Кемеге қанша жолаушы мінетіні, қай бағытпен жүретіні, қандай қалаларға тоқтайтыны – бәрі-бәрі өзге тілде айтылды.
Сол кезде Ол:
«Біздің тіліміз ұлы мұхитқа шығу үшін саяси айлақтың рұқсатын күтіп, қаңтарылып тұрған кеме тәрізді екен-ау», деп ойлады.
* * *
Ұшақ жерге қонған кезде жолаушылар ду қол шапалақтап қуанып жатты.
«Не үшін?.. – деген ой келді оған. – Әрине, өмір үшін, тіршілік үшін».
Өйткені жолаушылар осыдан бір апта бұрын көрші елде апатқа ұшыраған ұшақтың тағдырынан жақсы хабардар еді.
* * *
– Ой, сен кім боп кеткенсің?! – деді оған отыз жылдан бері көріспеген бір танысы таңдана қарап. – Кім боп кеткенсің?..
«Япыр-ай, сен мені осыдан он бес жыл бұрын көргеніңде ғой! «Оу, не боп кеткенсің?! Не боп?..» дейтін едің-ау!..» деп ойлады Ол.
* * *
1998 жылы Шымқалаға келген бір ірі шенеунік:
– Сіздер сырттан келген қонақтарға құрақ ұшып, жік-жаппар болуды қоймайды екенсіздер! – деп қабақ шытып еді.
Кім білсін, ол кісінікі де жөн шығар. Бірақ дәл сол күнгі сөзі орынсыздау көрінгені рас. Себебі Шымқалаға әлем әдебиетінің классигі Шыңғыс Айтматов қонақ болып келіп жатқан-ды...
Содан бері де талай жыл өтті арада. Ұлы жазушы да, әлгі шенеунік те мәңгілік сапарға аттанды.
«Әрбір жаңа ұрпаққа жазушының шығармалары жыл сайын қонақ болып келеді, – деп ойлады Ол. – Ал сіз, шенеунік мырза, бұл қалаға енді келе алмайсыз...».
* * *
«Адам баласы өзінің жан дүниесіне жіті үңілсе, жер бетіндегі секілді онда да биік таулар, өзен-көлдер, теңіздер мен мұхиттар бар екенін бағамдар еді. Сонымен бірге түпсіз терең шатқалдар, ұшы-қиыры жоқ шөлейт далалар мен апат аймақтары да көп екенін көріп, зәресі ұшар еді... – деп ойлады Ол. – Сондықтан да, оған зер салуға қорқып, әманда жеңіл жолды таңдауға құмбылмыз.
Бірақ бұл, шын мәнінде, өзіңді өзің танымай, өзгелерге құл болып өту емес пе?..».
Нұрғали ОРАЗ,
«Егемен Қазақстан»