілердің кәсіптік дайындық деңгейін жоғарылату, көліктерді жөндеу, сарбаздардың қызмет көрсету және басқарудағы машықтарын шыңдау. Сайысқа өңірлік қолбасшылықтардан іріктеліп шыққан үздік әскери қызметшілер қатысты. 

Бәсеке барысында Ұландықтар БТР жүргізу, БТР-ден оқ ату, жүріп бара жатып және қысқа кідіріс жасай отырып жылжымалы нысандарды пулеметпен ату, автомобиль жүргізу, техникалық дайындық бойынша нормативтер орындау, БТР-мен су кедергілерінен өту, автомобильді темір жол  платформасында тиеу бойынша норматив орындау сынды сайыстарда бақтарын сынады.

Жүргізушілер арасындағы жекелеген жарыста жинаған жалпы  ұпай сандарына сәйкес 5516 әскери бөлімінің аға маманы  сержант Жантілеу Кәкен «Үздік жүргізуші» деп танылды. Дәл осы аталымда– 5511 әскери бөлімінің аға маманы  кіші сержант Айдын Омаров екінші орынды иеленсе, 5547 әскери бөлімінің аға маманы   старшина Мақсат Ұшақбаев үздік үштікті түйіндеді. Ал БТР экипаждары арасында  өткен командалық біріншілікте жинаған ұпай саны бойынша 5516 әскери бөлімінің БТР экипажы 108 ұпаймен көш басынан көрінді. Аталған сайыста  101 ұпай жинаған 6656 әскери бөлімінің БТР экипажы мен 94 ұпай еншілеген Ұлттық ұлан әскери институтының БТР экипажы екінші және үшінші орындарды өзара бөлісті. Сондай-ақ Жүргізушілер мен БТР экипажы арасында өткен топтық біріншілікте 5516 әскери бөлімінің командасы «Үздік команда» ретінде тіркелді.

– Биылғы жыл – Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланында жеке құрамның кәсіптік дайындығын жоғарылату жылы болып бекітілді. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру»  атты бағдарламалық мақаласында  қоғам мен жеке адамның рухани жаңғыруға қосар үлесі бәсекеге қабілетті болуында деп көрсетілген. Ал әскери қызметшілер еңбегінің нәтижесі – жеке құрамның алдына қойылған қызметтік-жауынгерлік міндеттер мен әскери борышын жауапкершілікпен сапалы орындауға әрқашан дайын бола алуына байланысты. Ұлттық ұландықтар өздерінің күнделікті қажырлы еңбектерімен  Елбасының алға қойған стратегиялық мақсаттары мен міндеттерін орындауға елеулі үлес қосып келеді. Жауынгерлердің білігін арттыруға бағытталған бүгінгі шараның да мақсаты осы, – дейді  Ұлттық ұланның «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметшісі Данара Баймағанбетова.

Жарыс қорытындысында үздік деп танылған ұландықтар  Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал – лейтенант Руслан Жақсылықовтың атынан кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.  

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ