Аймақтар • 19 Қыркүйек, 2018

Өскеменде Қазыбек би даңғылы ашылды

967 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Бүгін Өскемендегі Жібек маталар комбинаты (ЖМК) ықшам ауданында Қазыбек би даңғылы салтанатты түрде ашылды.

Өскеменде Қазыбек би даңғылы ашылды

Естеріңізге сала кетейік, былтыр облыстық соттың ұжымы мен ЖМК ықшамауданының ақсақалдар алқасы қалалық әкімдікке бұған дейін Карл Маркс есімін иеленіп келген үлкен көшеге қазақтың атақты үш биінің бірі Қазыбек Келдібекұлының атын беру жөнінде ұсыныс білдірген болатын.

Даңғылдың ашылу салтанатына облыстық соттың төрағасы Нұрлан Қайырбеков, «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майра Екібасова, қалалық ақсақалдар алқасының төрағасы Сайлаухан Аухадиев, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлері кәсіподағы облыстық филиалының төрағасы Түсіпхан Түсіпбеков қатысып, құттықтау сөз сөйлеп, лебіздерін жеткізді. «Шығыс Қазақстан облысының орталығы - Өскемен қаласында ел тарихындағы ұлы тұлғалардың бірі Қазыбек бидің атындағы көшенің ашылуы сот жүйесіндегі ауқымды іс-шаралардың тамаша бір үлгісі. Қаз дауысты Қазыбек би – қазақ халқының ұлы үш биінің бірі, көрнекті қоғам және мемлекет қайраткері, халық арасында беделді әрі әділ би ретінде ел есімінде қалады. Біз өткенімізді қастерлеп, бүгінімізді қадірлей отырып, болашаққа зор үмітпен қол созамыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру арқылы тарихымызды, мәдениетіміз бен ұлттық рухымызды жаңғыртып, байытатын боламыз. Қазыбек бидің атында қазіргі таңда Қарағанды, Алматы және Шымкент қалаларында көше бар, ал бүгін міне өр Алтайдың ортасында орналасқан Өскемен қаласының қарқынды дамып жатқан ықшам ауданының даңғылына ұлы тұлғаның атына көше беріліп отыр. Бұл біздің бір жағынан, ұлы тұлғаларды ұлықтап, ұлтымыздың даналарына көрсеткен құрметіміз болса, екінші жағынан, келер ұрпаққа мирас және үлгі-өнеге», - деді сот төрағасы.

Облыс орталығын қазақыландыру мәселесіне әркез қолдау көрсетіп, батыл-батыл пікірлерін айтып жүретін «Нұр Отан» партиясы Өскемен қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Майра Екібасова: «Бүгін біздің сүйікті Өскеменімізде үлкен мереке. Қаламыздағы үлкен даңғылдың біріне Қазыбек би бабамыздың есімі беріліп жатыр. Даңғылдың облыстық сот ғимаратына жақындығы да кездейсоқ емес секілді. Бұл – дәстүр жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы», - дей келе қала тұрғындарын даңғылды таза ұстауға шақырды.

Шара барысында сөз алған облыстық соттың судьясы Ғалия Алипанова Қазыбек бидің өмірі мен құнды мұраларына жайында айта келіп: «даңғыл бойына қоғам қайраткерінің ескерткішін орнатып, әртүрлі жарнамалық баннерлердің орнына бабаларымыздың жас ұрпаққа тәрбие боларлық нақыл сөздерін іліп қойсақ нұр үстіне нұр болар еді» деген ұсынысын жеткізді.

Қоғам қайраткері Түсіпхан Түсіпбеков Өскеменге Қазыбек бидің келуі жақсылықтың белгісі екендігіне тоқталды. «Қазыбек би - қазақтың үш ханымен бірге жұмыс істеген, жүзге тақап барып өмірден өткен алаштың ғұламаларының бірі. Бүгін өшкеніміз жанып, өлгеніміз тіріліп жатыр деуге болады. Осының бәрі – Тәуелсіздіктің арқасы. Қазіргі жастар көп дүниені білуі керек, сезінуі керек. Қазақтың тарихын қайта жазу мәселесі де өзекті. Қазір тарихымыздың бұрмаланғаны, өзге ұлттардың сойылын соғатын тарихтың қолдан жасалғаны белгілі болып жатыр. Бүгінде тарихшыларымыз ұлыларымыздың өмірін қайтадан зерттеп жатыр. Тарихты зерттейтін әртүрлі институттар ашылып жатыр. Осының бәріне жан бітірген – Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы. Қазір жоғымызды іздеп жатырмыз. Халық мұны сезініп жатыр», - деді Т.Түсіпбеков.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Өскемен

Соңғы жаңалықтар

Су үнемдейтін қондырғы

Технология • Кеше