Бас шаһар төріндегі «Астана Опера» сахнасындағы әншінің асқан талғампаздықпен іріктеліп, тек таңдаулы әндері шырқалар мерейлі кеші Астананың 20 жылдығына арналды. Өнердегі өрелі жеңістерін еңселі елорданың тағылымды тарихымен егіз өрген шығармашылық иесі, әйгілі опера әншісі, «Астана Опера» театрының жетекші солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Майра Мұхамедқызы «Астана – асыл арманым» атты бұл концертіне айтулы жаңалығымен келіпті. Өнер кешінде Дж.Верди, Дж. Пуччини, Ж.Массне, Х.Хименес, Ф.Барбьери, И.Кальман, Ф.Легар, Д.Шостакович, И.Дунаевский, Н.Жиганов сынды композиторлар операсынан үзінді ариялармен қатар, опералар мен оперетталардан сахналық көріністер шырқалды. Сондай-ақ, елорда тұрғындары мен қонақтары көптен күткен музыка мейрамында операдан бөлек, көпшіліктің сүйікті халық әндері мен түрік, ұйғырдың дәстүрлі музыкасының да табиғатына тереңнен бойлады.
– Майра деген әнші бар екенін тыңдармандарыма дәлелдеймін жүріп ширек ғасырдың қалай өтіп кеткенін байқамай қалыппын. Жалпы, мен өте бақытты әншімін. Елбасының арнайы шақыруымен Астанаға, осындай салтанатты театрға келіп, халқымның өнерін өрістетуге, елімнің дамуына қарлығаштың қанатындай су сепкендей болсын атсалысып жатқаныма өзімді шексіз бақытты санаймын. Міне, биыл елордамызға 20 жыл толып отыр. Жалпы, Астана күнін тойлау әнші үшін тек Астана жайлы ән айтумен шектелу емес менің түсінігімде. Ол «Осы уақыт аралығында қазақ өнерін дамыту жолында қаншалықты үлес қосып, пайда келтіре алдың?» деген сауалға өзіңнің алдыңда есеп беру деп ойлаймын. Сол мақсатта да осы шығармашылық кешімді ұйымдастырып, халқыма өнерден шашу шашқым келді. Жалпы, бұл концерт өзінің сантараптылығымен ерекшеленеді деп ойлаймын. Классикалық опера арияларынан бастап, халық әндері мен музыка жанрларының ішіндегі ең күрделісі саналатын Испанияның сарсуэлаларын, сондай-ақ Түркия, Армения, Испания мемлекеттерінен мені құттықтауға арнайы келген әріптестеріммен дуэт, трио болып ән шырқаймыз. Талғампаз тыңдарманымның көңілінен шығады деп сенемін», дейді әншінің өзі шығармашылық кеші жөнінде.
Майра Мұхамедқызы Париж ұлттық операсы, Лотарингия ұлттық операсы (Нанси қ.), Канн театры, Ренна опера театры, Бордо театры, Вашингтон ұлттық операсы және тағы басқа әлемнің ең үздік театрларындағы опера классикасының жауһар туындыларындағы басты партияларды табысты орындап, қайталанбас үні арқылы қазақ атын жаһанға танытып жүрген ұлтымыздың талантты өнерпаздарының бірі. Францияның әйгілі «Гранд Опера» театрында ән шырқаған алғашқы һәм жалғыз қазақ. Бұдан бөлек, ол лондондық Кадоган-холлда, берлиндік Концертхаусте, Венадағы Хофбург сарайында, Париждегі ЮНЕСКО залында, пекиндік «Жон Шань Ли Тан» залында және т.б. Еуропа мен Азияның, Американың беделді залдарында жеке концерттерімен үнемі өнер көрсетіп, қазақ өнерінің абыройын асқақтатып, мерейін үстем етіп келеді. «Астана – асыл арманым» атты бұл концерттік бағдарламасы – әншінің әлем сахналарынан жинаған сол үздік тәжірибелерінің жемісті нәтижесі. Өнер иесінің сахналық серіктестерінің арасында – Мирелла Френи, Роберто Аланья, Марсело Альварес, Сергей Лейферкус, Кристина Гайардо-Домес, Стивен Костелло, Бюлент Бэздуз сияқты көптеген опера жұлдыздары бар. Аталған әншілердің бірқатары кеш иесін құттықтау үшін арнайы елордамызға келіп, «Астана Опера» театры сахнасында әріптестеріне арнап әдемі әннен шашу шашты. Олардың қатарында Арменияның Халық әртісі Барсег Туманян (бас), Анкарадағы Мемлекеттік опера және балет театрының жетекші солисі Мұрат Қарахан (Түркия), Карлсруэдағы (Германия) Баден мемлекеттік театрының үздік солисі Родриго Поррас Гаруло сынды талантты өнерпаздар бар. Ал концерттің дирижерлік тізгіні есімі әлемге әйгілі маэстро Франческо Иван Чампа (Италия) мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» Мемлекеттік опера және балет театрының шығармашылық жұмыстар бойынша кеңесшісі әрі бас дирижерінің орынбасары Абзал Мұхитдиновтің басқаруында ғаламат музыка кешімен көрермен көңіліне берік орнықты. Әсіресе концерттегі Майра Мұхамедқызы мен Родриго Поррастың орындауындағы Ж.Массненің «Манон» операсындағы Манон мен Де Грие дуэті актерлік һәм әншілік кәсіби шеберліктің үздік үлгісін көрсетіп, шығармашылық кештің көркемдік деңгейін жаңа сатыға көтергені сөзсіз. Сонымен қатар кеш иесінің орындауындағы қазақтың халық әні «Гүлдерайым», «Жайдарман», ұйғырдың халық әні «Бір пиәлә мәй» әндері мен Мұрат Қараханның орындауындағы түрік әні «Жаралы көңіл» («Yaraly gonul») туындысы көпшілік көңіліне кештің мерекелік көңіл күйін орнықтырған үздік шығармалар болды.
Ал концерттің жаңалығы болған Родриго Поррас Гаруло өзінің кең диапазонды дара даусымен кешке жиналған өнерсүйер қауымды тәнті етті. Жалпы, Родриго Поррасты қазақ өнерімен көп нәрсе байланыстырады. Соның ең негізгісі – 2012 жылы Оңтүстік Тюрингияда (Германия) дирижер Алан Бөрібаев пен режиссер Ансгар Хаагтың қолтаңбасында қойылған А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсындағы Айдар партиясын орындауы дер едік. Қазақтың ұлттық операсының жауһарын сәтті сараптаған сахна майталманы қазақ өнері мен отандық өнерпаздардың талантына деген өзінің құрметі мен шығармашылық тандемде бірлесе істеген үздік жұмыстары үшін алғысын жеткізіп, өз ризашылығын білдірді.
«Жалпы, мен Қазақстанға алғаш келген күннен бастап-ақ бұл елді өте жылы қабылдадым. Халқы да, талантты өнерпаздары да мені жан-жақты ізденісімен тәнті етті. Алан Бөрібаев, бүгінгі кеш иесі Майра Мұхамедқызы секілді кәсіби музыка мамандарымен бірлесе жұмыс істеудің өзі мен үшін үлкен тәжірибе және сөзбен айтып жеткізгісіз ғаламат шығармашылық қуаныш сыйлады. Сол үшін де қазақтың талантты, білікті әртістеріне алғысым шексіз» деп өзінің жылы лебізін білдірді Родриго Поррас.
Жалпы, Майра Мұхамедқызын көптеген өзі қатарлас әріптестерінен даралайтын ерекше қасиеті – әншінің шығармашылық диапазонының кеңдігі дер едік. Өнер иесі өзін дәлелдеу үшін де алдында кездескен қиыншылықтың бәрін еңбекпен жеңуге машықтанған. Сондықтан да ол өзін өнердің қай жанрында да сынаудан қорықпайды. Кеште орындалған операның үздік партияларынан бөлек, ана сүтімен дарыған дәстүрлі өнерге деген махаббатына да елорда халқы қайталанбас музыка кешінде көз жеткізді. Шымылдық жабылғаннан кейін де толассыз соғылып жатқан ыстық ықылас – халқының сүйікті әншісіне деген шексіз махаббаты еді...
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»