“Елімен етене Елбасы” деген сөз тіркесі қазір жиі ауызға алынады. Осы сөздің ақиқаттығына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың 13 қарашасында өткізген “тікелей тележелісі” айшықты айғақ бола алады. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде ел өміріндегі орны өзгеше болған сол оқиғаның жай-жапсары, қорытындылары жарияланып, жұртшылық пікірлерінің түйіндеме сөздері беріліп отыр.
2009 жылғы 13 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен “тікелей желі” өткен жылдың маңызды оқиғаларының біріне айналды.
Соның аясында бұқара халықтың осы іс-шараға қол жеткізуіне айрықша жағдай туғызылғаны белгілі. Телефон желілері, Интернет, ұялы байланыс желісі тәрізді мүмкін болатын барлық байланыс арналары тегін қызмет көрсетті. 30 қазаннан бастап сұрақтарды тәулік бойы қабылдау қамтамасыз етілді. Call-орталығына тұрақты түрде 100-ден астам адам – модераторлар, телефон операторлары, техникалық қызметкерлер жұмылдырылды.
Салыстырмалы түрде алсақ, 2004 жылы Президенттің алғашқы “тікелей эфирін” өткізген кезде сұрақтарды жинау телефон байланысы көмегімен тек қана бір күн ішінде жүрсе, 2007 жылы іс-шара басталғанға дейінгі 7 күнде тек қана Интернет арқылы қабылданды.
Осының барлығы “тікелей желіге” түсетін сұрақтар мен өтініштер санының бұрын-соңды болып көрмеген көлемде артуына жол ашты. Олардың жалпы саны 44452 (бұл 2007 жылғы Интернет-конференция кезіндегіден 8 есе көп). “Тікелей желі” өткен уақытта іс-шараның сайтына 110 мыңнан астам адам кірген. Әлемнің 87 елінен шамамен 1 млн.-дай адам сайтқа кіріп, жауаптарды қарап, танысқан.
Сұрақтар санының аса көп болғанын ескере келе, “тікелей желіні” өткізу кезінде келіп түскен азаматтардың сұрақтарымен және өтініштерімен мұқият танысу жұмысы тек 2010 жылдың қаңтарында ғана толық аяқталды.
* * *
Сұрақтар мен өтініштердің жалпы санының 15 мыңдайы www.lіne.gov.kz Интернет сайтына, 17 мыңы – телефон арқылы, 3 мыңы – vopros@akorda.kz электрондық пошта арқылы, 9,5 мыңы SMS жүйесі арқылы келіп түскен.
Өңірлік үлесі бойынша сұрақтардың көбі Астана (4986) мен Алматы (3569) қалаларынан, Алматы (3170), Оңтүстік Қазақстан (3077) облыстарынан келіп түскен (1-диаграмма).
1-диаграмма
Мемлекет басшысына Қазақстан тұрғындарынан басқа ТМД елдерінен 85 азамат, алыс шетелдерден 30 азамат өтініш жасаған. Сұрақтардың 45%-ы мемлекеттік тілде, қалғандары орыс тілінде және екі өтініш ағылшын тілінде келіп түскен.
Келіп түскен сұрақтар мен өтініштердің 46%-ы – сұрақтар, 30%-ы – өтініш-арыздар, 16%-ы – шағымдар, 8%-ы – ұсыныстар мен пікірлер (2-диаграмма).
2-диаграмма
Талдау қорытындылары мейлінше жиі қойылатын сұрақтар мен өтініштердің мына тақырыптарға қатысты болғанын көрсетті:
әлеуметтік-экономикалық сала – 18,6% (зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру, балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету және көпбалалы аналарға материалдық қолдау жасау, еңбекақы төлеу және еңбек қатынастары, сондай-ақ жұмыспен қамту және көші-қон проблемалары туралы сұрақтар);
құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16,3% (үлескерлік құрылыс проблемалары, тұрғын үй кешендерін өз уақытында пайдалануға бермеу, Тұрғын үй құрылыс мемлекеттік бағдарламасы бойынша өтініштерді қарау рәсімдері мен іріктеу өлшемдері, аулаларды абаттандыру, ПИК жұмысы, жер қатынастары саласы туралы сұрақтар);
заңдылық және құқық тәртібі – 9,2% (сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекеттік сатып алулар кезінде заңды сақтау, мемлекеттік меншікті сақтау, жекелеген қоғамдық, діни бірлестіктер мен саяси партиялардың қызметі туралы сұрақтар.
Шағымдардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының, бақылаушы және қадағалаушы органдардың жұмысына (қылмыстық жауапқа негізсіз тарту туралы, қабылданған іс жүргізу шешімдерінің заңдылығын қайта тексеру туралы, қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды дұрыстап іздестірмеу туралы), жұмыс берушілердің іс-әрекеттеріне, жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне жасалған шағымдар.
Өтініш білдірушілердің едәуір бөлігі өткізілген сот актілеріне, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалуының толықтығы мен өз уақтылығына келіспейді. Олардың бірқатары шартты-мерзімінен бұрын босату тәртібін түсіндіруді, сондай-ақ рақымшылық жасау мерзімдері туралы айтуды сұраған);
білім беру – 7,1% (мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігіне, ауылдағы балабақшалар мен мектептер құрылысына, сондай-ақ балалар алаңшалары мен спорт ғимараттарына, сондай-ақ қазақ тілінде оқытатын мектептер санын арттыру қажеттігіне, оқулықтар сапасына, мектептердегі заңсыз ақша жинауға, мұғалімдерді жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар);
денсаулық сақтау – 4% (республикалық емханалар мен шетелдерде емделу мүмкіндіктері, жеңілдетілген дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, кепілді тегін медициналық көмек көлемін жоспарлау және атқару, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы сұрақтар);
қаржы саласы – 3,5% (ипотекалық несиелерді өтеу мерзімін ұзартуға, салық салуға, азаматтардың жекелеген санаттарына жеңілдік беруге, сондай-ақ Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты тамақ өнімдері, көпшілік сұранысқа ие тауарлар мен көлік бағасының өсуі мүмкін екендігіне қатысты);
мәдениет және мемлекеттік тілді дамыту – 2,9% (“Мәдени мұра” бағдарламасын іске асыру, қазақстандық БАҚ-тарды жаңарту, отандық киноиндустрия мен театр өнерін дамыту, елді мекендерді мемлекеттік телехабар таратумен қамту, мәдениет мекемелері қызметкерлерін әлеуметтік қолдау, барлық жерде мемлекеттік органдарға толық мемлекеттік тілді енгізу, әлеуметтік-маңызды жобаларды қаржыландыру);
қоршаған ортаны қорғау – 1% (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Алматы, Өскемен, Павлодар, Балқаш, Екібастұз сияқты өнеркәсібі дамыған қалалардағы ауаның, уран өндіретін аудандардағы экологияның, су ресурстарын қорғаудың, соның ішінде Аралдың, Каспийдің және Балқаштың жай-күйі, экология саласындағы жаңа технологияларды енгізу мен халықаралық ынтымақтастық мәселелері. Еліміздің батыс өңірінің тұрғындары үшін ірі мұнай-газ өндіруші компаниялардың жергілікті экологияға әсері неғұрлым алаңдататын мәселе болып табылады);
армия – 1% (әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін, соғыс және өңірлік қақтығыстарға қатысушыларды әлеуметтік қамсыздандыру, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және әскерге шақыру алдындағы дайындау, мерзімді әскери қызметке шақыру және т.б.);
Аталған тақырыптар жіктемесі 3-диаграммада келтірілген.
3-диаграмма
“Жол картасы” бағдарламасын іске асыру зор серпіліс туғызып, қоғамның қолдауына ие болды, оның шеңберінде жұмыс орындарын ұйымдастыруға, өңірлік әлеуметтік нысандарға және жергілікті жерлердегі жолдарға ерекше көңіл бөлінді.
Азаматтар автомобиль жолдарын, әсіресе ауылдағы жолдарды салуға, жолдарды жөндеудің жалпы алғандағы сапасына, сондай-ақ жоспарланған жобаларды іске асыруға көп көңіл бөле отырып, бұл бағдарламаны келесі жылы да жалғастыру туралы өтініш жасайды.
* * *
Барлық сұрақтарға жауап дайындау жұмысы ерекше бақылауға алынды.
Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қол қойған жауаптар сайтқа орналастырылды.
“Тікелей желінің” сұрақтарына жауаптарды дайындау жұмысына барлық мемлекеттік органдар тартылды. Сұрақтар мен өтініштердің 63%-ы министрліктер мен ведомстволарға, 32%-ы Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдіктеріне жіберілді. Қалғандары Президент Әкімшілігінде қаралды (4-диаграмма).
4-диаграмма
Сұрақтардың ең көп саны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (9035 немесе олардың жалпы санының 20%-ы), Білім және ғылым министрлігінің (4835 немесе 10,8%-ы), Бас прокуратураның (3447 немесе 7,7%-ы) құзырына жатады. Жолданған сұрақтар саны бойынша мемлекеттік органдардың алғашқы ондығы 5-диаграммада көрсетілген.
5-диаграмма
Өңірлік үлесте сұрақтар мен өтініштердің ең көп саны Астана (3367), Алматы (2214) қалаларының және Оңтүстік Қазақстан облысының (2213) әкімдіктеріне жіберілген.
Сұрақтардың өңірлер бойынша бөлінуі 6-диаграммада көрсетілген.
6-диаграмма
Тұтастай алғанда, орталық және жергілікті органдар 43924 сұраққа жауап берген, оларды www.lіne.gov.kz сайтына орналастырған.
Өтініштерді қарау нәтижелері бойынша 59%-ының авторына түсініктер берілді, 19%-ының өтініші толық немесе ішінара қанағаттандырылды, “тікелей желіге” қатысушылардың 8%-ына тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну ұсынылды. Өтініштердің қалған 14%-ын пікірлер мен түсініктер құрайды, оларды қарау қорытындылары бойынша авторларға “тікелей желіге” қатысқаны үшін алғыс білдірілді.
1199 сұрақ жергілікті жерлерге барып қаралды. Жеке кәсіпорын өкілінің шикізат алуға және өнімді отандық нарықта өткізуге көмек көрсету туралы өтінішін қарау үшін Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев “AMІTECH ASTANA” ЖШС шыны-пластикалық құбырлар өндіру зауытында болды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі 445 өтінішті сапарға шығып қарады, олардың 315-і дұрыс шешілді, соның ішінде 210 азаматқа жалақы төленді.
“Тікелей желіге” түскен сұрақтарды қарау қорытындылары бойынша прокуратура органдары заңдылықты бұзуды жою туралы 57 ұсыныс, 3 ұйғарым, 2 наразылық енгізді, 10 жазбаша нұсқау берілді, 15 тәртіптік іс қозғалды, қылмыстық қудалау органдарының 9 заңсыз қаулысының күшін жойды, қадағалау сот инстанцияларына 13 наразылық білдірді, 10 қылмыстық іс қозғады.
Сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бірқатар сұрақтар және экономика саласындағы заң бұзушылықтың өтініштердегі келтірілген нақты фактілері бойынша қаржы полициясы органдары 7 қылмыстық іс қозғады, 3 лауазымды адамды әкімшілік жауапқа тартты, 2 материалды тәртіптік кеңеске жіберді, кейбір фактілер бойынша қосымша тергеу жүргізіп жатыр.
* * *
“Тікелей желі” барысында айтылған Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары мемлекеттік органдардың бақылауына алынған болатын. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша мынандай нәтижелерге қол жеткізілді.
Үкімет кедендік бақылау арқылы өтетін тауарлардың қымбаттауына жол бермеу, сондай-ақ жанар-жағар май (ЖЖМ) мен нан өнімдері бағасын бақылау жөніндегі кешенді шаралар қабылдады.
Соның ішінде, Қырғызстан мен Өзбекстанның кеден қызметкерлерімен жекелеген тауарлардың орташа бағалары туралы өзара ақпарат ұсыну туралы келісімге қол қойылды. Мұнай өнімдерін көтерме және бөлшек сауда арқылы таратушылармен ішкі нарықты мұнай өнімдерімен қамтамасыз ету және ЖЖМ бағасын тұрақтандыру туралы меморандумдар жасалды. ЖЖМ нарығының бірқатар субъектілеріне (“Гелиос” ЖШС, “ПетроҚазақстан” сауда үйі” ЖШС және т.б.) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде жедел және жүйелі шаралар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды.
2009 жылдың қорытындысы бойынша жекелеген азық-түлік өнімдері мен жеміс-жидек өнімдерінің бағаларының төмендеуі байқалады. “ҚазАгроМаркетинг” АҚ мониторинг мәліметтері бойынша 2009 жылдың басынан бастап республика бойынша орта есеппен 1-сұрыпты бидай бағасының 18,6%-ға және нан бағасының 4%-ға төмендегені байқалады.
“Жол картасы” аясында аудан орталықтары мен ауылдарда өндірістер құру мақсатында мүдделі мемлекеттік органдарға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп 2010 жылы Жұмыспен қамту стратегиясы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі қажетті шаралар қабылдау тапсырылды.
Дәрілік заттардың сапасы мен қол жетімділігін бақылауды қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектерді дистрибуциялаудың бірыңғай жүйесін енгізу аясында формулярлық жүйені енгізу басталды, оның басты қағидаты дәрілік заттарды өңірлердің сұранысы негізінде сатып алу болып табылады. 2010 жылы кепілді тегін медициналық көмек шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі жергілікті бюджет қаражаты есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сұранысының 70%-ға дейін және республикалық бюджет есебінен сұраныстың 100%-ына арттырылды.
Сонымен бірге, Президенттің “тікелей желі” барысында берген жеке тапсырмаларына сәйкес өтініш иелерінің мынадай проблемалары лайықты шешімін тапты.
Қарағанды облысының тұрғыны, 56 жастағы 5-разрядты слесарь А.Тротно мамандығы бойынша “Қазақмыс” корпорациясы” ЖШС құю-механикалық зауытына жұмысқа орналасты.
Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің жаттығуына жағдай жасалды, оған Ұлттық олимпиадалық комитеттен стипендия төлеу ұйымдастырылды.
А.Мацицкийдің Балқаш қаласы әкімдігінің талабы бойынша сот шешімінің заңсыздығы туралы өтінішін қарау нәтижесі бойынша Бас прокуратура Қарағанды облыстық сотының қадағалау алқасына осы сот актісін жою және істі қайта қарауға жіберу үшін наразылық жолдады.
Сонымен қатар “тікелей желіге” азаматтар А.Сальникованың, В.Кинстлердің, Ж.Айтпаеваның рейдерлік және кәсіпкерлердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша арыздары келіп түскен. Аталған барлық арыздар бойынша прокуратура органдары шаралар қабылдап, өтініш авторларына тиісті түсініктемелер берді.
Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының 5 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. 17 ауылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар жаңартылды. Бұл жұмысты 2010 жылы, соның ішінде “Жол картасы” шеңберінде жалғастыруға қаражат бөлінді.
Павлодар облысы, Май ауданында аудан әкімінің орынбасары жас мамандарды жұмысқа орналастырудан бас тартқаны үшін қызметінен босатылып, аудан әкіміне қатаң сөгіс жарияланды. Жас мамандарға тұрғын үй берілді.
Ішкі істер министрлігі Тараз қаласындағы жасөсіпірімдер қылмысының алдын алу жөніндегі жұмыстың жай-күйін тексеріп, әдістемелік көмек көрсетті.
Осы мақсатпен Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов Жамбыл облысына сапармен барып қайтты. Облыста кәмелеттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді, ол аулалық спорт клубтарын, спорт алаңшаларын, музыка және өнер мектептерін, кәсіптік лицей ашуды, жастардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі басқа да шараларды көздейді. Оларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 419 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр.
Үкімет мектепке дейінгі балалар мекемелерінің жетіспеуі мәселесін шешу жөнінде кешенді іс-шаралар жүргізуде. Соның ішінде, 2009 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 373 бірлікке (16,1 мың орынға) артты, 2010-2012 жылдары 2310 ұйымға (217 мың орынға) арттыру жоспарлануда.
“Жол картасы” аясында 2010 жылы жергілікті атқарушы органдар 1,9 млрд. теңге сомасына мектепке дейінгі білім беру жүйесінің 73 нысанын жөндеуді жоспарлап отыр.
Сонымен қатар мемлекеттік органдар “тікелей желіге” өтініш білдірген азаматтардың бірқатар проблемаларын қысқа мерзім ішінде лайықты шешіп берді.
Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының тұрғыны М.Доспаеваның өтініші бойынша оның үйіне ең төменгі ақымен газ жүргізілді. Осы облыстың Қаратөбе ауданының тұрғыны А.Құлмырзинаға әлеуметтігі жағынан аз қамтылған адам ретінде жайлы пәтер бөлінді.
Павлодар қаласындағы Ұлы Отан соғысына қатысушы А.Двойносқа оның берген өтініші негізінде 2009 жылғы 25 қарашада пәтері жеке меншікке тегін берілді. Павлодар облысы, Хмельницкое ауылының “тікелей желіге” өтініш жасаған тұрғындарының үйлері орталық су құбырына қосылды.
Сall-орталығына 2009 жылғы 1 қарашада Атырау қаласынан Н.Қосшанованың ес-түссіз жағдайда жатқан ұлына көмек көрсетуді сұраған өтініші келіп түсті. Консультативтік көмек көрсету үшін Денсаулық сақтау министрлігі Астана қаласынан Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығынан дәрігер-реаниматолог жіберілді.
Ақмола облысы, Атбасар қаласынан науқас Н.Сахноны, Алматы қаласынан Г.Мұратованы республикалық ғылыми медициналық орталықтарға жатқызу мәселелері шешілді.
Шымкент қаласынан Б.Жұмабаеваның өтініші бойынша оны 2010 жылдың 1 тоқсанында ресейлік нейрохирургия ҒЗИ-да емдеу туралы мәселе шешілді.
Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Семей қаржы-экономикалық колледжі мен Экология және орман шаруашылығы колледжінің студенттеріне стипендия төленді; “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты А.Арқабаеваға оқуын жалғастыру үшін Италияға виза ресімдеуге жәрдем берілді.
Астана қаласының тұрғыны Л.Жұмажанованың өтінішінде “Гранд Астана” тұрғын үй кешенінің жеке блоктарына қоныстандыру кезіндегі кем-кетіктер жөніндегі наразылығы айтылған. Тексеру кезінде фактілер расталып, қазіргі уақытта Үкіметтің резервінен осы тұрғын үй кешенінің екі блогының 6 секциясы құрылысын аяқтауға 3 млрд. теңге бөлу мәселесі шешілді.
Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданының 1-топтағы мүгедегі И.Әбдиев қыс мерзіміне көмірмен қамтамасыз етілді.
Ақтөбе қаласынан арбаға таңылған мүгедек М.Жетесовтің елордада экскурсиямен болып қайту туралы өтініші бойынша Ақтөбе облысының әкімдігі 5 мүгедектің Астана қаласына барып қайтуын ұйымдастырды. Осы облыс тұрғындары Г.Қопашева мен Р.Жалымбетовті жұмысқа орналастыру проблемалары шешілді.
Елбасының мемлекеттік органдар басшыларына берген тапсырмаларын орындау үшін үлкен ақпараттық-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Іс жүзінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың барлық бірінші басшылары телевизиялық хабарларға шығып, әртүрлі республикалық және жергілікті БАҚ-тарға сұхбат берді. Тұтас алғанда республикалық және жергілікті БАҚ-тарда мерзімді басылымдарға 200 материалдың және электрондық масс-медиаға 1200 сюжеттің шығарылымы ұйымдастырылды.
“Тікелей желі” барысында көтерілген өзекті мәселелерді шешу үшін еліміздің барлық өңірлерінде әкімдердің халықпен кездесуі болып өтті.
* * *
“Тікелей желіні” өткізу азаматтардың мемлекеттік билік пен Елбасына деген сенімінің жоғары деңгейін көрсетіп берді. Ізгі ниеттер мен тілектердің көптігі Президент саясатын қоғамның қолдап отырғанын айғақтайды.
Сонымен бірге сұрақтардың елеулі бөлігі жергілікті жерлерде шешімін таппаған соң Мемлекет басшысына жүгінген азаматтардың нақты проблемаларына қатысты болды.
Азаматтардың көптеген шағымдары мен ұсыныстарын шешу министрліктердің, ведомстволар мен әкімдіктердің 2010 жылға арналған жұмыс жоспарларында көзделгенін атап өткен жөн, олар мемлекеттік және өңірлік даму бағдарламаларын әзірлеу кезінде ескерілетін болады.
Президенттің 2010 жылғы 29 қаңтардағы “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауы халықтың “тікелей желі” барысында көрініс тапқан үміт-тілектеріне елеулі дәрежеде сәйкес келетінін ерекше атап өткен жөн. Соның ішінде, әлеуметтік-экономикалық салада – бұл зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді, стипендияларды, сондай-ақ бюджет қызметкерлеріне жалақыны көтеру; тұрғын үй-коммуналдық салада – тұрғын үй жинақтары жүйесін реформалау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жаңарту жөніндегі іс-шаралар жүргізу; құқықтық салада – құқық қорғау және сот жүйелерін кешенді реформалау, олардың ашықтығын арттыру; білім беруде – балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыру жөніндегі “Балапан” бағдарламасын әзірлеу, Астана қаласында “Жаңа халықаралық университет”, “Арнайы қор” және “Зияткерлік мектептер” ашу.
“Тікелей желіге” деген қоғам тарапынан жасалған серпіліс арқылы аталған іс-шараны өткен жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.