Әдебиет • 10 Қыркүйек, 2018

Алматыда жазушылардың І Халықаралық форумы басталды

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Алматыда «Құбылмалы әлемдегі заманауи әдебиеттің рөлі» тақырыбында жазушылардың І Халықаралық форумы басталды.

Алматыда жазушылардың І Халықаралық форумы басталды

Форумға қазақстандық қаламгерлермен қатар Түркия, Ресей, Моңғолия, Германия, Чехия, Франция, АҚШ, Ұлыбритания, Польша, Қытайдан, т.б. әлемнің 16 елінен келген өкілдер қатысты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында басталған форумды Халықаралық қазақ Пен клубының президенті Бигелді Ғабдуллин ашып, Қазақстанның әлемдік әдебиет алаңында әдебиеттегі және мәдениеттегі жетістіктерімен танымал бола алатындығын жеткізіп,  форумның қазақстандық жазушылар үшін шетелдік ақын-жазушылармен кездесуіне, жаңа ой-пікірлерімен бөлісуіне, әдеби аудармашылармен танысуына мүмкіндік беретін маңызды мәдени шара екендігіне тоқталып өтті.

Форумға алыстан ат арылтып келген қонақтар қатарында француз ақыны, Нобель сыйлығының 2019 жылғы үміткері Атанас Ванчев дьо Траси, поляк жазушысы Януш Вишневский, Израильден Алексей Цветков, Ресейден Сергей Гандлевский, АҚШ-тан Бахыт Кенжеев, т.б. бар. Ал форумға қатысқан қазақ әдебиетінің қарт өкілі Әбдіжәміл Нұрпейісов, ақын Олжас Сүлейменов бүгінгі әдебиет туралы пікірлерін білдірсе, Ұлықбек Есдәулет, Қуаныш Жиенбай, Амангелді Кеңшілік, т.б. қаламгерлер кездесу алаңында шетелдік әріптестерімен әдебиет төңірегіндегі ақпараттармен алмасты.

Үш күнге созылатын форум аясында М.Жолдасбеков атындағы студенттер сарайында ақындар кеші өтеді.

 

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ