Әдеби кешке ақын Оңайгүл Тұржан, кинотанушы, өнертану кандидаты Нәзира Рахманқызы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Роза Мұқанова және «Егемен Қазақстан» газетінің журналистері мен әдебиет әлемінде жүрген шығармашыл жастар қатысты. Айтулы кездесуді «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаевтың құттықтау сөзімен ашып берді.
Кездесу барысында қадірлі қонақтар сөз алып, мерейтой иесінің шығармашылық әлемінен жан-жақты сыр қозғаса, жастар жағы осы сәтті пайдаланып сүйікті қаламгеріне көкейінде жүрген қызықты сауалдарын қойып, тұшымды жауап алды. Сырласу стилінде өткен жүздесудің ерекшелігі де сол – мұнда жазушы бұған дейін ешбір жерде айтылмаған тың дерек, қызықты сәттерімен бүкпесіз бөлісті. Оқырмандарына жан сырын ақтарды.
«Күлдіру үшін айтайын: мен кітапты шалқамнан жатып оқимын. Сосын асықпаймын. Екі-үш беттен кейін жауып қоямын. Содан араға біршама уақыт салып әрі қарай жалғастырып оқимын. Бір оқығанымды кейін қайтадан қайталап оқу – жас күнімнен келе жатқан жақсы әдеттерімнің бірі деп санаймын. Себебі сырылдатып оқып, сюжетті ғана қуып кетсең, ол оқу емес. Мен кітаптың, ондағы оқиғаның ішінен өзіме ұстаз адамның мінезін іздеймін. Кітап – ұстаз.
Шеберлік дегеннің өзі білімге байланысты. Көп оқу арқылы өз стиліңді қалыптастырасың. Өмірді көшеден ғана біліп қалмаңдар, өмірді әдебиеттен қабылдау, содан үйрену керек. Одан кейін тағы бір айтарым – жазушыға өмірбаян қажет. Егер болмаса, қолдан жасау керек. Қиындықтан, өзгеруден қорықпаған, ағысқа қарсы жүзуден жүрексінбейтін адамнан жақсы жазушы шығады» деген қаламгер кездесуге жиналған жастарға ақылын айтып, шығармашылық тәжірибесімен бөлісті.
Әкім Тарази – әдебиет әлемінің ғана алыбы емес, кино мен театр драматургиясында да суреткер салған сара жол сайрап жатыр. Қаламгер сценарийі бойынша көрерменге жол тартқан «Тұлпардың ізі», «Қараш-қараш оқиғасы», «Мұстафа Шоқай» фильмдерінің қай-қайсысы да мазмұн тереңдігі, тарихи деректерді көркемдік тұрғыдан шебер сөйлетуімен және де бір-біріне ұқсамайтын тың да күрделі бейнелерді шынайы жеткізуімен құнды. Әкім Тарази бойындағы шығармашылық тың қуат пен шынайы шеберліктен бөлек, жазушының азаматтық болмысындағы батылдық пен бірбеткейлік, өжеттік те әрбір туындысының табиғатына берік орнығып, сонысымен де қаламгердің өзіне ғана тән даралық түзген. Сол мінезімен, өз көзқарасынан айнымас адалдығымен кезіндегі қылышынан қан тамған қиын кезеңдердің өзінде тас жарған Тарази таланты, Тарази шеберлігі оқырманына сонысымен ыстық, сонысымен аяулы.
«Бұл кісі – әдебиет әлемінің Әкімі! Әкім ағамыз Әулиеата әлі «Джамбул» аталып жүргенде Тараз атауын тірілткен тұлға! Дамолла Әшімнің үмітін арқалаған ол кісінің азан шақырып қойған аты – Хаким. Дәлірек айтқанда, Хакім! Хакім – дүниенің түпкі мәнін терең ұққан ғұлама, xикмет-сырдың иесі деген мағына береді. Абайды xакім дейтініміз сондықтан. Әкім ағамыз – расында, Абайша айтқанда, «ақырын жүріп, анық басатын, қалыбы өзгермейтін, мінезі мінсіз, айнымайтын асыл адам» деп құттықтау лебізін жеткізген басылым басшысы Дархан Қуандықұлы тағылымды кеш соңында мерейтой иесіне барша ұжым атынан шапан жауып, құрмет көрсетті. Шынайы өрбіген әдеби әңгімеден рухани ләззат алған оқырман қауым да кездесуден марқайып тарқасты.
Назерке ЖҰМАБАЙ,
«Егемен Қазақстан»