28 Желтоқсан, 2011

Сазгер шаңырағына ұя салған қарлығаш

632 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Аспан биік, асқақ ой, қиял одан да биікке шырқап тап-таза тірлікті аңсау адалдыққа ұнаған. Ашкөздерді де көріп, тірлігі немен аяқталар деп шыдаған.Пенде көңілінде әртүрлі бұлтақ бар. Бәріне де ұшқалақ оймен қараған. Пай, көп­пен тілдесетін, қалың жұртпен жүзде­се­тін кіршіксіз көңілдің несін с­ұ­райсың. Жаратқанның құдіретті күші­нің шарапаты адал ойлыға қанат бітіріп еркін ұшатын құстай қалық­татады. Күйкі тірлік, алдамшы өмірді түсінеді. Сонда өзін қа­тыгездіктің бұғауынан біржола босағандай жан-дү­ниең жарық сәу­лемен жылынады екен. Пенденің ымырасы бұ­зылған шерлі заманда Ор түрмесінің тап-тар бөлмесінде ұлы ақын Тарас Шевченко отыр­са, сол бөлме бұрышына қар­лы­ғаш ұя салып балапанын өсірсе, соны көзі көргендер аңыз етсе қалай түсінер едің. Киелі құс адалдықты мекендейді дерсің. Ендеше, түндей түнерген, қаруын кезеніп жан алуға ақшиып безерген қаныпездерге соң­ғы тілегін айтқан Ахмет Байтұрсынов: «Үйімді ой­ран­да­дыңдар, жазғандарым жойы­лып, қағаз, қалам жыртылып ша­шылды... Байқауымша, ұғынатын түрлерің жоқ, қаруға жүгінген ақылға жүгінбейді. Ар-намысты ойлау ниеті білінбейді. Енді өзіме қандай жаза бұйырсаң­дар ­да көтерем, кеспек болсаңдар басым дайын. Ал, бейкүнә құс – қарлы­ғаш­тардың жазығы жоқ. Адамзаттың ақ ниетінің, еркіндіктің киесі ол құстар. Ұясын бұзып өлтірмеңдер...тиіс­пеңдер, – дегенін екінің бірі біле бермес. Ойсыз оспадарлар құлағына іле бермес. Адамзатқа жақсылық тілеген ақ көңіл, адал ниет бәрібір кірлемейді. Нені бүкпелеп айтқысы келді деп түсінбей отырған шығарсыздар. Сәл сабыр етіңіз. Қазақ әдебиеті мен өне­ріне өлшеусіз еңбек сіңіргендердің бірі Илья Жақановтың үйіне кіреберісте осылайша өзіммен-өзім күбірлеп ойға қалуымның сыры бар. Сыртқы есік ашық, баспалдақпен аттай бергенде көзіңе жоғалтқаныңды тапқан­дай қуандыратын қарлығаштың ұясы түседі. Жаның толқиды. Жүз жасқа тақағанда Жиембет жыраудың жаны үзілген бойда шаңырағынан ұшып кеткен ақ сұңқар құсының киесін мына қарлығаштар біле ме екен деп толқисың. Қилы заманнан бергі зіл көтерем қайғы, қасіретке мойымай, тар кезеңде талықсыса да ұлы­лық­тардың өшпес ойын жеткізетіндердің бірегейі Жақановтың босағасының бұрышына ұясын салған құстың киесін біреу түсінер, кейбірі түсінбес. Сөйтіп, жақсылық сәулесі төгіліп тұ­ра­тындай оймен біссімілдә деп Илья­ның табалдырығын аттайсың. Аман-саулық сұрасу қашаннан түзу. Илья­ның жұмсақ күлкісі бар. Езу тарт­қанда бетінің әжімдері тереңдей түседі. Ол талай жылдардың құпия және құдіретті сырларын халқыма жеткізсем деген арманын байқатады. Қарлығаш ұя салған шаңырақта жын-шайтан болмайтынын түсініп, мұндай отбасы мыңдардың, миллиондардың бірінде ғана кездесер дейсің. Өйткені, адам өз қолымен өзіне қастандық жасағалы қаншама жылдар өтіп жатыр. «Табиғаттың бермесін тартып аламыз!» деген ұран небір жақсы­лық­тардың түбіне жетті. Дүрілдегендер қабағынан қар жауып, кірпігінен мұз қатып байтақ далада алды-артыңды кес-кестеп, жақсылықтың тілекшісі ақ тамақ қарлығаштардың да тұқы­мын құртты. Рух жүдеді. Аяқты атта­ғаныңмен, тірі екеніңді сезінгеніңмен түнек ойларға тұншықтық. – Бұдан елу-алпыс жыл бұрын өзеннің жары дейсің бе, жатаған үйлер дейсің бе, әйтеуір, қарлығаш­тар алаңсыз мекен етіп ұясында жү­ретін еді. Бұл күнде сол құстардың үні құлағымнан кетпейді. Шырт ұйқыда жатқанда қарлығаштарымның дыбысын естіп жаңа әуен, жаңа сазды қағаз бетіне түсірем. Жан дүнием сілкінеді, – дейді әр сөзін баппен жеткізетін Илия. – Алматыдағы саябағым­да түрлі құстар мекен ететін еді. Бір күні Петр деген көршім көкөністі құстар шұқып тастайды. Атып тас­талық, десін. Денем суып кетті де бетіне қарап, құстың да ырыздығы бар, тірі жаны бар, оны қалай өлтіресің, дедім. Ильяның сезімі ешқашан да жаңылдырмайды. Айтпақшы, құла­гер­дің алдынан талай қарлығаштар еркелей өткен де шығар. Илья Ақан тағдырын, құлагер қақындағы талай шындықтың бетін ашты. Саясаттың салқынымен бұрмаланған тұстарын қайтадан жаңғыртты. Айтпақшы, облыста И.Тасмағам­бе­тов әкім болып тұрғанда бір топ әдебиет, өнер адамдарына пәтер беріп, қаржылай кө­мек көрсетіп жақсылығын жарқыратты. Сол тұста осы пәтерге жүгін кіргізіп жатқанда қос қарлығаш есіктің кірмесіндегі электр шамының үстіне ұя сала бас­тайды. Және ұясының бұзылмауын «ақылмен» ойластырған сықылды. Өйткені, ұя қораптан екі-үш елі биік тұр. Егер электр шамы күйіп кетсе қо­рап қозғалады, қорапқа тақалып тұрса ұя бұзылады. Ғаламаты ұя құрылысындағы саз балшық иі қанған, мықты болуы үшін әрбір қаланған түйіршік ара­сында шөптің қиқымы бар. Нағыз шеберлік. Ұя таза болса балапан­да­ры аман өседі. Қазақтың арша бесігі сықылды. – Кейде сыртқы темір есік жа­былып қалып, ұясына кіруге кешіккенде қос қарлығаш терезе алдында шиқылдап ұшып жүреді. Қарлығаш қызым жалма-жан есікті ашып кіргізіп алады, – деді Илья дастарқандағы кесеге құюлы шайын аузына апара беріп. – Кейде үйде ешкім болмаса есік алдына өзім шығып қарлығаштың келуін күтіп алам. Ұясына қонақтайтын уақытын да білемін. Үй киесі, ел киесі, жақсылықтардың тілекшісі осы бір титімдей құсқа қарап өмірдегі көрген қиындығыңды, бастан өткерген небір сәтсіздікті естен шығарасың. Одан соң өзіңді-өзің жігерлендіріп құлшы­на түсесің. Талытыңды ширатасың. «Еділ-Жайық» әнім осындай үлкен жігерленуден туған шығар. Ерте, ерте, ертеде дейсің. Бір патша жаугершілікте жеңіліс тауып, жан­ұшыра қашады. Соны көріп қал­ған сатқын қанішер қалың қолдың басшысына анау төбенің тасасына барып жасырын деп жол бастайды. Осы кезде Алланың әмірімен төбе қақ жарылып патшаның атымен кіруін қамтамасыз етеді. Сосын қарлығаш­қа, өрмекшіге әмір береді, үңгір аузы­на өрмекші торын тоқып тастайды, қарлығаш ұясын салып, балапанын өсіріп қояды. Құзғын топ үңгірге жетіп келеді. Сатқынға патша қайда, тап­пасаң басың алынады, деп қылы­шын қынабынан суырады. Сатқын осы төбеде деп міңгірлей береді. Жау­дың басшысы оу, мына үңгірге адам кірер ме? Көріп тұрсыңдар, өрмекші торын тоқыған, қарлығаш құс ұя салған. Сатқынның басын шабыңдар, – дейді. Содан бастап адамзат сана­сына «Қарлығаштың ұясын бұзба, өрмекшінің торын бұзба» – деген ұлағатты сөз қалған. – Мұндай оқиға Қарлығаш бидің басында да болған ғой, деп Илья сөзін бастар еді. – Жаугершіліктің мән-мағынасы әлді ел әлсіз елдің мал-мүлкін күшпен тонап алу, әйелін күң, ұлын құл ету болған. Сондай бір жаугершілікте Қарлығаш бидің елін ойрандап кеткен. Кенет қолбас­шы­сының көзіне ақ боз үй ішінде­ қаннен қаперсіздей құран кітабын оқып отырған жалғыз адам түседі. Жауыз топ қылыштарын жалаңдатып ішке енеді. Оған би назарын да салмайды. Жаудың қолбасшысы кімсің – деп әзірейілдей ақырады. Би саспастан сұқ саусағын шошайтып шаңырақты меңзейді. Жаудың қанталаған көзіне балапанын басып жатқан қос қарлығаш көрінеді. Содан қанішердің басшысы қанға малынған қылышын қынабына салып: «Бұл қазақтың киелі үйі екен. Мынаны өлтіріп үйін өр­те­сең өзіміз қарғысқа тап болып, хал­қы­мызды қырып аламыз», – деп шы­ғып кетеді. Содан ол халық аузында қатасыз үкім шығарып, бұлтарыссыз билік ететін Қарлығаш би атаныпты. Демек, ұлттық тарихымызда талай құндықты жинап, теріп халқына қайтарып жатқан Илья шаңырағын­дағы қарлығаштың ұясының қасиеті тереңде. Ильямен хош айтысып, есіктен шығарда қарлығаштың ұясына қимай қарайсың. Ертең-ақ, біздің Илья Жақанов: – Қарлығашым келдің бе, жетпіс бесінші көктемімді білдің бе? – дейтіндей ойға қаласың. Қ­а­зақтың киелі ақ тамақ қарлығаш­тарына амандық тілейміз. Табыл ҚҰЛИЯС. АТЫРАУ.