28 Желтоқсан, 2011

Жүрегі Қазақстан деп соғады

278 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Кеше Мемлекеттік хатшы Қанат Саудабаев WBA тұжы­ры­мы бойынша кәсіпқой бокстан орта салмақтағы әлем чем­пио­ны Геннадий Головкинге «Парасат» орденін табыс етті. Кездесуде боксшы еліміз Тә­уелсіздігінің 20 жылдығында мемлекет тарапынан орден ал­ға­нына разылығын білдіріп, бұл марапат өзі сияқты елімізден сыртқары жерлерде, ел намысын қорғап жүрген саңлақтарымыз үшін ауызбен айтып жеткізгісіз үл­кен қуаныш екенін, осы наг­ра­даны ол мақтан тұтып, еліміздің көк байрағын биікте желбірету үшін аянбай тер төгетінін атап өтті. Мемлекеттік хатшының қа­был­дауынан соң, Г.Головкин өзі­нің алдағы жоспарлары туралы ой­ларымен бөлісті. «Қазірде ме­нің кәсіпқой бокста екі тұжырым бойынша әлем чемпионы атағым бар. Келесі жылы әлем чемпионы атағын қорғау үшін жекпе-жектер өткізуді жоспарлап отырмын. Ол үшін келіссөздер жүргізіп жатыр­мыз», деді ол. Осы ретте даңқ­ты боксшы шет елде тұрып, сол жақ­тың ауасын жұтып жүрсе де шар­шы алаңға шыққан сайын жүре­гі­нің Қазақстан деп соға­ты­нын, қай кезде болса да еліміздің көк туын көтеру үшін кез келген қар­сыласымен айқасатынын жеткізді. «Алдағы жекпе-жектерді АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткіземін. Бұл жерде екі тұжы­рым бойынша белбеулерімді қор­ғай­мын. Соның бірі – супер чемпион Феликс Штурм болса, екіншісі – амери­ка­лық чемпион. Со­лар­дың қайсысы ұсынысымды бірінші қабылдаса, сонымен кездесемін», деді боксшы. Сөзінің со­ңында Г.Головкин кә­сіп­қой бокс­та қолғабын шегеге ілген соң, шет елде қалмай, Қазақ­стан­ға келіп, отандық боксты дамыту үшін жұмыс істейтінін айтты. Г.Головкин бұған дейін 22 кездесу өткізіп, соның 19-ында қа­р­сыластарын нокаутпен, қал­ған үш жекпе-жекте ұпай са­ны­мен жең­ген. Соның ішінде биыл Панамада Кассим Оума мен аме­ри­ка­лық Лахуан Саумон екеуін  но­каут­қа жіберіп, атағын қорғап қалды. «Парасат» ордені боксшының алғашқы ордені емес. Бұған дейін ол Олимпиаданың күміс жүл­дегері атанғанда мемлекет тара­пынан «Құрмет» орденімен және басқа да медальдармен марапат­талған болатын. Дастан КЕНЖАЛИН.