28 Желтоқсан, 2011

Жапандағы жаңғырық

377 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ҚҰМКӨЛ Ең төрінде сұлу Сырдың, Бой көтерген бұл кеніш. Газ боп жанып талай күн-түн, Толқып жатқан жыр-теңіз.   Қазақ елі маңдайында, Жарқырайды ол – жұлдызы. Жезқазғанның шалғайында – Қызғалдақтар қырмызы.   Сәуір туа көктейді екен, Алуан гүлдер далада. Сонда-дағы жетпейді екен, Сол сұлулық санаңа.   Үйірі де бар киіктің, Төлін ерткен құралайдай. Мұнаралар маңқиып тұр, Жыр оқыған ұлы Абайдай.   Еңбек күйі осы арада, Шалқып тасып, төгіледі. Басталған жол босағадан, Таспа болып керіледі.   Көкірегімді жыр кернеген, Атауының өзі – аңыз. Кеніш осы – Құмкөл деген, «Қара маржан»  қазынамыз.    ШИКІ МҰНАЙ   Дайындап шикі мұнайды, Қарамай қысқы ызғарға. Кисе де каска шырайлы, Жүр мұнда ару қыздар да.   Іздемей пана, ықтасын, Далада мидай жүріп көр. Ауысым сайын жұптасып, Жұмысқа түсер жігіттер.   Қайда да жұмыс –  сол жұмыс, Аязда жалын  шарпып тұр. Мұнайлы алаң. Өндіріс Сүйеді темір тәртіпті.   Иірілген мың сан құбырлар – Кеніштің тірлік  тамыры. Ұқсайды қара  бұрымға, Тортадай мұнай  ағыны.   Құйылып мұнай  шөлмекке, Зертханалардан өтеді. Айналып қимыл  еңбекке, Зауытқа өнім  жетеді.   Биіктен самғау  көрейін, Мұнайшы қауым,  мен сені. Арта да берсін  мерейің, Еңбек пен ерлік  өлшемі!   ҰҢҒЫЛАР ТАМЫРШЫСЫ Алыс қалып Қызылорда – жырақта үй, Жеткендей  әлдеқайдан құлаққа күй. Таңғы алтыда тұрады «Вахта – 40», Ішінде жүр солардың Мұратқали.   Айтайын әлеуметке сыр ашқасын, Әңгіме хикаяға ұласқасын. Политехты бітіріп келген бетте, Көмекші боп  бастаған сыныптасым.   Біреулер Алматыға жатыр бекіп, Министрлік алдына батыл жетіп. Тартып кеткен Мұрекең Жезқазғанға, Қаны қызба, көңілі мәрт Ақылбеков.   Жаны лирик, кей-кейде сыршыл менен, Көкірегінде көп өлең дүрсілдеген. Жезді өңірін барлады, кен де қазды, Қайтты сосын Құмкөлге Жүрсінменен.   Маман деген сол кезде былайша аз ба, Келді елге қомданып солай жазда. Ұңғыларды  жөндейтін цехқа барып, Оператор  «Оңтүстікмұнайгазға».   Болды да, ұштады көп үміттерді, Өндірісті шыңдалып, біліп келді. Жер астында ұңғыны жөндеу – тозақ, Мұрат соған үйретті жігіттерді.   Қазір ол осы цехта аға шебер, Ой жарыстыр, диспут құр, таласа бер. Алыстағы Қырымды көзге ілмейді, – Сырдан артық жоқ, – дейді, – тамаша жер!   Маңдайалды – марғасқа құрбылардың, Сөзге сараң, сақтайды-ау сырды бәлкім. Күлімсіреп келеді ол езу тартып, Арасынан жамыраған ұңғылардың.   ТАСТҮЛЕК (Мұрат Үдербаевқа) Оралып өткен ойыма, Толғаныс сазы басты кеп. Суылдап Сырдың бойынан, Шаңқ етіп ұшқан тастүлек.   Кеудеме шабыт, жыр келді, Жиылып сосын бар өлең. Көтеріп едің Құмкөлді, Саламатовтай ағамен. Қарамай шаңға, дауылға, Вагон-үйшіктер тұрғыздың. Күрішті, қойлы ауылда – Тың тірлік болды бұл біздің!   Ақиқат шықты ол  расында, Дүдәмал болған  шақ бірақ. 90-шы жылдар  басында, Құмкөлден мұнай  атқылап.   Аспанға атты  бөркін ел, Сейхұн жұрт – Дешті Қыпшағым. Ұйымдар құрып  мердігер, Қолбасыға да ұқсадың.   Қолдады Ием-Жасаған, Істеген ісің  болды артық. Бергенбайұлы Есағаң, Маңғыстау жақтан  жол тартып...   Қосылып басы  жігіттер, Өрлеп ед өрге өндіріс. Жалын боп жанды  үміттер, Кеңседе, түзде – сол жұмыс.   Салынды жаңа  алаңдар, Қара мұнайды  сақтайтын. Бекенов Алмас  ағам бар, Уәжіне қиқар  тоқтайтын.   Көп жұрттың басын  сен қостың, «Ақтоған» жақтың ұланы. Шетелдіктермен  белдестің, Шындықтың жағып шырағын.   Сүйеуші ек саған  біз арқа, Жұмыскер қазақ- орысың. Тірліктің батып  сызы ол да, Шапқылап жүрдің  ел үшін.   Жауабын іздеп  сұраққа, Күндіз де, түн де  тынбадың. Құрдасым  Қожамұрат та, Ұқсады саған –  шыңдадың.   Қара қылыңды  қақ жарған, Ағаны сендей  аз көрдім. Таймадың, Мәке,  ақ жолдан, Айтатын соны  кез келді.   Мақтаған жақсы  сыртынан, Сыймайтын жансың  қалыпқа. Сыр жақта ұшқан  бір қыран, Талмастан қанат,  қалықта!   ҚЫЗЫЛҚИЯ Батысқа қарай – қияға, Көсіле тартып қиялап. Барады сіңіп қара жол, Көңілге жылы ұялап.   Бұрыла тартып Құмкөлден, Баялыштарды құм көмген. Жел соқса шидің ызыңы, Сыңсиды сазбен жыр-кеудем.   Мұнай тасушы «КАМ»-дар да, Ышқынып гүр-гүр жолдарда. Бұлардан артық шөл-кеме, Таппассың мына жалғанда.   Сарғалдақ жолда тапталып, Шашылып қауыз ақ қабық. Бұрқ етіп түтін, пыс етіп, Терминалдарды бетке алып...   Көкке ұшып кептер – қиялым, Шайыры – жұпар мияның... «Қара маржанын» тасиды, Бұл керуен Қызылқияның! Бақытжан АБЫЗОВ. ҚЫЗЫЛОРДА.