28 Желтоқсан, 2011

Жастарға жаңашылдық жарасады

485 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Астанада республикалық «Бәйгеге барыңды сал, жас қалам!» жас журналистер мен карикатурашылар байқауының жеңімпазы мен жүлдегерлерін марапаттау рәсімі өтті. Бұл байқау биылғы жылдың 9 маусымы күні ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай «Нұр Астана» рес­­публикалық жастар апталығы мен Астана қаласының жастар сая­сатын қолдау мемлекеттік қорымен және «Елорда жастары» қоғамдық қо­ры­мен бірлесіп жарияланған бо­латын. Оның мақсаты – жас журналистер мен жас суретшілер арасын­да шы­ғармашылық белсенділікті арт­тыру, олардың үздік идеяларын іске асыруға ықпал етіп, шығар­ма­шылық бәсекелестікті күшейтуге ат­салысу, сондай-ақ соңғы кездері кенжелеп қалған карикатура, очерк, памфлет пен фельетон жанрларын дамыту. Сөйтіп, жарты жылдан бері елі­міздің түкпір-түкпірінен «Нұр Астана» газетінің редакциясына түрлі жанр­да келіп түскен 60-қа тарта ма­­­қала мен 20-ға тарта карика­ту­ра­ның ара­сында мына жас талаптылар же­ңім­паз бен жүлдегерлер атанды. Бірінші орынды «Алаш айнасы» газе­тінің тілшісі Мәриям Әбсаттар же­ңіп ал­ды. Екінші орынға Жамбыл об­лыс­тық «Ар-Ай» жастар газетінің тілшісі Қамар Қарасай мен Семей мемлекеттік педагогика институты Бейнелеу өнері және сызу факуль­те­тінің студенті Жанна Жүнісова ие болды. Бұл жерде жас суретші қазылар алқасының мүшесі болған әріп­тесі­міз, белгілі суретші, Айдарбек Ға­зиздің қолынан диплом алғанын айта кеткен жөн. Үшінші орын Әл-Фараби атын­­дағы Қазақ ұлттық университеті журналистика факуль­тетінің студенттері Махаббат Жай­ылхан мен Мөлдір Дар­­­ханбаеваға және Қарағанды об­лыс­­­­тық «ЛимоНад» жастар журна­л­ы­ның редак­то­ры Дулат Аманжолға берілді. Ал Орал қаласының С.Сейфуллин атындағы дарынды балаларға арналған №11 мектептің оқушысы Алпамыс Файзолла, Алматы облы­сы, Жамбыл ауданы, Ұзынағаш ауы­лын­дағы орта мектеп оқушысы Нұр­гүл Құрманбек пен Алматы қа­ласы, А.Қарсақбаев атындағы №41 мек­теп­тің оқушысы Айзада Бижанова ынталандыру сыйлығын иеленді. Байқау қорытындысында жеңім­паз бен жүлдегерлерге диплом­дар­ды қазылар алқасының мүшелері – белгілі қаламгер, публицист Шархан Қазығұл, «Нұр Астана» газе­тінің бас редакторы Ғабит Мүсіреп, «Егемен Қазақстан» газетінің тілші-суретшісі Айдарбек Ғазиз бен Астана қаласы жастарды қолдау мемлекеттік қорының директоры Аманбек Төлепберген табыс етті. Дастан КЕНЖАЛИН.