28 Желтоқсан, 2011

Қазақстанның тапсырысы қаралды

269 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Жақында СІМ-нің жауапты хатшысы, ЕХРО-2017 жоба­­­­сының ұлттық үйлестірушісі Рәпіл Жошыбаев Германияға жұмыс сапарымен барып қайтты. Сапардың негізгі мақсаты Қазақстанның 2017 жылы Астанада ЕХРО халықаралық көр­ме­сін өткізуге тапсырысын ілгерілету болды. Берлинде болуы кезінде Р.Жошыбаев сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Қазақстан-Германия үкіметаралық жұмыс тобының тең төрағасы, ГФР экономика және технология министрінің орынбасары Карл-Эрнст Браунермен кездесті. Германияның федерал­дық экономика және технология министрлігі ЕХРО мәселелеріне жетекшілік ететін өкілді орган болып табылады. Келіссөздер барысында екі жақты саяси, сауда-экономикалық қа­рым-қатынастардың көкейкесті қырлары қозғалды. К.-Э.Браунер Қа­зақ­станның Германия үшін Орталық Азиядағы аса маңызды саяси және экономикалық әріптес болып табылатынын атап өтті. Екі жақты сапарлар алмасу өте жоғары деңгейде жүріп жатса, екі жақты қарым-қа­ты­настардың күн тәртібінде тұрған мәселелердің тақырыбы да сан алуан. Германия тарабының ақпараты бойынша, тек үстіміздегі жылдың алғашқы жартысындағы өзара тауар айналымы көлемінің өзі 26 пайызға ұлғайып, 3,5 млрд. еуродан асып түсіп отыр. Тұтастай алғанда, Германия мен Қазақстанның өзара сауда-саттық көлемі ГФР-дің бүкіл Орталық Азия мен Кавказдағы 8 мемлекетті қосқандағы та­уар айналымының 63 пайызын құрайды. Өз кезегінде қазақстандық дипломат сұхбаттасын Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық-инновациялық даму, сондай-ақ Қазақстанның 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарының негізгі бағыттарымен таныстырды. Әңгіме барысында ЕХРО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмені ұйымдастыру мен өткізу мәселелері бойынша пікір алмасыл­ды. Ал болашақ көрменің басты тақырыбы «Болашақтың энергиясы» болады деп күтілуде. ЕХРО-2017-ні өткізетін ел туралы Көрмелердің халықаралық бюросы (КХБ) шығаратын шешім дауыс беру арқылы 157 мүше елдің қатысуымен алдағы жылдың желтоқсан айында жүзеге асырылатын болады. «Егемен-ақпарат».