Елбасы Жолдауында өңірлерде сырқат жандарға медициналық қызметті жақсартып, заманауи жабдықтар мен қондырғыларды орнату, саннан гөрі сапаға көңіл аудару қажеттігі айтылған. Міне, осы бағытта Өскемендегі облыстық аурухананың кардиология бөлімшесі заманауи озық медицина аппараттарымен жабдықтала бастады. Соңғы бірер жылда мұнда жүрек-қан тамырлары, инфаркт миокардасы, инсульт, басқа да сырқаттарды емдейтін шетелдік қондырғылар орнатылған. Кардиология бөлімшесінің меңгерушісі, жоғары санатты дәрігер Инна Олейниктің айтуынша, жүрек-қан тамырларына жиналған холестеринді коронограмма арқылы тазарту, жүрекке операция жасау, ишемиялық сырқаттарды емдеу жақсы жолға қойылған.
– Өкінішке қарай, атеросклероз, қоршаған ортаның бүлінуі салдарынан инфаркт, инсульт, жүректің ишемиялық сырқаттары «жасарып» барады, – дейді бөлімше меңгерушісі Инна Александровна. – Сенесіз бе, қазір, 27, 30, 35 жастағы жастар жүрек сырқатына шалдыға бастады. Дұрыс тамақтанбау, таза ауада серуендемеу, денсаулығына салғырт қарау салдарынан адамдар ауруханаға жиі түседі. Біздің бөлімшеде 20 медбике, 12 дәрігер қызмет етеді. Олардың барлығы өз ісінің мамандары. Атап айтқанда, дәрігерлер Бақыт Қайырбекова, Сәуле Кәрменова, Гүлмира Смағұлова, Гаухар Байдашева, Айзада Садықова, Дархан Қарымсақов, аға медбике Кенжегүл Мағжаева, медбике Шынар Мұхамеджанова сырқаттардың қас-қабағына қарап, қолдан келген көмектерін аямайды. Реті келгенде айта кету керек, сырқаттарға барлық жағдай жасалған, төрт мезгіл тамақ беріледі.
Кардиология бөлімшесімен іргелес эндовискулярлы хирургия бөлімін тәжірибелі, өз ісінің білімді де білікті маманы Қуатжан Әбішев басқарады. Семей медицина академиясының түлегі, Новосібір қаласындағы академик Металкиннің клиникасында білімін жетілдірген, Вашингтон, Париж, Ыстанбұл қалаларындағы атақты клиникаларда тәжірибеден өткен Қуатжан Маратұлының айтуынша, өткен жылы өңірдің 4800 адамына ангиоград тәсілі арқылы операция жасалған. «Стендграфт тәсілі (білек тамырынан аса сапалы металл жіберу арқылы бітеліп қалған жерді ашу) Еуропада алғаш рет 2011 жылы, бір жылдан кейін Қазақстанда қолданылған. Жүрек-қан тамырларын май басу қауіпті сырқатқа әкеледі. Сондықтан адамдар майлы тағамды шектеп, таза ауада жиі қыдырғанды әдетке айналдырғандары жөн, – дейді бөлімше меңгерушісі. – Тек жүрекке стенд қоюмен шектелмей, ұйқы безі, тамыр, бұғана, бүйрек, аяқ, басқа да сырқаттарды емдеуге тура келеді. Ангиоград тәсілімен емдейтін заманауи аппараттар ала бастадық. Бас, ми, аяқ тамырларына қан жүгірту сияқты күрделі операцияларды жасау – медицинаның озық үлгісі. Облыстық аурухананың басшылары Жайық Жұмаханов, оның орынбасары Төлеген Жігітаев күн сайын жүрек сырқатына шалдыққандармен жолығып, олардың тілегіне құлақ асады, барлық жағдайды жасайды, көмек көрсетеді».
Эндовискулярлы хирургия бөлімшесінде Қуатжаннан басқа тағы үш білікті дәрігер қызмет етеді. Дамир Жүнісжанов, Роман Давыдов, Руслан Салимов бүгінге дейін жүздеген сырқатты емдеді. Олар жыл сайын шетелдің озық клиникаларында білім жетілдіріп жүр.
Сырқаты меңдеп, қиналған кезде қол ұшын созған ақ желеңді абзал жандарға Зайсан ауданынан келген егінші Жеңісбек Қабылаш, Дүйсен Күдеров сияқты азаматтар алғыстарын жаудырды.
Оңдасын ЕЛУБАЙ,
журналист
ӨСКЕМЕН
Суретте: кардиология және эндовискуляр хирургиясының дәрігерлері