Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Елімізде жұмыспен қамтылған жастардың саны - 2,1 млн адамды құрайды

1025 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Халықаралық еңбек ұйымы» келтірген ақпарат бойынша, соңғы 20 жыл ішінде әлемде жастар саны 139 млн адамға артып отыр. Бұл туралы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың баяндамасында кеңінен айтылды. 

Елімізде жұмыспен қамтылған жастардың саны - 2,1 млн адамды құрайды

Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасының жобасымен таныстырған министр, біздің елде жұмыссыз жастардың саны жыл сайын кеміп келетінін тілге тиек етті. Оған мысал, 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6 процентті құраса, биылғы көрсеткіш бойынша жұмыссыздың деңгейі 7,7 процентке дейін кеміген.

Жұмыссыздық деңгейінің төмендеу көрсеткішін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те растап, 2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2 проценттен 2017 жылы 3,8 процентке дейін кемігенін жеткізді. Оның айтуынша, осындай нәтижеге қол жеткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы–2020», «Жасыл ел», «Дипломмен ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! (Серпін)» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар мұрындық болып отыр. Мысалы, 2014 жылдан бастап іске асырылып келетін «Серпін» жобасы аясында 9 облыстағы 26 жоғары оқу орындарында 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алуда. Әсіресе, әлеуметтік жағынан аз қамтылған және де көп балалы отбасыларынан шыққан балалар аталған жоба арқылы өз біліктіліктерін арттыруға мүмкіндік алып отыр. Бұған қоса өткен жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54 процентке дейін көбейді.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова өз баяндамасында 2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 проценті құрайтынын жеткізді. Бұл дегеніміз бүгінгі күні 82,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркеліп отыр деген сөз. Ал жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны 2,1 млн адам.

Оның ішінде 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер болса, ал 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Еліміздегі жастардың 36 проценті жоғары білімі, 39 проценті арнайы орта білім алған. Ал қалған 25 процент негізгі білім алған жастарға тиесілі болып отыр. Бүгінгі күнгі көрсеткіш бойынша елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады.

Еркежан АЙТҚАЗЫ,

«Егемен Қазақстан»