20 Ақпан, 2010

ӘЛЕМ ЖҰРТЫН АЛАҢДАТҚАН АУҒАН МӘСЕЛЕСІ

1589 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
ЕҚЫҰ ПА-ның Қысқы мәжілісінде негізгі тақырыптардың біріне айналды Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев бастаған Қазақстан парламенттік делегациясының ЕҚЫҰ ПА Қысқы мәжілісіне қатысқан екінші жұмыс күні кеше таңертең Демократия, адам құқы және гуманитарлық мәселелер жөніндегі үшінші жалпы комитеттің отырысына қатысудан басталды. Бұл отырыс та “Хофбург” са­рай­ында өтті. Қазақстан жағынан оның жұмысына аталған комитет мү­ше­лері Сенат депутаты Әділ Ахметов пен Мәжіліс депутаты Светлана Быч­кова қатысты. Делегацияның Қа­сым-Жомарт Тоқаев бастаған қал­ған мүшелері бұл уақытта Бельведер сарайына экскурсия жасады. Комитет отырысында көптеген мәселелер көтеріліп, олардың шешілуі Іс басындағы төрағаға байланысты екендігі айтылды. Соның ішінде Қырғызстан өкілі Р.Отунбаева аймақта адам сауда­сы­ның әлі де орын алып отыр­ғанын және осындай мәселені шешуге Іс басындағы төраға Ұйым беделін пайдаланар деген үмітте екенін жеткізді. Отырыста сондай-ақ, ЕҚЫҰ ПА-ның Осло қала­сында болатын отырысына дайын­дық және онда көтерілетін мәсе­лелер жайы да сөз етілді. Түске жақын Нойерзаал ауди­ториясында Ауғанстанның жағ­дай­ына арналған арнаулы пікірталас басталды. Онда Қазақстан Пар­ла­мен­ті Сенатының Төрағасы, ЕҚЫҰ ПА вице-президенті Қа­сым-Жомарт Тоқаев сөз сөйледі. Ауған мәселесі бүгінгі күнгі ха­лық­аралық қатынастардың күн тәртібінде тұрған ең өзекті мәсе­лелердің бірі, деді өзінің сөзінде Қ.Тоқаев. Әлемнің үлкен бөлігінде қауіпсіздік пен тұрақтылықтың орнығуы соған қарап тұр десек, артық айтқандай емес. Соның ішінде Орталық Азиядағы мем­ле­кеттер үшін де ауған мәселесі ба­рын­ша өзекті болып табылады. Әлем­дік қоғамдастықтың ұжымдаса күш салуына қарамастан, бұл проблема әлі күнге шешімін табар емес. Керісінше, бұл ел әлемдегі аса ірі есірткі базасы болып қала беруде, сонымен қатар, ондағы тұрақсыздықтың салдарынан есірт­кі тасымалы, экстремизм, тер­роризм сияқты қатерлермен жалғасып жататын заңсыз мигра­ция да күннен-күнге өрши түсуде. Қасым-Жомарт Кемелұлы келесі кезекте ауған жастарының соңғы 30 жыл бойы Калашни­ков­тың автоматынан басқа түк те ұста­май, үнемі соғыс жағдайында өсіп келе жатқанын, ал есірткі өсі­ру­мен айналысу бұл ел тұрғын­дары­ның негізгі күнкөрісі екенін айтты. Соның салдарынан Ауған­стандағы апиынның қоры бүгін 10 тоннаға жетіп отыр, бұл әлемдегі барлық апиынның 93 пайызын құрайды. Қазақстан Ауғанстандағы ха­лық­аралық коалицияның әскери операцияларына әу бастан-ақ көмек қолын ұсынып, АҚШ-тың соғыс жүктерін тасымалдауына өзі­нің әуе кеңістігін ашқан бо­латын. Былтыр­ғы желтоқсанда жерүсті жүктерінің транзитіне де мүмкіншілік туды­рыл­ды. Сондай-ақ, төрт офицер Кабулдағы халық­аралық әскери күштердің штабына қызметке жіберілгелі отыр. Осы­ның өзі жаһандану жағдайында түрлі қауіптердің еуропалық не­месе азиялық деп бөлінбей, ортақ қатер тудыратынын, осындай проблема­лар­дың жалпыға бірдей екенін ұқ­қан­нан жасалып отырған шаралар. Әрине, Ауғанстан ЕҚЫҰ-ның географиялық жауапкершілігі аумағына енбейді, бірақ бұл елдің геосаяси жағдайы барлық Еуразия құрлығының қауіпсіздігін қамта­ма­сыз етудегі негізгі фактор болып та­былады. Сондықтан да Қазақ­стан ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткенін пайдаланып, Ауғанстан мәселесін реттеуді Ұйымның негізгі басым­дықтарының бірі етіп отыр. Одан әрі Қ.Тоқаев Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев­тың 2010 жылы Астанада ЕҚЫҰ-ның саммитін өткізу туралы бас­тамасының өзі де осы ауған проб­лемасын реттеудің өзектілігінен туындап отырғанын жеткізді. Бұл проблематика үстіміздегі жылдың мамыр айында Алматыда болатын “ЕҚЫҰ-ның еуразиялық өлшемі” атты трансазиялық форумының да күн тәртібіне енгізілген. Әлемдік қоғамдастық ауған проблемасын шешуде милитаристік емес бағдар ұстап, оны экономикалық тұрғы­дан қолдауы тиімді болмақ. Гу­ма­нитарлық бастамалар мен ауған­дықтардың бейбіт өмірге келуіне ықпал ететін экономикалық кө­мек­терге бұл ел аса зәру. Осы рет­те Лондонның қауіпсіздікті қам­тамасыз ету жауапкершілігін бірте-бірте жергілікті билік органдарына беру туралы жаңа стратегиясы да қолдауға лайық. Осы қатарда Қазақстанның Ауғанстанның бейбіт жолға бұ­ры­луына, экономикасының қалыпқа түсуіне қосып отырған үлесі туралы да атап көрсетілді. Біздің ел, деді бұл орайда Қазақ­стан делегациясының басшысы, ауған­дық фермерлерге тұқым, ми­нералдық тыңайтқыштар, ауыл шаруашылығы жабдықтары және т.б. беруге әзір. Орталық Азия аймағындағы бейбітшіліктің сақ­талуы, сайып келгенде, Ауғанстан­ды қалпына келтірудегі ұмтылыс­тың нәтижелілігіне тікелей байла­нысты. Қазақстанның бұл іске көптеген елдерді тартқысы келіп отырған себебі де осы. Қ.Тоқаев Қазақстан өзінің әріптестерімен “Орталық Азия — Ау­ғанстан” атты үнқатысуды жа­рия­лаудың мүмкіндігін қарасты­рып жатқанын да айтып өтті. Бұл елде тұрақтылыққа қол жеткізудің бір жолы – оны АӨСШК сияқты қауіпсіздікті қамтамасыз ету құры­лымдарының жұмысына тарту. Соның ішінде Кабул есірткінің заңсыз айналымы мен жаңа қауіп­терге қарсы күрестегі сенім шара­ларын іске асыру бойынша үйлес­тірушілердің бірі болар еді. Сон­дай-ақ, оны ШЫҰ мен ҰҚШҰ шеңберіндегі жұмыстарға тарту да аса қажет. Ал Лондон конферен­ция­сында ШЫҰ-ның Ауғанстан­дағы терроризмге, есірткінің заң­сыз айналымына және ұйымдас­қан қылмысқа қарсы күрестегі іс-әрекет жоспары оң бағаланды. Сөзінің соңында Қазақстан Парламенті Сенатының Төрағасы ЕҚЫҰ-дағы әріптестерімен бірге Қазақстанның Ауғанстанды қал­пы­на келтіру шараларына қаты­суға дайын екенін жария етті. Со­ны­мен қатар, Қазақстан ЕҚЫҰ шеңберінде шекаралық қауіпсіз­дікті сақтау, Орталық Азия елдері мен Ауғанстан арасындағы шека­раны басқару деңгейін арттыру бойынша белсенді жұмыстар ат­қаруға әзір екенін мәлімдеді. Бү­гінде ауған халқы демократиялық, өміршең қоғам құрудың тарихи сәтінде тұр. Біз тек оған көмек қо­лын созуымыз керек. ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасы ретінде Қазақстан Ұйымның барлық әлеуе­тін осы іске жұмылдыруға ты­рысады. Мен беделді және ықпалды саясаткерлердің, соның ішінде ЕҚЫҰ ПА мүшелерінің қолдауымен Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың күшін осы проблеманы шешуге ұйымдастыра алады деп сенемін. Түстен кейін Қысқы мәжілістің жабылуына арналған отырыс болды. Онда ЕҚЫҰ Бас хатшысы М.де Бришамбо сөйлеп, сұрақ­тар­ға жауап берді. Одан әрі ЕҚЫҰ ПА-ның гендерлік мәселелер жө­ніндегі арнаулы өкілі Т.Тингсгард ханым сөйледі. Оның баяндама­сы­на орай да көптеген сұрақтар қой­ылды. Келесі болып өздеріндегі отырыстар туралы, оларда көте­ріл­ген мәселелер туралы комитет­тер­дің төрағалары кезекпен баяндап шықты. Мәжілістің жабылуында ЕҚЫҰ ПА президенті Ж.Соареш сөз сөйлеп, қатысушыларға бел­сен­ді жұмыстары үшін алғысын біл­дірді. Қазақстандық төрағалық­тың бүгінге дейінгі әрекеттерін жоғары бағалап, оның осы бағ­дарда жалғасқанын қалайтынын жеткізді. ЕҚЫҰ ПА Қысқы мәжілісі жабылғаннан кейін қазақстандық делегация Венаның диплома­тия­лық академиясына келді. Жылы қарсы алулар, Қазақстанның аты­на, оның ЕҚЫҰ-ға төрағалығына тілектес пікірлер білдірілген соң сөз Қасым-Жомарт Тоқаевқа берілді. Ол мұнда тыңдаушыларға арнап лекция оқыды. Мен кәсіби дипломат ретінде әлемдегі осы бағдардағы үлкен зерттеу орталықтарының бірінің алдында сөйлеп тұрғаныма қуа­ныш­тымын, деп бастады Қасым-Жомарт Кемелұлы өзінің сөзін. Осындай беделді әлемдік оқу ор­нында менің отандастарымның да оқитыны қуанышымды еселей тү­седі. Одан әрі шешен тыңдау­шы­лар­ға өзінің әлемдік проб­ле­ма­лар­ға деген көзқарасы мен Қазақстан­ның дүниежүзілік қауымдастық­та­ғы рөлі туралы ойымен бөлісті. Сөзін аяқтай келе шешен Қа­зақ­стан – төзімділік, конфес­сия­лар мен этностар арасындағы та­ту­лық орныққан ел. Мұны қазір әлем халықтарына үлгі етіп ұсы­ну­ға да болады. Азия мен Еуро­па­ның арасындағы көпэтносты және көпконфессиялы ел болып отыр­ған Қазақстан Шығыс пен Батыс арасындағы түсіністік пен тө­зім­діліктің ортақ көпірі болуға дайын. Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының үш съезі өтті. Мұның дүниежүзілік дін­­дер арасында түсіністік қалып­тастырудағы маңызы зор, деді. Сөзінің соңында Қ.Тоқаев әлемдік экономикалық дағдарысқа тоқталып, оның бұрынғы орнынан мәңгі қозғалмас деп саналған тұжырымдарға тигізген кері әсерін айтты және әлемдік қатерлерге бір­лесіп қарсы тұру қажеттігін атады. Одан әрі дағдарыстың Қа­зақстан экономикасына тигізген кері ықпалын, оған еліміздің қарсы тұра алғанын қанағатпен жеткізді. Сөзінің қорытындысында Сенат Төрағасы Қазақстан Прези­денті Н.Назарбаевтың биылғы Жолдауының маңыздылығы және онда көрсетілген мәселелердің өзектілігі туралы айтып өтті. Жол­даудың талаптарын толық орындау Қазақстанды әлемдік қоғамдас­тық­тың бұдан да күшті әрі беделді мүшесіне айналдырары сөзсіз, деп аяқтады ол өзінің лекциясын. Лекция аяқталған соң спикер тыңдармандардың сұрақтарына жауап берді. Осы күні Қасым-Жомарт Тоқаев Австрия Республикасы Ұлттық Кеңесінің басшысы Барбара Праммермен кездесті. Кездесу барысында екіжақты, оның ішінде екі елдің заң шы­ғару­шы органдары арасындағы қаты­настарды белсенділендіру жолдары талқыланды. “Австрия Қазақстанның Еуро­па­дағы саяси және экономикалық маңызды әріптестерінің бірі болып та­былады, – деді Төраға. – Қа­зақ­стан Ав­стрияны ЕҚЫҰ-дағы не­гізгі әріптестерінің бірі ретінде қа­рас­тырады және біз ЕҚЫҰ-ға төр­аға­лық ету бағдарламасын жүзеге асы­ру аясындағы біздің ұсыныс­тары­мызды қолдайтынына сенім артамыз”. Қ.Тоқаевтың айтуынша, қазақстандық төрағалық етудің стратегиялық мақсаты 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу болып отыр. Саммит тақырыбы қауіпсіз­дік­тің өзекті проблемалары, Ауғанстандағы жағдай, толерант­тылық мәселелері болуы ықтимал. Қ.Тоқаев Б.Праммерді Прези­дент Н.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы туралы хабардар етіп, бұл Жолдау тарихи құжат болып отыр, онда Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму бағыттары негізге алынған, деді. Ол Австрия Ұлттық Кеңесінің басшысын, ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясындағы австриялық делегацияның жетекшісін Қазақ­станға сапармен келуге шақырды. Б.Праммер өз кезегінде екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайту жайында айта келіп, 2010 жылы ЕҚЫҰ саммитін өткізу туралы ұсынысты қолдайтынын білдірді. Жақсыбай САМРАТ – Венадан.