Қазақстан • 18 Қыркүйек, 2018

Студент жастардың жатақхана мәселесі шешілуде

683 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Нұр Отан» партиясы Алматы қалалық филиалында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуіндегі үшінші бастама – «Жоғары білім алудың қолжетімдігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы» жағдайын жақсартудың» іске асыру барысын талқылау бойынша жиналыс өтті.         

Студент жастардың жатақхана мәселесі шешілуде

Парламент Сенатының депутаты, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұловтың төрағалық етуімен өткен жиынға Білім және ғылым министрлігінің лауазымды қызметкерлері мен Алматы қаласында орналасқан Жоғары оқу орындарының ректорлары қатысты. Кездесу барысында ЖОО-ның Алматы қаласындағы жатақханалар құрылысының барысы егжей-тегжейлі талқыланды. Атап айтқанда, қажетті құжаттарды уақтылы дайындау, осы іске инвесторларды тарту, кезек күттірмейтін маңызды шаруаларды жүзеге асырудың тетіктерін табу және басқа да келелі мәселелер бойынша кеңінен әңгіме қозғалды.

Жоғарыда айтылған үндеудің үшінші бастамасында Мемлекет басшысы былай деген еді:

Біз әлемдік стандарттарға сай білім беру жүйесін қалыптастыра отырып, студенттердің білім алуына және тұратын жеріне жағдай жасауға тиісті назар аударуымыз қажет.

Қазір жоғары оқу орындары мен колледждердің студенттерін жатақханамен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті.

Бұл міндетті шешу үшін жоғары оқу орындары, колледждер мен девелоперлік компаниялар мемлекет пен жеке меншіктің серіктестігі қағидасымен жатақхана салуды бастауы керек.

Мемлекет өз тарапынан Білім және ғылым министрлігі арқылы жатақхана құрылысына жұмсалған инвестициялардың белгілі бір бөлігі біртіндеп қайтарылуына кепілдік береді.

2022 жылдың соңына дейін студенттерге арнап кемінде 75 мың орындық жаңа жатақхана салуды тапсырамын.

Бұл алдағы жылдарда өсе түсетін сұранысты ескергеннің өзінде жатақхана тапшылығын біржола шешеді».

Міне, осы тапсырманың орындалуы барысы жайында Парламент Сенатының депутаты, «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» бақылау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрағасы Бақытжан Жұмағұлов, Білім және ғылым вице-министрі Бибігүл Асылова және басқа да осы іске жауапты қызметкерлер баяндама жасады. Ал ЖОО-ның ректорлары әлі де шешілмей жатқан түйткілді мәселелерді тілге тиек етіп, алға қойған жоспарларымен де бөлісті.  

Ғалым СҮЛЕЙМЕН,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ