Қазақстан • 14 Қыркүйек, 2018

Матрас тігетін зағиптардың мұңы – мақта мен тапсырыс

343 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Мың қайталап қалып­тасып қалған машық­тан-ау, сірә. Су қараңғы болса да матрастың үстіндегі көбелек түй­мел­ерді атқан оқтай қылып түсіреді екен. Ешқандай құралмен қарыстап өлшеп, мөл­шер­лемейді де. Көз көрмегенмен көңілде бәрі сайрап тұр. Әуелі матрасқа қажетті мақ­таны қолмен түтіп, тү­йін­­шектерін жазған. 

Матрас тігетін зағиптардың мұңы – мақта мен тапсырыс

Фабрика тіккен матрас­тан артықшылығы да осы. Мақтасы жібек шілтердей жұп-жұқа болып үлбіреп тұр. Зағиптар тіккен дүниеде қырыс-тырыс, жамбасыңа батар жалғыз түйнектің бол­май­тындығы, бәрін қолмен атқаратындығында. Ал саусақ ұшы соншалықты сезімтал. Тіпті көзі бар адамнан әлде­қайда артық деп айтсақ болар. Зағиптың саусағы бәрін сезе­ді. Мақтаның түйін­шегін ғана емес, өмірдің түйі­нін де. Алайда мақтаның қыр­­ты­сын жаза алғанымен, өмір­дің түйінін жаза алмай жүр. Әйтпесе жұмыс де­ген не тәйі­рі?! Сол да бұйым болып па? Бұл жерде қиын­дық жоқ. Қиындық тапсырыс алу мен тендерге қа­тысу­да шығар. Мәселен, «Қазақ со­қыр­лар қоғамы» рес­пуб­лика­лық қоғамдық бір­лес­тігі­нің Көкшетау оқу-өнді­ріс­тік кәсіпорнының басшы­сы Батырхан Ахметовтің айтуы­на қарағанда, шикізат қым­­бат. Матрастың мақтадан тігіле­тіндігі белгілі. Сол мақтаны қияндағы Арқаға жеткізгенше қаншама тасымалдау ақы­сы төленеді. Зағиптың зарық­қан қолына тигенше әлде­неше есе қымбаттайды. Мақ­талы өңірлерде өнімдері арзан болуы мүмкін, ал Көкше­тауда мақтаның килосы 400 теңгеден. Бұл көтерме бағамен алғандағысы. Көп ретте, көтерме саудаға қау­мет­­тері жетпей, бөлшек сау­дадан алады. Мақта шір­кіннің қас­­қалдақтың қанындай қат тауарға айналуы шыр бітір­меуге айналды. Бағасы күйіп тұр. Килосы 600 теңгеден. Бір матрасты тігуге шамамен 7 килодай мақта жұмсалады екен. Бағасы да аса қымбат емес, көлеміне орай. Ең көлемі шағыны 5500 теңгеден басталады. Әзірге сапасына шағым айтқан жан кездескен емес. Зағип болса да өз істеріне мығым шеберлер тауарларын қыздың жиған жүгіндей етіп қаттап қойған. Тендерге түскен кезде өзгелерге ұқ­сап бағасын төмендетуге мүм­кін­діктері жоқ. Олай істесе тауар­ларының өзіндік құ­нын да ақтай алмас еді. Ал Батырхан Ғазезұлына тиындап болса да табыс табу керек. Соңында қоғамның 25 адамы тұр. Олардың 20-сы мүгедек. Мүгедек болғанда табан ізін тап басып таба алмайтын суқараңғы соқырлар.

Тендер туралы таратып айта кетелік, олар өздері тәріз­ді кәсіпорындар арасын­да мемлекеттік сатып алуға қаты­сады. Бірақ ол жерде де үміт­керлер аз емес. Ауған­дық­тар, Чернобыль апатын жоюға қатысушылар, тағы да басқа жеңілдікке ие 200-ден астам кәсіпорын бар.

– Біздің шикізатымыз қым­бат болғандықтан, жолымыз оңғарылмай тұр, – дейді кәсіп­орын басшысы, – шіркін-ай, әр өңірдің ерекшелігі ес­ке­ріл­се ғой. Сонда бізге де жұмыс табылар еді.

Кәсіпорын матрас, көрпе-жастық тігуге маманданған. Тігін машинасын ұршықша үйірген Дәмелі Қоңырова І топтағы мүгедек болса да хас шебердің нақ өзі. Тапсырыс болса таңның атқанына, күн­нің батқанына қарамай жұмыс істесем деп талпынып отыр. Бі­рақ «тіленшінің сүйген асын кім берсін?» дегендей тап­сы­рыс шіркін кіл зағиптар жинал­ған, қоңырқай тіршілік ке­шіп жатқан кіш­кен­тай кәсіп­орынға түсе бер­мейді. Осы бір жайт кәсіп­орын басшы­сын да қатты алаңдатып отыр.

Кәсіпорындағы зағип­тар­дың бәрі егде адамдар. Бұл жерге жастар келе бермейді екен. Өйткені табысының жілігі татымсыз.

– Бәлкім олар бүгінгі тех­но­логиялық мүмкіндік­терді пайдаланып, молырақ табыс табатын шығар, – дейді кәсіпорын басшысы, – біз қазір өз қотырымызды өзіміз қасып күнелтіп жатырмыз. Тапсырыс берушілердің дені жекеменшік. Кейбір ауыл шаруашылығы құрылымдары. Таяуда 20 матрасқа тапсы­рыс түскен. Соның өзіне қуа­нып күні-түні тігіп, уақытында тапсырдық.

Адамға қуану үшін көп нәрсе керек емес екен ғой. Титім­дей дүниеге төбе­лері көкке жеткендей. Жаратқан­ның жазуы да...

Мемлекет тарапынан кө­мек бар. Бірақ оның да бір түйт­­­­кілді тұсы орын алып отыр­­­ған­дығын зағиптар ашына ай­тады. Мәселен, жылына бір мезгіл емделуге жолдама бе­рі­­леді. Ал зағип жанды қо­лы­нан жетектеп алып бара­тын кө­мек­шісіне ондай жағдай жа­­сал­маған. Міне, сон­дық­тан олар уысына түсіп тұрған кө­мек­тен де айырылып қалып отыр.

Қоғам жанында өздерінің кітапханасы, клубы жұмыс істеп тұр. Көркемөнерпаздар үйірмесі әр мерекені қалт жібер­мей ойын-сауық ұйым­дас­ты­рады. Дойбы, шахматтан жарыс өткізеді. Осы арада мен де елең еткен едім. Сөй­­т­с­ем кәдімгі шахмат тасы­ның астында тақтаға қадай­тын кіш­кентай ағаш қазы­ғы бар екен. Кішкентай бол­ғанымен, орнықты тұруға кәдім­гідей демеу, тіреу. Өмірдің өк­пек желіне тоңып жүрген зағип­тар­дың әлеуметтік-тұр­мыс­тық жағдайын жақсарту үшін осы бір ағаш тіреудей көмек керек болып тұр.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Егемен Қазақстан»

Көкшетау