20 Ақпан, 2010

ЕЛБАСЫНЫҢ “ТІКЕЛЕЙ ЖЕЛІСІ” — өткен жылдың басты оқиғаларының бірі

1314 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
“Елімен етене Елбасы” деген сөз тіркесі қазір жиі ауызға алынады. Осы сөздің ақиқаттығына Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2009 жылдың 13 қарашасында өткізген “тікелей тележелісі” айшықты айғақ бола алады. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде ел өміріндегі орны өзгеше болған сол оқиғаның жай-жапсары, қорытындылары жарияланып, жұртшылық пікірлерінің түйіндеме сөздері беріліп отыр. 2009 жылғы 13 желтоқсанда Мемлекет басшысының қатысуымен өткен “тікелей желі” өткен жылдың маңызды оқиғалары­ның біріне айналды. Соның аясында бұқара халықтың осы іс-шараға қол жеткізуіне айрықша жағдай туғызылғаны белгілі. Телефон желілері, Интернет, ұялы байланыс желісі тәрізді мүм­кін болатын барлық байланыс арна­лары тегін қызмет көрсетті. 30 қазаннан бастап сұрақтарды тәулік бойы қабылдау қамтамасыз етілді. Call-орталығына тұрақты түрде 100-ден астам адам – мо­дераторлар, телефон опе­раторлары, тех­ни­калық қызмет­кер­лер жұмылдырылды. Салыстырмалы түрде алсақ, 2004 жылы Президенттің алғашқы “тікелей эфирін” өткізген кезде сұрақтарды жинау телефон байланысы көмегімен тек қана бір күн ішінде жүрсе, 2007 жылы іс-шара басталғанға дейінгі 7 күнде тек қана Интернет арқылы қабылданды. Осының барлығы “тікелей желіге” тү­се­тін сұрақтар мен өтініштер санының бұ­рын-соңды болып көрмеген көлемде ар­туына жол ашты. Олардың жалпы саны 44452 (бұл 2007 жылғы Интернет-кон­фе­ренция кезіндегіден 8 есе көп). “Тікелей желі” өткен уақытта іс-шараның сайтына 110 мыңнан астам адам кірген. Әлемнің 87 елінен шамамен 1 млн.-дай адам сайт­қа кіріп, жауаптарды қарап, танысқан. Сұрақтар санының аса көп болғанын ескере келе, “тікелей желіні” өткізу кезінде келіп түскен азаматтардың сұрақтарымен және өтініштерімен мұқият танысу жұмысы тек 2010 жылдың қаңтарында ғана толық аяқталды. *   *   * Сұрақтар мен өтініштердің жалпы санының 15 мыңдайы www.lіne.gov.kz Интернет сайтына, 17 мыңы – телефон арқылы, 3 мыңы – vopros@akorda.kz электрондық пошта арқылы, 9,5 мыңы SMS жүйесі арқылы келіп түскен. Өңірлік үлесі бойынша сұрақтардың көбі Астана (4986) мен Алматы (3569) қалаларынан, Алматы (3170), Оңтүстік Қазақстан (3077) облыстарынан келіп түскен (1-диаграмма). 1-диаграмма Мемлекет басшысына Қазақстан тұр­ғын­дарынан басқа ТМД елдерінен 85 аза­мат, алыс шетелдерден 30 азамат өтініш жасаған. Сұрақтардың 45%-ы мемлекеттік тілде, қалғандары орыс тілінде және екі өтініш ағылшын тілінде келіп түскен. Келіп түскен сұрақтар мен өтініш­тер­дің 46%-ы – сұрақтар, 30%-ы – өтініш-арыздар, 16%-ы – шағымдар, 8%-ы – ұсыныстар мен пікірлер (2-диаграмма). 2-диаграмма Талдау қорытындылары мейлінше жиі қойылатын сұрақтар мен өтініштердің мына тақырыптарға қатысты болғанын көрсетті: әлеуметтік-экономикалық сала – 18,6% (зейнетақы төлемдерінің мөлшерін арттыру, балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету және көпбалалы аналарға материалдық қолдау жасау, еңбекақы төлеу және еңбек қатынастары, сондай-ақ жұмыспен қамту және көші-қон проблемалары туралы сұрақтар); құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық – 16,3% (үлескерлік құрылыс проблемалары, тұрғын үй кешендерін өз уақытында пайдалануға бермеу, Тұрғын үй құрылыс мемлекеттік бағдарламасы бойын­ша өтініштерді қарау рәсімдері мен іріктеу өлшемдері, аулаларды абаттан­ды­ру, ПИК жұмысы, жер қатынастары саласы туралы сұрақтар); заңдылық және құқық тәртібі – 9,2% (сыбайлас жемқорлықпен күрес, мемлекет­тік сатып алулар кезінде заңды сақтау, мемлекеттік меншікті сақтау, жекелеген қоғамдық, діни бірлестіктер мен саяси партиялардың қызметі туралы сұрақтар. Шағымдардың басым бөлігі құқық қорғау органдарының, бақылаушы және қадағалаушы органдардың жұмысына (қыл­мыстық жауапқа негізсіз тарту туралы, қабылданған іс жүргізу шешім­дері­нің заңдылығын қайта тексеру туралы, қылмыскерлер мен хабар-ошарсыз кеткен адамдарды дұрыстап іздестірмеу туралы), жұмыс берушілердің іс-әрекеттеріне, жергілікті атқарушы органдардың шешімдеріне жасалған шағымдар. Өтініш білдірушілердің едәуір бөлігі өткізілген сот актілеріне, сондай-ақ сот шешімдерінің орындалуының толықтығы мен өз уақтылығына келіспейді. Олардың бірқатары шартты-мерзімінен бұрын босату тәртібін түсіндіруді, сондай-ақ рақымшылық жасау мерзімдері туралы айтуды сұраған); білім беру – 7,1% (мектепке дейінгі ұйымдардың қолжетімділігіне, ауылдағы балабақшалар мен мектептер құрылысына, сондай-ақ балалар алаңшалары мен спорт ғимараттарына, сондай-ақ қазақ тілінде оқытатын мектептер санын арттыру қажеттігіне, оқулықтар сапасына, мек­тептердегі заңсыз ақша жинауға, мұға­лімдерді жұмыспен қамту және тұрғын үймен қамтамасыз етуге қатысты проблемалар); денсаулық сақтау – 4% (респуб­ликалық емханалар мен шетелдерде емделу мүм­кіндіктері, жеңілдетілген дәрі-дәрмек­термен қамтамасыз ету, кепілді тегін медициналық көмек көлемін жоспарлау және атқару, денсаулық сақтау ұйымдарының материалдық-техникалық базасын жақсарту туралы сұрақтар); қаржы саласы – 3,5% (ипотекалық несиелерді өтеу мерзімін ұзартуға, салық салуға, азаматтардың жекелеген санат­та­рына жеңілдік беруге, сондай-ақ Қазақ­станның Кедендік одаққа кіруіне байла­нысты тамақ өнімдері, көпшілік сұранысқа ие тауарлар мен көлік бағасының өсуі мүмкін екендігіне қатысты); мәдениет және мемлекеттік тілді да­мыту – 2,9% (“Мәдени мұра” бағ­дарлама­сын іске асыру, қазақстандық БАҚ-тарды жаңарту, отандық киноиндустрия мен театр өнерін дамыту, елді мекендерді мемлекеттік телехабар таратумен қамту, мәдениет мекемелері қызметкерлерін әлеу­меттік қолдау, барлық жерде мемлекеттік органдарға толық мемлекеттік тілді енгізу, әлеуметтік-маңызды жобаларды қаржы­ландыру); қоршаған ортаны қорғау – 1% (ерекше қорғалатын табиғи аумақтар мен Алматы, Өскемен, Павлодар, Балқаш, Екі­бас­тұз сияқты өнеркәсібі дамыған қалалардағы ауаның, уран өндіретін аудандардағы экологияның, су ресурстарын қорғаудың, соның ішінде Аралдың, Кас­пий­дің және Балқаштың жай-күйі, экология саласындағы жаңа технологияларды енгізу мен халықаралық ынтымақтастық мәсе­лелері. Еліміздің батыс өңірінің тұрғын­дары үшін ірі мұнай-газ өндіруші ком­паниялардың жергілікті экологияға әсері неғұрлым алаңдататын мәселе болып табылады); армия – 1% (әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелерін, соғыс және өңірлік қақтығыстарға қатысушыларды әлеуметтік қамсыздандыру, әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету, жастарды әскери-патриоттық тәрбиелеу және әскерге шақыру алдындағы дайындау, мерзімді әскери қызметке шақыру және т.б.); Аталған тақырыптар жіктемесі 3-диаграммада келтірілген. 3-диаграмма “Жол картасы” бағдарламасын іске асыру зор серпіліс туғызып, қоғамның қолдауына ие болды, оның шеңберінде жұмыс орындарын ұйымдастыруға, өңірлік әлеуметтік нысандарға және жергілікті жерлердегі жолдарға ерекше көңіл бөлінді. Азаматтар автомобиль жолдарын, әсіресе ауылдағы жолдарды салуға, жолдарды жөндеудің жалпы алғандағы сапасына, сондай-ақ жоспарланған жобаларды іске асыруға көп көңіл бөле отырып, бұл бағдарламаны келесі жылы да жалғастыру туралы өтініш жасайды. *   *   * Барлық сұрақтарға жауап дайындау жұмысы ерекше бақылауға алынды. Орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қол қойған жауаптар сайтқа орналастырылды. “Тікелей желінің” сұрақтарына жауаптарды дайындау жұмысына барлық мемлекеттік органдар тартылды. Сұрақтар мен өтініштердің 63%-ы министрліктер мен ведомстволарға, 32%-ы Астана, Алматы қалалары мен облыстардың әкімдіктеріне жіберілді. Қалғандары Президент Әкімшілігінде қаралды (4-диаграмма). 4-диаграмма Сұрақтардың ең көп саны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің (9035 немесе олардың жалпы санының 20%-ы), Білім және ғылым министрлігінің (4835 немесе 10,8%-ы), Бас прокуратураның (3447 немесе 7,7%-ы) құзырына жатады. Жолданған сұрақтар саны бойынша мемлекеттік органдардың алғашқы ондығы 5-диаграммада көрсетілген. 5-диаграмма Өңірлік үлесте сұрақтар мен өтініш­тер­дің ең көп саны Астана (3367), Алматы (2214) қалаларының және Оңтүстік Қа­зақ­стан облысының (2213) әкімдіктеріне жі­берілген. Сұрақтардың өңірлер бойынша бөлінуі 6-диаграммада көрсетілген. 6-диаграмма Тұтастай алғанда, орталық және жергілікті органдар 43924 сұраққа жауап берген, оларды www.lіne.gov.kz сайтына орналастырған. Өтініштерді қарау нәтижелері бойын­ша 59%-ының авторына түсініктер берілді, 19%-ының өтініші толық немесе ішінара қа­нағаттандырылды, “тікелей желіге” қа­тысушылардың 8%-ына тиісті мемлекеттік органдарға жүгіну ұсынылды. Өтініштер­дің қалған 14%-ын пікірлер мен түсініктер құрайды, оларды қарау қорытындылары бойынша авторларға “тікелей желіге” қатысқаны үшін алғыс білдірілді. 1199 сұрақ жергілікті жерлерге барып қаралды. Жеке кәсіпорын өкілінің ши­кізат алуға және өнімді отандық нарықта өткізуге көмек көрсету туралы өтінішін қарау үшін Индустрия және сауда министрі Ә.Исекешев “AMІTECH ASTANA” ЖШС шыны-пластикалық құбырлар өндіру зауытында болды. Еңбек және халықты әлеуметтік қор­ғау министрлігі 445 өтінішті сапарға шы­ғып қарады, олардың 315-і дұрыс ше­шілді, соның ішінде 210 азаматқа жалақы төленді. “Тікелей желіге” түскен сұрақтарды қа­рау қорытындылары бойынша прокура­ту­ра органдары заңдылықты бұзуды жою туралы 57 ұсыныс, 3 ұйғарым, 2 наразы­лық енгізді, 10 жазбаша нұсқау берілді, 15 тәртіптік іс қозғалды, қылмыстық қудалау органдарының 9 заңсыз қаулысының күшін жойды, қадағалау сот инстанция­ларына 13 наразылық білдірді, 10 қылмыстық іс қозғады. Сыбайлас жемқорлықпен күреске қатысты бірқатар сұрақтар және эконо­ми­ка саласындағы заң бұзушылықтың өтініштердегі келтірілген нақты фактілері бойынша қаржы полициясы органдары 7 қыл­мыстық іс қозғады, 3 лауазымды адам­ды әкімшілік жауапқа тартты, 2 ма­териалды тәртіптік кеңеске жіберді, кейбір фактілер бойынша қосымша тергеу жүргізіп жатыр. *   *   * “Тікелей желі” барысында айтылған Мемлекет басшысының барлық тапсыр­малары мемлекеттік органдардың бақы­лауына алынған болатын. Жүргізілген жұмыс қорытындылары бойынша мынандай нәтижелерге қол жеткізілді. Үкімет кедендік бақылау арқылы өте­тін тауарлардың қымбаттауына жол бермеу, сондай-ақ жанар-жағар май (ЖЖМ) мен нан өнімдері бағасын ба­қы­лау жөніндегі кешенді шаралар қабыл­дады. Соның ішінде, Қырғызстан мен Өз­бекстанның кеден қызметкерлерімен жекелеген тауарлардың орташа бағалары туралы өзара ақпарат ұсыну туралы келі­сімге қол қойылды. Мұнай өнімдерін көтер­ме және бөлшек сауда арқылы та­рату­шылармен ішкі нарықты мұнай өнім­дерімен қамтамасыз ету және ЖЖМ баға­сын тұрақтандыру туралы меморандумдар жасалды. ЖЖМ нарығының бірқатар субъектілеріне (“Гелиос” ЖШС, “Петро­Қазақстан” сауда үйі” ЖШС және т.б.) қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды. Негізгі азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру жөнінде жедел және жүйелі шаралар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 2009 жылдың қорытындысы бойынша жекелеген азық-түлік өнімдері мен жеміс-жидек өнімдерінің бағаларының төмендеуі байқалады. “ҚазАгроМаркетинг” АҚ мони­торинг мәліметтері бойынша 2009 жылдың басынан бастап республика бойын­ша орта есеппен 1-сұрыпты бидай бағасының 18,6%-ға және нан бағасының 4%-ға төмендегені байқалады. “Жол картасы” аясында аудан орта­лық­тары мен ауылдарда өндірістер құру мақ­сатында мүдделі мемлекеттік орган­дарға облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдерімен бірлесіп 2010 жылы Жұмыспен қамту стратегиясы шеңберінде тұрақты жұмыс орындарын ашу жөніндегі қажетті шаралар қабылдау тапсырылды. Дәрілік заттардың сапасы мен қол жетімділігін бақылауды қамтамасыз ету үшін дәрі-дәрмектерді дистрибуциялаудың бірыңғай жүйесін енгізу аясында формулярлық жүйені енгізу басталды, оның басты қағидаты дәрілік заттарды өңірлердің сұранысы негізінде сатып алу болып табылады. 2010 жылы кепілді тегін медициналық көмек шеңберінде сатып алынатын дәрілік заттардың тізімі жергі­лік­ті бюджет қаражаты есебінен дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету сұранысының 70%-ға дейін және республикалық бюджет есебінен сұраныстың 100%-ына артты­рылды. Сонымен бірге, Президенттің “тіке­лей желі” барысында берген жеке тап­сыр­­ма­ларына сәйкес өтініш иелерінің мынадай проблемалары лайықты ше­шімін тапты. Қарағанды облысының тұрғыны, 56 жас­тағы 5-разрядты слесарь А.Тротно мамандығы бойынша “Қазақмыс” кор­порациясы” ЖШС құю-механикалық зауытына жұмысқа орналасты. Олимпиада чемпионы Илья Ильиннің жаттығуына жағдай жасалды, оған Ұлттық олимпиадалық комитеттен стипендия төлеу ұйымдастырылды. А.Мацицкийдің Балқаш қаласы әкім­дігінің талабы бойынша сот шешімінің заңсыздығы туралы өтінішін қарау нә­ти­жесі бойынша Бас прокуратура Қара­ған­ды облыстық сотының қадағалау алқа­сына осы сот актісін жою және істі қайта қарауға жіберу үшін наразылық жолдады. Сонымен қатар “тікелей желіге” аза­маттар А.Сальникованың, В.Кинстлердің, Ж.Айтпаеваның рейдерлік және кәсіп­керлердің құқықтарын бұзу фактілері бойынша арыздары келіп түскен. Аталған барлық арыздар бойынша прокуратура органдары шаралар қабылдап, өтініш авторларына тиісті түсініктемелер берді. Оңтүстік Қазақстан облысы, Ордабасы ауданының 5 елді мекенін ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі шешілді. 17 ауылда жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар жаңартылды. Бұл жұмысты 2010 жылы, соның ішінде “Жол картасы” шеңберінде жалғастыруға қара­жат бөлінді. Павлодар облысы, Май ауданында аудан әкімінің орынбасары жас мамандарды жұмысқа орналастырудан бас тартқаны үшін қызметінен босатылып, аудан әкіміне қатаң сөгіс жарияланды. Жас мамандарға тұрғын үй берілді. Ішкі істер министрлігі Тараз қала­сындағы жасөсіпірімдер қылмысының алдын алу жөніндегі жұмыстың жай-күйін тексеріп, әдістемелік көмек көрсетті. Осы мақсатпен Ішкі істер министрі С.Баймағанбетов Жамбыл облысына са­пармен барып қайтты. Облыста кәме­леттік жасқа толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алуды жақсарту жөніндегі іс-шаралар жоспары әзірленді, ол аулалық спорт клубтарын, спорт алаңшаларын, музыка және өнер мектептерін, кәсіптік лицей ашуды, жастардың бос уақытын ұйымдастыру жөніндегі басқа да шараларды көздейді. Оларды іске асыруға жергілікті бюджеттен 419 миллион теңге бөлу жоспарланып отыр. Үкімет мектепке дейінгі балалар меке­ме­лерінің жетіспеуі мәселесін шешу жө­нінде кешенді іс-шаралар жүргізуде. Со­ның ішінде, 2009 жылы мектепке дейінгі ұйымдар желісі 373 бірлікке (16,1 мың орынға) артты, 2010-2012 жылдары 2310 ұйымға (217 мың орынға) арттыру жос­парлануда. “Жол картасы” аясында 2010 жылы жергілікті атқарушы органдар 1,9 млрд. теңге сомасына мектепке дейінгі білім беру жүйесінің 73 нысанын жөндеуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар мемлекеттік органдар “тікелей желіге” өтініш білдірген азамат­тардың бірқатар проблемаларын қысқа мерзім ішінде лайықты шешіп берді. Батыс Қазақстан облысы, Шыңғырлау ауданының тұрғыны М.Доспаеваның өтініші бойынша оның үйіне ең төменгі ақымен газ жүргізілді. Осы облыстың Қа­ра­төбе ауданының тұрғыны А.Құлмыр­зинаға әлеуметтігі жағынан аз қамтылған адам ретінде жайлы пәтер бөлінді. Павлодар қаласындағы Ұлы Отан соғысына қатысушы А.Двойносқа оның берген өтініші негізінде 2009 жылғы 25 қарашада пәтері жеке меншікке тегін берілді. Павлодар облысы, Хмельницкое ауылының “тікелей желіге” өтініш жа­саған тұрғындарының үйлері орталық су құбырына қосылды. Сall-орталығына 2009 жылғы 1 қа­ра­шада Атырау қаласынан Н.Қосшанованың ес-түссіз жағдайда жатқан ұлына көмек көрсетуді сұраған өтініші келіп түсті. Консультативтік көмек көрсету үшін Ден­саулық сақтау министрлігі Астана қала­сынан Ана мен бала ұлттық ғылыми орта­лығынан дәрігер-реаниматолог жіберілді. Ақмола облысы, Атбасар қаласынан науқас Н.Сахноны, Алматы қаласынан Г.Мұратованы республикалық ғылыми медициналық орталықтарға жатқызу мәселелері шешілді. Шымкент қаласынан Б.Жұмабаеваның өтініші бойынша оны 2010 жылдың 1 тоқсанында ресейлік нейрохирургия ҒЗИ-да емдеу туралы мәселе шешілді. Білім және ғылым министрлігінің тапсырмасы бойынша Семей қаржы-экономикалық колледжі мен Экология және орман шаруашылығы колледжінің сту­денттеріне стипендия төленді; “Бола­шақ” бағдарламасының стипендиаты А.Арқабаеваға оқуын жалғастыру үшін Италияға виза ресімдеуге жәрдем берілді. Астана қаласының тұрғыны Л.Жұма­жанованың өтінішінде “Гранд Астана” тұрғын үй кешенінің жеке блоктарына қоныстандыру кезіндегі кем-кетіктер жөніндегі наразылығы айтылған. Тексеру кезінде фактілер расталып, қазіргі уақытта Үкіметтің резервінен осы тұрғын үй кешенінің екі блогының 6 секциясы құрылысын аяқтауға 3 млрд. теңге бөлу мәселесі шешілді. Жамбыл облысы, Т.Рысқұлов ауданы­ның 1-топтағы мүгедегі И.Әбдиев қыс мерзіміне көмірмен қамтамасыз етілді. Ақтөбе қаласынан арбаға таңылған мүгедек М.Жетесовтің елордада экскур­сия­мен болып қайту туралы өтініші бой­ын­ша Ақтөбе облысының әкімдігі 5 мү­гедектің Астана қаласына барып қайтуын ұйымдастырды. Осы облыс тұрғындары Г.Қопашева мен Р.Жалымбетовті жұмысқа орналастыру проблемалары шешілді. Елбасының мемлекеттік органдар басшыларына берген тапсырмаларын орындау үшін үлкен ақпараттық-түсіндіру жұмысы ұйымдастырылды. Іс жүзінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың барлық бірінші басшылары телевизиялық хабарларға шығып, әртүрлі республикалық және жергілікті БАҚ-тарға сұхбат берді. Тұтас алғанда республикалық және жергілікті БАҚ-тарда мерзімді басылымдарға 200 материалдың және электрондық масс-медиаға 1200 сюжеттің шығарылымы ұйымдастырылды. “Тікелей желі” барысында көтерілген өзекті мәселелерді шешу үшін еліміздің барлық өңірлерінде әкімдердің халықпен кездесуі болып өтті. *  *  * “Тікелей желіні” өткізу азаматтардың мемлекеттік билік пен Елбасына деген сенімінің жоғары деңгейін көрсетіп берді. Ізгі ниеттер мен тілектердің көптігі Президент саясатын қоғамның қолдап отырғанын айғақтайды. Сонымен бірге сұрақтардың елеулі бөлігі жергілікті жерлерде шешімін тап­паған соң Мемлекет басшысына жүгінген азаматтардың нақты проблемаларына қатысты болды. Азаматтардың көптеген шағымдары мен ұсыныстарын шешу министрлік­тер­дің, ведомстволар мен әкімдіктердің 2010 жылға арналған жұмыс жоспарларында көз­делгенін атап өткен жөн, олар мем­лекеттік және өңірлік даму бағдарлама­ларын әзірлеу кезінде ескерілетін болады. Президенттің 2010 жылғы 29 қаңтар­дағы “Жаңа онжылдық – жаңа эконо­микалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Қазақстан халқына Жолдауы халықтың “тікелей желі” ба­ры­сында көрініс тапқан үміт-тілектеріне елеу­лі дәрежеде сәйкес келетінін ерекше атап өткен жөн. Соның ішінде, әлеуметтік-экономикалық салада – бұл зейнетақыны, әлеуметтік төлемдерді, стипендияларды, сондай-ақ бюджет қызметкерлеріне жал­ақыны көтеру; тұрғын үй-коммуналдық салада – тұрғын үй жинақтары жүйесін реформалау, тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты жаңарту жөніндегі іс-ша­ралар жүргізу; құқықтық салада – құқық қорғау және сот жүйелерін кешенді ре­формалау, олардың ашықтығын арттыру; білім беруде – балаларды мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен қамтамасыз етуді арттыру жөніндегі “Балапан” бағ­дарламасын әзірлеу, Астана қаласында “Жаңа халықаралық университет”, “Ар­найы қор” және “Зияткерлік мектептер” ашу. “Тікелей желіге” деген қоғам тара­пынан жасалған серпіліс арқылы аталған іс-шараны өткен жылдың басты оқиғаларының бірі ретінде бағалауға мүмкіндік береді.