Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Құрылыс компаниялары қызығушылық танытуда

93 реткөрсетілді

Бас жоспары жасалып жатқан Түркістан қаласы қай бағытта дамиды? Бір анығы - қаланың өзегі ұлттық рухани құндылықтар, оның ішінде тарихы, тілі мен дәстүрі болып айқындалған. Қаланың ертеңгі тіршілігін айқындайтын жобаларды бекітуге ұсынушылардың мәлімдеуінше, Түркістан түрленіп тарихын жаңғыртады, мемлекеттік тілді төрге оздырып, дәстүрді дәріптейді. Көшелер мен алаңдар өткенге сәуле түсіретін әуезді атауларды иеленіп, көрнекілік құралдар, көше, ғимарат атаулары латын графикасындағы қазақ тілінде сөйлейтін болады.

Олай деуімізге қолдау тапқан «Түркістан облысының әкімшілік-аумақтық бірліктерін қайта атау туралы» және «Түркістан облысы Түркістан қаласының атауы жоқ көшелеріне атау беру туралы» облыстық мәслихат шешімінің жобасы да себеп болып отыр. Осы шешімге сәйкес, Түркістан қаласындағы «32-Разъезд» елді мекені Қарсақты болып өзгертілсе, «30-Разъезд» елді мекені Ескі Сауран деп аталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласындағы аты жоқ 330 көшеге атаулар беріледі.

Осыған сәйкес, облыс орталығында Күлтегін, Қазтуған жырау, Ханқорған, Алты Алаш, Мәңгілік Ел, Елім-ай, Болат хан, Күлтөбе және өзге де көшелер пайда болады. Тағы бір белгілісі Түркістанды білімге құштар жастардың қаласына айналдыру көзделген. Бұл орайда Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің жанынан әлемнің озық тілдерін үйрететін орталық құру жолдары қарастырылмақ.

Жаңадан бой көтеретін нысандар да аса биік болмай, шығыстық қалыпта салынбақ. Ал енді құрылыс компаниялары мұндай талаптарды орындай ала ма, ол екінші мәселедегі әңгіме. Жуырда Түркістан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Кангты қабылдаған болатын. Әрине әңгіме Түркістан қаласын дамыту мен екіжақты әріптестікті күшейту төңірегінде өрбіген. Ертеңгі тапсырыстағы талаптарды құп көрсе, құрылыс саласында өзіндік орны бар кореялық компаниямен бірлесіп жұмыс істеуге облыс дайын. Кореялық құрылысшыға Түркістан қаласын дамыту Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бақылауында тұрғанын ескерткен облыс әкімі қазірдің өзінде ғимараттар салуға көптеген компаниялар қызығушылық танытып отырғанын да құлаққағыс етті.

Бірге жұмыс істеуге шақырды. Келіссөз сәтті аяқталса, жер беріліп, инфрақұрылым тартылатынын да, заман талабына сай нысандарды салуға мүмкіндіктері бар екенін де білдірді. Ал «Хайвилл Қазақстан» компаниясының бас директоры Джон Дэ Канг Түркістан қаласында түрлі әлеуметтік нысандар мен көпқабатты үйлер салуға ниетті екенін жеткізді. Облыс әкімдігі мен компания басшылығы алдағы уақытта да келіссөздерді жалғастыруға уағдаласты.

Әрине облыс орталығын дамыту, бірінші кезекте қажетті нысандар құрылысын қарқынды жүргізу бүгінде күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Дегенмен, облыс әкімдігі өңірге инвестиция тартуды да назардан тыс қалдырған емес. Жуырда Түркістан облысының делегациясы Анкарада өткен қазақстандық-түркиялық бизнес форумда  Түркияның ірі холдингтері мен компаниялары басшыларымен келіссөз жүргізді. Қос елдің 200-ден астам ресми тұлғалары мен ірі кәсіпкерлері қатысқан форумда түрік инвесторларына Түркістанның инвестициялық тартымдылығы мен ары қарай дамытуға және кеңейтуге болатын салалары таныстырылды. Жеңіл өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен және туризм саласындағы мүмкіндіктер де сараланған. Келіссөздер нәтижесінде Түркияның «DAL Holding Investment Company» холдингі Түркістан облысының 200 га жер аумағында инвестициялық құны 500 млн. АҚШ долларын құрайтын жылыжай салуға ниет білдіріпті. Жобаны жүзеге асыру барысында жылыжай аумағында тоңазытқыш әрі көкөніс қоймасы салынып, 1000-нан астам жұмыс орны ашылады.

Ал түркиялық «Dilmen Dekorasyon inş. Taah. Tic. Ltd Şti» атты компаниясы келесі жылы Түркістан облысында жиһаз шығаратын фабриканың құрылысын бастамақ. Тартылатын инвестиция көлемі - 5 млн. АҚШ доллары. Форум барысында «Çalık Enerji» және «Zorlu Holding – Zorlu Enerji» атты ірі компаниялар 50 МВт қуаты бар күн электр станцияларын салуға дайын екендерін білдірген. Жобаның жалпы құны 120 млн. АҚШ долларын құрамақ. Осындай нәтижелі келіссөздер қорытындысы бойынша Түркістан облысы әкімдігі мен ірі түрік компанияларының арасында жалпы инвестиция көлемі 625 млн. АҚШ долларын құрайтын 4 меморандум түзілген.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Егемен Қазақстан»

Түркістан облысы.

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Жаңғырық жайлы хикая

Руханият • Кеше

Қаламның қарагері

Руханият • Кеше

Дәстүр білген адаспас

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар