24 Ақпан, 2010

“КЕҢ ДҮНИЕ, ЕСІГІҢДІ АШ, МЕН КЕЛЕМІН!”

1929 рет
көрсетілді
23 мин
оқу үшін
“Мінезім бар секілді құймақ – өлең, Анам маған: – Үлкенді сыйла, – деген. Үлкендерден ауыс­қан кіші­лікті, Үлкендердің өзіне сыйға берем. Қалған мұра Атамнан – ізеттілік, Арымды соған қойдым күзеттіріп. Адалдық – менің сәби Айбарым ғой, Маң­дайынан жүргені жүз өптіріп”, деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаевтың өзі айтқандай, оның туған күніне орай жақында астана­лықтар “Тұран” мейрамхана­сында поэзия кешін өткізді. Бұл ақынға деген ерек­ше құрметтің белгісі еді. Поэзия ханшайымы атанған Фариза Оңғарсынова өткен жылы мемлекеттік награда алып тұрып, ақын-жазушылардың басты наградасы халықтың сүйіп, іздеп оқуы дегені бар еді. Сол сөздің растығы осы кеште айқын аңғарылды. Алғашқы сөзді алған көрнекті жазушы Әкім Тарази Мұқағали Мақа­таев­тың поэзиясы қазақтың қара өлеңін алдындағы алыптардан кейін биікке көтер­ген құдірет екенін асыл аға­сы Әб­ділда Тәжібаевтың сөзімен дәйектеді. Ал белгілі жазушы Қажығали Мұха­мбет­қалиев ақынмен “Жұл­дыз” журна­лын­да бірге қызмет атқарғанын, сол тұстағы оның қарым-қабілетін анық танығанын жеткізсе, Қазақстан­ның халық әртісі Қайрат Байбосынов, сол секілді Лена Әбдіқалықова, Ерлан Төлетаев, Перизат Тұрарова, тағы бас­қа­лар ақын өлеңіне жазылған әндерді орындады. Қуанышбаев атындағы музыкалық-драма театрының және Жастар театры­ның әртістері “Моцарт. Жан азабы”. “Ару-ана” сияқты бірқатар өлеңдерін оқып, қойылымдар көрсетті. Әсіресе, Астана филармониясының әншілері мен бишілері ақын рухын әр қырынан көрсетіп, мектеп оқушылары Мұқағали жырларын бірінен кейін бірі жаңыл­май жатқа оқып, оған деген шынайы ілтипаттарын көрсетті. Бір сөзбен айтқанда, ақынға арнал­ған кеш жиылған жұрттың жан дүниесін серпілтіп қана қоймай, шын өлеңнің өміршеңдігін танытты. Соңы ақын өлеңдерін оқу мен оның сөздері­не жазылған әндерді орындаудан сайыс­қа ұласып, жүлдегерлерге сый-сыяпат көрсетілді. Осындай жыр кешінің өтуіне ұйытқы болған Астана қаласының Тілдерді дамыту басқармасының бастығы Оразкүл Асанғазы­қызы: “Біздің мұндай кешті ұйымдастырудағы мақсатымыз, қазақ өлеңінің шоқтығы биік ақынына құрмет көрсету бол­са, екінші жағынан бас­қосу­ға тек үлкендерді ғана емес, жас­тарды, оның ішінде мек­теп оқушы­ларын қатыс­тыра оты­рып, ұрпақ сабақтас­ты­ғының үзілмейтінін дәйектеу бола­тын. Соған орай, мектеп оқушыларының ынта-ықы­лас­тары ерекше болды. Олар ақын өлеңдерін бұған дейін де жатқа білетіндіктерін айтып, оған қосымша жыр шумақ­тарын қосып, ажарын аша түскеніне көпшілік куә болды. Бұған қарап кейінгі ұрпақ өлең оқымайды деген сөздің бекер екеніне көз жеткізесің. Ұйым­дастыра ал­сақ, ақынына халқы қашан да жан жылуын ұсына алады екен. Біз мұндай үрдісті алдағы уақытта да жалғастыра беретін боламыз”, деді. Сүлеймен МӘМЕТ. БІЗДЕ “МАЙДАНГЕРЛЕР АНСАМБЛІ” БОЛҒАН Қазақ туасы қауымшыл, думан­шыл халық қой. Әсіресе, Сыр елінде өнер десе ішкі асын жерге қоятын­дардың қатары мол. Жағдай болып жатса ән мен күйге белсене араласып ары қарай дамытып әкететіндердің көптігіне, олардың жігерлігіне сүй­сінесің. Сондай әсершілдік іздені­мпаз­дыққа ұласып 1985 жылы Шиелі ау­данындағы Жөлек ауылында “Май­дан­герлер ансамблі” құрылған еді. Оның бастамашылары сол кездегі ардагерлер кеңесінің төрағасы Шәкір Әбдіназаров пен клуб меңгерушісі Зәкір Жақыпов болатын. Жастары алпыстан асқан қариялардан әртіс жасамақшы болған әрекетіне алғашқы кезде күле қарағандар да бар еді. Бірақ Әлиакпар Әбдіреев секілді майдангер­лердің өнері күлегештерді аз уақытта тәубесіне келтіріп үлгерген-тін. Өйт­кені, ол кісі 1942 жылы сержанттар дайындайтын полкте оқығанынан бастап, шайқас даласындағы шеру­лерде ән салумен ерекшеленіпті. Сөйтіп, “Запевала” атанған екен. Осы өнерін Әлиакпар аға ауылда да жалғастырған. Ансамбль құрылғанда: – Әуелі “Катюшаны” айтамын, – дегені есімізде қарт сержанттың орнынан тіктеле тұрып. Сонан соң аңыратты дейсің оны. Бұдан соң “Темная ночь”, “Суровая время” кетті бойды шымырлатып. Көзінің оты ұшқындаған май­дангер жастық шағына қайта оралған­дай. “Зәкір, алдымен круж­ка­лар­ды толтыр сонан соң баянды қолға ал!” деп клуб меңгерушісі билеп-төстеп жөнел­ген-тін. Қызығы сол, “Кестелі орамал” секілді қазақ әуендері де шерулік әндерге келеді екен. Арқасы бар соғыс ардагері Шәкір аға да бұл кезде сырық­тай сержанттың қасында кеңірдегін созып шырқап тұр еді. Клуб мең­герушісі Зәкірдің жоғалғаны табылған­дай, өлгені тірілгендей болса да мәз. Соғыс ардагерлері Сейдәлі Сар­таев, Нәби Сүйінбаев, Аслан Шо­панов, Сәдір Ізтілеуов, Қали Әліп­баев, Мәлік Сапарымбетов бұл ұсынысты қуана қабылдады. Сөйтіп, сегіз кісі болашақ ансамбльдің негізін қалады. Өзара келісіп алған соң, күнде клубта дайындық жұмыстары басталып кетті. Осылай құрылған “Майдангерлер ансамблі” өздерінің алғашқы концертін Жөлектің ауыл клубында қойды. Ауданнан өкілдер де келіп қатысқан шара олардың өздері күткендерінен де асып түскен еді. Сол күнгі барлық қоше­мет, құр­мет соғыс ардагер­леріне арналды. Жөлектен шыққан өнерпаздар келе-келе ауданның бар­лық ауыл­­­дарында өз өнер­лерін көрсетті. Қы­зыл­орда қаласын­дағы қойы­лымдарына да жұрт көп жиналды. Жеңіс күні қарсаңында сол кездегі республика аста­насы Алматыға концерт қоюға шақыру келді. – Сонда бір қызық болды, – деп еске ала­ды ән бастаушы Әлиак­пар Әбдіреев. – Жүре­тін күн жақын­даған кезде Қали: “Мен бара алмай­мын-ау”, – деп қисаңдайды. “Е, не болды?” “Давлением жоғары. Ал­матың таулы жер көрінеді. Ауы­рып қалар­мын”. Әрі-бері үгітке көнбей, шырықты бұзатын түрі бар. Сонда кем­пірі: “Немістің оғы ал­мағанда, енді сені кім алады? Бар, телебезерден бір көрі­ніп кел”, деп көндіріп берді, – дейді. Шиеліден аттанған “Майдан­герлер ансамблі” Алматыда бір жеті болып, өз өнерлерін паш етті. Кон­церттерін Қазақ радиосы да жазып алды. “Мәде­ниет және тұрмыс” журналы сыртқы мұқабасына май­дан­герлердің ән салып тұрған сәтін бейнеледі. – Бір күні, – деп еске алады Шәкір Әбдіназаров, – “Алматы” қонақ үйінде жатқан бізді атақты жер­лесіміз, академик Шахмардан Есенов іздеп келіпті. “Жөлектің әнші шал­дары, біздің үйден сыбаға­ларыңды жеп кетіңдер”, – деп үйіне шақырды. “Ұлық болсаң, кішік бол” демекші, сол жолы атақты ғалым ақсақалдарымызды өз автокөлі­гінің рөлінде жүріп, қызмет жасапты. “Волгасымен” қонақ үйге екі рет қаты­нап үйіне алып кетсе, қай­тарында да солай етіпті. Бәрін құшақ­тап, бауырына басып, беттерінен сүйіп, ыстық ықыла­сына бөлепті. “Сен­дерді көріп, туған жерім, ағайын-туысқа деген сағыны­шым арта түсті”, – деп елжіреп отырыпты жатқан жерің пейіш болғыр Шәкең. Міне, содан бері де 25 жыл, ширек ғасыр өте шығыпты. “Майдан­герлер ансамблінің” мүшелерінің көбісі бақи­лық болып кетті. Тек Шәкір аға мен Әлиакпар аға ғана Ұлы Жеңістің 65 жылдығы мерекесіне жақындап келеді. Ән бастаушы Ә.Әбдіреев Мәс­кеуде өте­тін шеруге қатысу үшін бара­тын об­лыстағы 2 ардагердің бірі ретінде да­йын­дық үстінде. Жүріс-тұрысы ширақ, сөзі нық. Даусын кенеп, күніне бір мезгіл соғыс әуендерін айтып қояды. Нұрмахан ЕЛТАЙ, Қызылорда облысы, Шиелі ауданы. ОЙЫМЫЗ ОРЫНДАЛДЫ Мен бұл хатты қазақтың күміс көмей әншісі Ғарифолла Құрманғалиевтің 100 жылдық торқалы тойынан кейін жазып отырмын. Қазақта елі, жері үшін жан аямай күрескен, бар өнері мен күшін сарқа жұмсаған аяулы да абзал жандар баршылық екендігі белгілі. Олардың халқы үшін сіңірген еңбегін бағалап, еске алып отыру артында қалған ұрпақтарына аманат. Міне, сондай бар өмірін сарп етіп, халық өнерін танытқан жандардың бірі – Ғарифолла Құрманғалиев екені белгілі. Ол 1909 жылы Орал облысы, Қаратөбе ауданы, Ақкөл ауылында дүниеге келген еді. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын Ғарифолла алғашқы жылдары ауылдың кеңес хатшысы, кейін колхоз бастығы бола жүріп, атақты Мұхиттың және оның шәкірттері Шынтас пен Шайқының әсем әндерін тыңдап, жетіле түсті. Сөйтіп, 1934 жылы республикалық халық өнерпаздарының 1-слетіне қатысып, сол жылы-ақ Опера және балет театрына қабылданады. Ғарифолла көптеген опералық рөлдерде, соның ішінде “Жалбыр”, “Ертарғын”. “Қыз-Жібек”, “Абай”, “Евгени Онегин” секілді рөлдерде шебер ойнап, “Айнамкөз”. “Үлкенайдай”, “Ақкербез”, “Ісмет”, “Бозжорға” және басқа да өзі шығарған әндерді жақсы орындайды. Көп ұзамай Қазақ КСР-інің артисі атанады. Ол республика Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Еңбек Қызыл Ту және Қызыл жұлдыз ордендерімен марапатталған. Міне, әншінің осындай артында қалдырған еліне сіңірген еңбегін бағалай отырып, біз бұдан бұрын, ауыл тұрғындары “Тіл туралы” заңның “Елді мекендердің тарихи атауларын қалпына келтіру туралы” 19-бабына сәйкес жергілікті орындарға Шамалғандағы Первомайская көшесі туғанына 90 жыл толуына байланысты марқұм Ғарифолла Құрманғалиев атындағы көше болып аталсын деген ұсыныс түсірген едік. Бұл мәселені қараған еңбек ұжымы мәжілісіне барлығы 78 адам қатысып, олар түгелімен біздің ұсынысты мақұлдап, қабылдады. Аталған мәжіліс хаттамасының шешімін орындау Жаңашамалған ауылдық округі әкімінің орындалуына берілді. Сөйтіп, ештен кеш жақсы дегендей, көптен күткен көкейде жүрген бір игілікті іс шешімін тапты. Біз енді соған ризамыз. Абат АХАНОВ, Алматы облысы, Қарасай ауданы, Шамалған стансасы. ЖОЛБАРЫС. ҚЫЛ АРҚАН. ЖӘНЕ... ҚАРИЯ Менің әкем маған кішкентайымнан қызықты әңгімелер айтатын. Әрқайсысы өзінше бір тұнып тұрған тарих болатын. Солардың ішіндегі ең шытырман оқиғалы, қызықты бір хикаяны айтсам деймін. Бұл оқиғаны әкем жас шағында атасынан естіпті. Менің арғы бабам Бейсебай ертеде Жетісу өңірін мекен еткен екен. Жаз маусымында қазіргі Қарқара жайлауын, қыс кезінде қары аз түсетін Іле өзенінің үлкен сағаларын жағалай көшіп-қонып, тіршілік кешкен. Балалары азын-аулақ қойды бақса, атам “өзім ие болайын” деп бір үйір жылқыны жеке бағады екен. Ол кездегі Іленің бойы қазіргідей емес, аң-құсқа өте бай болған. Бірде атамның үйірін­дегі тай жоғалады. Ары іздеп, бері іздеп таба алмай құр қайтады. Біраз күннен соң тағы бір жабағы көзден ғайып болады. Жайып жүрген кезінде жылқыларды байқа­са, кең көсіліп шөп шүйкей алмай жүргенін сезеді. Үйірге не соқтығып жүргенін ойла­нып, таба алмайды. Бірақ “малды көзден таса қылмау керек” деген бір тоқтамға келеді. Араға біраз күн салғанда тағы да келесі жылқы ізім-қайым жоқ болып кете барады. Атам: “Енді бүйтіп қолымыздағы несібеден айырыла беретін жайымыз жоқ. Жылқыны алып кетіп жүрген не де болса жолбарыс. Адам бұлай талдап алмайды”, – дейді іштей. Содан бастап өгіздей алып, екі аяқты пендеге жеңілмейтін, әбжіл де айлакер мысықты өлтіру мүмкін емес екенін біліп, бірақ өлтірмесе бала-шағаны ризықтан айыратыны тағы еске түсіп, ойына маза бермейді. Ақырында атам тәуекел етіп, азулы жыртқышты өлтірмекке бел байлайды. Киім сыртындағы сол қолдың білегі мен бүкіл денесіне аттың қылынан өрілген арқанды сауыт сияқты орап, илігуі оңай болу үшін оң қолын ашық қалдырады да оған өткір қанжар іледі. Түні бойына жылқы үйірінің маңында, қамыс арасында бұғып жатады. Таң ата аспан көгі ағара бастағанда, айғыр пысқырып мазасыздана бастайды. Сол-ақ екен байғұс жануарлар елегізіп, жайылудан қалады. Құлақтарын қайшылап, тың тыңдауға көшкен жылқылар, бір сәтте дүркірей үркеді. Атам қараса қамыс арасынан оқтай атылған жолбарыс жылқы соңындағы тайды кеудесімен соғып құлатқанын көреді. Атам дәл осы кезде жолбарыстың артынан жетіп барады. Сыртынан тірі жан келгенін сезген жолбарыс атама қарай арандай аузын ашып ұмтыла бергенде, ол кісі арқан ораған сол қолын апандай ауызға көлденең тоса қояды. Аузы аттың қылына кіріп қайта шықпай қалған жолбарыс, жағын аша алмай тыпырлай бастайды. Атам әккі жыртқыштың бауырына кіріп үлгеріп, дәл жүрек тұстан қанжарды аямай сұққылап, оны қан жоса етеді. Таңды у-шумен атырған ел қамыс арасында өлген жолбарыстың маңына жинала бастайды. Барлығы алып мақұлықтың адам қолынан өл­гені­не таң тамаша болып, атамды жолбарыс­тың астынан зорға шығарып, аңның қарысып қалған жағына бақан сұғып, атамның сол қолын әрең суырып алады. Қария бір жұма ес-түссіз жатып, соңы­нан өз-өзіне бір келгенде балалары­на: “Ер­­­жет­тіңдер. Ұрпағымды жалғар сендер бар­сың­­­дар. Ризық, несібеден айырылып, елге күн­деріңді қарат­қым келмеді. Мен өлсем ажа­лым­ның жет­кені. Бір Аллаға разымын сендердің ержет­кен­деріңді көргеніме”, – деп дүние салып­ты. Бұл әңгімені айтудағы мақсатым – өз ата-бабамның осындай ерлік ісімен мақтану емес, керісінше өз ұлтымыздың таңдай қағарлық жүрек жұтқан батыр болғандығын еске салу, кейінгі жастарға үлгі-өнеге етіп көрсету. Бабалар ісін ұмытпай, дәріптейік дегім келеді. Назар ТҰРЫҚБАЙҰЛЫ, 11-сынып оқушысы. Алматы облысы, Райымбек ауданы, Кеген ауылы. ӘН ӘЛЕМІНДЕГІ ӘНУАРБЕК Шырайлы шығыс жерінде кішігірім Марқакөл деген елді мекен бар. Осы Марқа өңірінен де талай өнерлі жастар шыққан. Соның бірі – Әнуарбек Сағ­дол­даұлы Отарбаев. Мектеп бітірген соң Әнуарбек аға шопанның көмекшісі болып еңбекке араласады. Сонда жүріп комсомол комитетінің хатшысы болып сайланады. 1968 жылы Отан алдындағы борышын өтеуге Амур облысына жіберіледі. Бейбіт заманда да ерлік жа­сауға болады екен. Бір күні ойда жоқта қоймадан өрт шығады. Көзді ашып-жұмғанша өрт талай жерді шарпып кетеді. Ал қоймада адамдардың болуы әбден мүмкін. Ойланып тұратын уақыт жоқ. Жас жігіт отқа оранған қоймаға кіріп кетеді. Шынында да, қателеспепті. Ес-түссіз жатқан бір адамды далаға көтеріп шығып, ажал аузынан арашалап аман алып қалады. Осы ерлігі үшін “Әскери даңқ” және “Өрттен құтқарған ерлігі үшін” деген екі медальмен марапат­талады. Бала күннен әнді сүйген жас жігіт әскер қатарында жүрген кезде де осы әдемі өнерден қол үзбейді. Әскерден оралып кел­геннен кейін аудандық мәдениет бөліміне қызметке орналасады. Әуелде “Қызыл отау” және ав­токлуб меңгерушісі болады. Біраз уақыт “Сәуле” халықтық үгіт театрында режиссер болып, одан соң он жыл бойы аудандық мәдениет үйінің директоры ретінде бірсыпыра өнегелі істер жасады. Ал 2002 жылдан бастап біржола “Сәуле” халықтық театрының ре­жиссері болып қызмет етіп келеді. Өмірінің өркенді жылдарында әнші Қазақстанның барлық қалаларында дерлік өнер көрсетіп, көрермендер қошеметіне ие болды. Ол кісінің әншілік дарыны тек облысқа ғана емес, республика жұртшылығына кеңінен таныс. Алматы, Ақтөбе, Семей, Шым­кент қалаларында өткен әншілер байқауында бірінші орынды жеңіп алғаны тағы бар. Сондай-ақ ол 1987 жылы өнер қайраткерлері құрамында Германиядағы Қазақ­стан өнерінің онкүндігіне қа­тысып, Ә.Дінішев, Ғ.Есімов, Н.Үсенбаевалармен бірге Берлин, Карл Марксштадт сияқты ірі қалаларда өнер көрсеткен. Бол­гарияның София, Габрово қала­ларында да болып, ондағы жұртты өнерімен тәнті етті. Әнші репер­туары өте бай. Орыс, қазақ, ук­раин, болгар тілдерінде шырқаған әндерін халық әрқашан қоше­метпен қабылдайды. Ал “Жеңіс күні” әнін Әнуарбектей ешкім ай­та алмайды десем, басқа әншілер ренжи қоймас. Әнуарбек Сағдолдаұлы тек қана әнші емес, шебер актер де. Ол кісінің сомдаған рөлдері 60-70-тен асады. Шекспирдің “Отелло” спектакліндегі Отелло, “Қозы Көрпеш-Баян сұлудағы” Қодар, “Ревизордағы” дуанбасы рөлдері өнерсүйер қауымның есінде ұзақ сақталары сөзсіз. Ауылдағы оңды өзгерістер, кем­ші­ліктер жайлы сатиралық қойы­лымдар жазып, оны өзі ойнап береді. Концерттер, та­қырыптық кештер, әр түрлі ме­рекелік ша­ралардың сценарий­лерін жазып, өзі жүргізіп, елді үйіріп алатын тамаша жүргізуші. Ел арасында танылмай жүрген өнерлі жастарды тауып, халыққа таныту – Әнуар­бек ағаның өмірлік ұстанымы. Соңғы жыл­дары “Жас қанат”, “Көркемсөз оқу шебері” сияқты түрлі бағ­дарламалар жиі өткізіледі. Ол жас таланттармен жұмыс істеуден еш жалыққан емес. Оларды сахна мәдениетіне баулып, жыр шумақ­тарын қалай мәнерлеп оқу кере­к­тігін үйретеді. Өзі де бірнеше музыкалық аспаптарда еркін ойнайды. Ауылдың үлкені де, кішісі де Әнуарбек Сағдолдаұлына ерекше құрметпен қарайды. Ол кісіні еркелетіп “Ән аға” деп кеткен. Бүкіл ғұмырын мәдениет саласына арнаған ол өнер жолына шын берілген, нағыз өз ісінің шебері. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтан алған “Алғыс хаты” көп жылғы жемісті еңбегінің лайықты бағасы деуге болады. Жеке өмірі де өзгелерге үлгі. Жұбайы Қадира Айдарханқызы №1 Теректі орта мектебінде орыс сыныптарына қазақ тілінен сабақ беретін, жоғары санатты ұстаз. Отбасында Азамат, Аманжол атты 2 ұл тәрбиелеп өсірді. Олар өз отбасыларымен Алматыда тұрады. Марқакөлдің сұлу табиға­ты­ның аясында өсіп, ер жеткен Әнуарбек сонау 90-шы жылдары өзге адамдар сияқты Жерұйықты іздеп, басқа жаққа қоныс аударған жоқ, туған жерден алысқа кетуді жөн көрмеді. Ол ісіне қазір де еш өкініш білдірмейді. Жаны таза, өнерге адал, ең бастысы Марқакөлін ерекше сүйетін Әнуарбек Сағдолдаұлына мол шығармашылық табыстар тілейміз. Әнағаның өз ауыл­дастарын әлі де шуақты өнерімен қуанта беретініне сеніміміз мол. Айжан АХМЕТОВА, №1 Теректі орта мектебінің мұғалімі.Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы.