ШЕТЕЛДІК ТҰТЫНУШЫЛАРДЫҢ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫН ТУДЫРЫП ОТЫР
Қазіргі кезде қай калаға бармаңыз автокөлік легінен туындаған кептеліске тап боласыз. Қарап тұрсаң, көліктің түр-түрі бар. Ал осы жүрдек көліктердің бәріне аккумулятор қажеттігі басы ашық әңгіме. Осы сәтте Талдықорған қаласындағы қорғасынды-қышқылды аккумуляторлар өндіретін зауыт еске түседі. Автокөліктерге көбіне осы зауыттың өнімін пайдаланатынын ескерсек, ұжым еңбегі әрине атап өтуге тұрарлық. Кәсіпорын алғашқы аккумулятор «СТ-75 ЭМ» батареясын өткен ғасырдың жетпісінші жылдарынан бастап шығара бастапты. Содан бергі кезеңде аталған батареялардың көптеген сериялық шығарылымы тұтынушыға жол тартып, олардың қажетіне жараған. Десек те олар онымен шектелмепті. Тәуелсіздік алған жылдардан бергі кезеңде зауыт ұжымына қиындық пен қалыптасу, даму сатыларын бастарынан өткізуіне тура келді. Компанияда 1998 жылы аккумуляторлық және қорғасындық сынықтарды электрлі-термикалық пеште қайта өңдеу желісімен жылына үш мың тоннаға жуық қорғасын өндіретін желі арқылы қорғасынды-сурьямды қорытпа алуға қол жеткізген. Және екі жылдан кейін қуаты 6 мың тонна қорғасынға жететін қайта балқыту корпусының екінші кезеңі іске қосылып, қуаттылығы 3,5 мВт. болатын екі бірдей гидроэлектрстанса табысқа жол ашқанын көреміз. Зауыт кездескен қиындықтарға қарамастан ауқымды қайта жаңғырту нәтижесінде Достастық мемлекеттері кеңістігінде дамыған кәсіпорындар қатарынан көрінуіне мүмкіндік алды. Қазіргі кезде кәсіпорын аккумуляторлық батареялар өндірісінде халықаралық стандарттарға сай «BM Battery» (Австрия), «МАС» (АҚШ), «DIGATRON», «KUSTAN», «CMW» (Германия), «SAN-HUAN», «HAITIAN» (KHP), «SOVEMA» (Италия) компанияларын ең озық үлгідегі жабдықтарымен қамтып отыр. Мұндағы «ВАRS» аккумуляторының кепілдік мерзімі екі жыл. Басқа өнімдерге де кепілдік берілген және пайдалану мерзімі ұзақтығымен өлшенеді. Мемлекет тарапынан жасалған қолдау және зауыт басшылығының ізденістері арқасында «Қайнар» серіктестігі үлкен сұранысқа ие жаңа өнім түрлерін шығаруды жолға қойған. Бүгінде ТМД-ны айтпағанда, алыс шетелдерге де аккумулятор жөнелтуге қол жеткізілген. Мемлекеттік үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында зауыт аймақтық индустрияландыру картасымен аккумулятордың ең соңғы, тұтынушы талабына толық жауап беретін жаңа түрлерін шығаруды жалғастырып келеді. Және «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасымен «Даму» қоры арқылы жеңілдетілген несиелік қолдауға да ие болып, өз жұмыстарын жаңа бағытта жүйелеуге мүмкіндік алған. Бүгінгі күні зауытты кәсіби тәжірибелі маман Ербол Әжмағамбетов басқарады. Еліміздің аймақтарындағы зауыт филиалдары өнім өткізумен айналысса, өткен жылдары 300 мың тұтынушы «Қайнар АКБ» серіктестігі шығарған аккумуляторларды таңдапты. Ал Мәскеуден бастап, Екатеринбург, Челябі, Новосібір, Дондағы Ростов, Набережные Челны, Курск, Санкт-Петербург калаларында және басқа елдердегі өкілдіктері тұтынушы талғамын зерттеумен қатар, өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыру арқылы қалыпты саудаға шығару үшін жұмыс істеуде. «Қайнар АКБ» серіктестігі аты алысқа кеткен «КамАЗ», «УралАЗ», «МАЗ» және «БелАЗ» тәрізді іргелі кәсіпорындардың көлік құрастыру желілеріне арналған ерекше аккумуляторлардың басты жеткізушісі болып отыр. «Қайнардың» аккумуляторлары ВАЗ, БелАЗ, МАЗ, КамАЗ, ЗИЛ, УралАЗ, КрАЗ, ГАЗ сынды автомобиль өндірісіне, шетелдерде шығарылатын TOYOTA, HONDA, MAZDA, FIAT, OPEL, VoІksWagen, MAN, Volvo, Scania сынды ауыр жүк автокөліктерінің жүрісін жақсартатын өнім ретінде пайдаланылатынын қуанышпен атап өткен орынды. Қазіргі кезде зауыт «Ресей Жинақ банкі» акционерлік қоғамымен өзара ынтымақтастық келісіммен жұмыс жасауда. Нәтижесінде «Ресей Жинақ банкі» акционерлік қоғамының Қазақстандағы еншілес банкі зауытқа 2015 жылға дейінгі мерзімге 2.281 миллион теңгеге несиелік желі ашыпты. Бұл банктің еліміздегі алғашқы аса ірі жобасы. Инвестиция зауыттың өндірістік бағдарламасын орындау мен өндірісті жаңа технологиялармен жарақтандыруға жұмсалып, табыстарын еселеуге мүмкіндік береді деп жоспарланған. Мәселен, несиелік қаржыға аккумуляторлар өндірісінің жаңа желісін іске қосуға қажетті жабдықтар алынбақшы. Демек, өндірістің дамуында шек жоқ. «Бизнестің жол картасы- 2020» бағдарламасының «кәсіпкерлердің валюталық тәуекелін төмендету» бағытымен биылғы өткен мерзімде жалпы сомасы 39,1 млрд. теңгеге мақұлданған 50 жобаның қатарынан талдықорғандықтардың көрінуі – қуанышты жәйт. Аталған бағдарламаның үшінші бағыты бойынша қаржыландыруға ие болған кәсіпорын өндірісін қайта жаңғыртуға қарастырылған несие көлемі 1,8 млрд. теңгені құрап отыр. Зауыт өнімдерін сыртқа жөнелту және өркендету нәтижесінде мемлекеттік қолдауға ие кәсіпорындар тізімінде қайнарлықтардың бар екені сапалық көрсеткішті нақтылай түседі. Осылайша кәсіпорын шығарған батареялардың көпшілігі экспортқа бейімделгендігімен ерекшеленеді. Сондай-ақ, оның көлемін арттыру мен таратылуын кеңейту мәселесі де ұтымды ойластырылуда. Кәсіпорындағы аталған өнімнің артықшылығы, қорғасыннан құйылатын оң және теріс қуат жинақтағыш телімшелердің керу әдісімен жасалатындығында. Және жаңа технологияның құпиясы да осы – жұмыс істеу және сақтау мерзімінің ұзақтығы. Көп тұрғанымен күшін жоймайды. Қыс айларында жүргізушілер жиі айтатын мезгілсіз «отырып қалу» болмайтындығы. Мерзімі біткенше қуаты сақталады, ірімейді. Қатты шайқалыстарға төзімді әрі электр өрісі кең. Зауыт өнімі алдағы уақытта сауда айналымындағы шетелдік батареяларды ығыстырып жатса, таңдануға болмайды. Өйткені, мұндағы ізденіс, кәсіби шеберлік ауқымы кең. Елімізде бұрын кездеспеген «индустриялы стационарлы» аккумулятор түрін шығаруды да зауыт осылайша жолға қойды. Бұл теміржол мен телекоммуникация, энергетика мен мұнай өндірісі саласында қолданылатын қуаты күшті батареялар. Халыққа әлеуметтік қызмет көрсетіп, үнемі электр қуаты мен жарықты қажет ететін аурухана, әуежай, азық-түлік қоймалары мен сауда орындарында, қорғаныс саласында кеңінен пайдалануға болатындығы зауыт ұжымының алдағы күндерге деген сенімін нығайта түскен. Демек, жаңа жұмыс орны ашылып, кәсіпорын келешегі кемел деуге сенім мол. Бұл тәуелсіздік әкелген жақсылықтар екендігін қайнарлықтар мақтанышпен айтады. Күмісжан БАЙЖАН. Алматы облысы.Ғұсман Қырғызбаев Олимпиаданың қола жүлдегері атанды
Спорт • Кеше
Париж Олимпиадасы: Эльмир Әлімжанов 1/8 финалға өтті
Спорт • Кеше
Автокөлік жүргізу кезінде өрт шықса, не істеу керек
Төтенше жағдай • Кеше
Астанада 5 баланың анасы биіктен секіріп кеткен
Суицид • Кеше