Спорт • 18 Қыркүйек, 2018

Жеңімпаздар әлем чемпионатына барады

471 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Батыс Қазақстан облысының Ақсай қаласында самбодан 2002-2003 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы Қазақстан біріншілігі аяқталды.

Жеңімпаздар әлем чемпионатына барады

Ұлдар бәсекесінде Атырау мен Түркістан облысының өкілдері екі реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді. Батыс өңірінен келген спортшылар арасынан Мәди Оразов (50 кило) пен Мәдениет Құлманов (55 кило) қарсылас шыдатпаса, Оңтүстіктің оғландары қатарынан Ілияс Әбдуақас (66 кило) пен Бексұлтан Әшен (78 кило) озды. Тағы алты бас жүлде өзге команда мүшелеріне бұйырды.

Олар – жамбылдық Нұрдәулет Ерік (42 кило), қызылордалық Ернар Қуандық (46 кило), байқоңырлық Диас Мәжитов (60 кило), шығысқазақстандық Серікбол Естай (72 кило), талдықорғандық Мұхамедәлі Мавлидов (84 кило) және оралдық Замир Хамзин (+84 кило).

Қыздар сайысында Алматы облысынан келген бойжеткендердің қарқыны өте күшті болды. Олар 5 салмақ дәрежесі бойынша бас жүлдені олжалады. Атап айтсақ, Аружан Арман (38 кило), Гузаль Аюпова (48 кило), Ақнұр Асылбекова (58 кило), Айдана Жарболова (60 кило) және Карина Скогорева (+70 кило) алтыннан алқа тағынды. Сондай-ақ, шымкенттік Әсемгүл Балтабай (41 кило), қызылордалық Құндыз Жылқыбай (44 кило) мен Нарқыз Воисова (52 кило), астаналық Мадина Ержан (65 кило) және оралдық Риза Сүлейменова (70 кило) жарыс жеңімпазы атанды.

Жарыстың бас хатшысы Нұфтолла Түменовтың айтуынша, ел біріншілігінде топ жарған балуандар 7-8 желтоқсан аралығында Сербияның Нови-Сад қаласында өтетін әлемдік додаға қатысады.

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»