2,1 млн жас жұмыспен қамтылды
«Халықаралық еңбек ұйымы» келтірген ақпарат бойынша, соңғы 20 жыл ішінде әлемде жастар саны 139 млн адамға артып отыр. Бұл туралы Қоғамдық даму министрі Дархан Кәлетаевтың баяндамасында кеңінен айтылды. Жастарды әлеуметтендіру және жұмыспен қамту бойынша жол картасының жобасымен таныстырған министр, елімізде жұмыссыз жастардың саны жыл сайын кеміп келе жатқанын тілге тиек етті. Оған мысал, 14 пен 29 жас аралығындағы жұмыссыз жастардың үлесі 2001 жылы 18,6 процентті құраса, биыл жұмыссыздық деңгейі 7,7 процентке кеміген. Жұмыссыздық деңгейінің төмендеу көрсеткішін Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев те растап, 2015 жылмен салыстырғанда жастар арасындағы жұмыссыздық 4,2 проценттен 2017 жылы 3,8 процентке дейін кемігенін жеткізді. Оның айтуынша, осындай нәтижеге қол жеткізуге «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020», «Жасыл ел», «Дипломмен – ауылға!», «Жастар практикасы», «Мәңгілік ел жастары – индустрияға! («Серпін»)» секілді және тағы басқа әлеуметтік бағдарламалар мен жобалар мұрындық болған. Мысалы, 2014 жылдан бастап іске асырылып келе жатқан «Серпін» жобасы аясында 9 облыстағы 26 жоғары оқу орнында 12 344 студент және 7 өңірде 37 колледжде 2276 студент білім алуда. Әсіресе әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан балалар аталған жоба арқылы оқуға мүмкіндік алып отыр. Бұған қоса өткен жылдан бастап баршаға арналған тегін техникалық-кәсіптік білім беру жобасы іске асырылуда. Жоба шеңберінде колледждерде мемлекеттік білім беру тапсырысы 54 процентке дейін көбейді.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова өз баяндамасында 2018 жылғы ІІ тоқсанның қорытындысы бойынша жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3,8 процентті құрайтынын жеткізді. Бұл дегеніміз бүгінде 82,4 мың адам жұмыссыз ретінде тіркелгенін көрсетеді. Ал жұмыспен қамтылған жастардың жалпы саны 2,1 млн адам. Оның ішінде 1,5 миллионы жалдамалы жұмыскерлер болса, 456 мыңы өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады. Еліміздегі жастардың 36 проценті – жоғары білім, 39 проценті арнайы орта білім алған. Ал қалған 25 процент негізгі білім алған жастарға тиесілі болып отыр. Елімізде жыл сайын 21 мыңнан астам адам техникалық және жұмысшы кәсіптеріне оқытылады.
Елорда тұрғындарының саны 2 млн-ға жетпек
Үкімет отырысында елорда әкімі Бақыт Сұлтанов Астана қаласының 2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылысы жөніндегі кешенді жоспарымен таныстырды. Аталған жоспар бойынша Астана қаласындағы 25,7 мың гектардан 15,4 мың гектарға дейінгі аралық, оның ішіне Мыңжылдық аллеясы мен «Нұрлы жол» вокзалы, Мәңгілік Ел даңғылы, Тұран даңғылынан батысқа қарай, Тельман кентінен оңтүстікке қарай және Асан Қайғы көшесі аумағын жаңарту көзделіп отыр. Әкімнің келтірген дерегіне сәйкес, халықтың көші-қон және туу көрсеткіштерінің өсуі есебінен халық санының жыл сайын орташа есеппен 2,5 есеге ұлғаюы мүмкін. Сөйтіп бас қаланың тұрғындары 2030 жылға қарай шамамен 2 млн адамға жетпек. Халық санының артуына байланысты туындаған мәселелерді шешу жолдарын Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин былай түсіндіреді:
− Жоспарға сәйкес, 2023 жылға қарай қала тұрғындарының саны 1,5 млн адам болады деп есептелген. Қала халқының саны артқан жағдайда тұрғын үймен қамтамасыз ету және құрылыс, инженерлік инфрақұрылымды салу, орта білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет нысандарын салу мәселелері туындайтыны анық. Осы жоспарда аталған мәселелер бойынша нақты шаралар қарастырылған. Жоспар бойынша алдағы 5 жылда 10 млн шаршы метр тұрғын үй салынып, 546 мың адам баспанамен қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 37 мектеп, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жүргізіледі. Кешенді жоспарда мемлекеттік-жекеменшік әріптестік тетігін қолдану арқылы жобаларды іске асыру қарастырылған. Жалпы қаланың дамуына 6 трлн теңге жекеменшік инвестиция тартылады, – деді А.Мамин. Ал қала әкімі Б.Сұлтановтың айтуынша, Астана қаласынан республикалық бюджетке жыл сайынғы түсімдер 14 процентке, 2018 жылғы 823 млрд теңгеден 2023 жылы 940 млрд теңгеге дейін өседі.
Сонымен қатар қала әкімі елордада жаңбыр суларын жинау алаңы 10 гектарға ұлғаятынын хабарлады. Нақты шешімді қажетсінетін Астананың өзекті мәселелерінің бірі нөсер кәрізі екеніне тоқталып, 2019 жылдың соңына қарай тазалау құрылыстарын реконструкциялау және жаңаларын салу жұмыстары жоспарланатынын айтты. «Бұл 17 мың гектар ауданды қамтуға және жер үстіндегі сулардың кедергісіз кетуіне мүмкіндік береді», деді Б.Сұлтанов. Оның айтуынша, су жинаудың жалпы алаңы 13 мың гектардан 23 мың гектарға дейін ұлғаяды.
2019-2023 жылдарға арналған жинақы құрылыс жөніндегі кешенді жоспар туралы баяндамалар аяқталған соң, Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев Мемлекет басшысының «Астана экономикасы бәсекеге қабілетті, өмір сапасы жоғары және қоршаған ортасы жайлы, көп функционалды қала ретінде дамуы тиіс» деп шегелеп айтқан тапсырмасын тілге тиек етіп, Астана әкімдігіне және барлық мүдделі мемлекеттік органдарға кешенді жоспардың іс-шараларын уақтылы әрі сапалы орындауды тапсырды.
Биыл экспортқа шығарылатын астық көлемі – 9 млн тонна
Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеев өз баяндамасында егін жинау науқаны қазан айының бірінші онкүндігінде аяқталатынын айтты. Оның айтуынша, қазіргі таңда 8,9 млн гектардан 11,2 млн тонна астық алынып, түсім гектарына 12,5 центнерді құрады. Оңтүстік облыстарда 86 процент, батыс облыстарда – 89 процент, солтүстік, орталық және шығыс облыстарда 56 процент дәнді дақыл жиналды. Алдағы уақытта 6,1 млн гектар алқаптан дәнді дақыл жиналады деп күтілуде. Қолда бар егін жинайтын комбайндардың күндік өнімділігі 800 мың гектарға жуық және ауа райы қолайлы болған жағдайда егін жинауды қазан айының бірінші онкүндігінде аяқтауға мүмкіндік бар. Бұған қоса, биыл елімізде 20 млн тонна дәнді дақыл жиналмақ.
− Ағымдағы жылы дәнді дақылдар 15 млн гектар алқаптан жиналатын болады. Оның ішінде бидай 11,1 млн гектарды құраса, ал майлы дақылдардың жиналатын алқабы 2,8 млн гектар. Бұл көрсеткіш өткен жылғы деңгейден 400 мың гектарға артық болып отыр. Республика бойынша 20 млн тонна дәнді дақыл жиналады деп болжануда. Майлы дақылдар өндіру көлемі 2,3 млн тонна деңгейінде болады деп күтілуде, – деді Ө.Шөкеев. Министрдің айтуынша, көрсетілген көлемдер астықтың экспорттық әлеуетін
9 млн тоннаға дейін, майлы дақылдардың экспортын 1 млн тоннаға дейін жеткізуге және май шығаратын кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шілде-қазан айларының аралығында егін жинау жұмыстарына 394 мың тонна дизель отыны жұмсалған. 14 қыркүйектегі жағдай бойынша егін орағын жүргізуге 268 мың тонна дизель жөнелтілді. Жалпы бүгінге дейін жіберілген дизель отынының көлемі 68 процентті құрайды. Өңірлерде қыркүйек айында шаруаларға жеткізіп беру бағасын қоса алғанда, дизель отынының орташа бағасы литріне 165 теңгені құрап отыр.
Сонымен қатар Ө.Шөкеев жауын-шашынның әсерінен негізгі астық егетін өңірлер былтырғы жылмен салыстырғанда егін жинау кестесінен 20-25 процентке қалып келе жатқанын айтты. Бақытжан Сағынтаев болса, қазіргі ауа райын тиімді пайдаланып, егін жинау жұмысын уақтылы аяқтауды тапсырды.
Еркежан АЙТҚАЗЫ,
«Егемен Қазақстан»