Ресейдің Кемеров облыстық халық депутаттарының кеңесі «Кемеров облысының губернаторы Амангелді Молдағазыұлы Төлеевке «Халық губернаторы» құрметті атағын беру туралы» шешім қабылдады.
Филиппиндегі «Уоши» тайфунынан қаза тапқандар саны 27 желтоқсандағы мәлімет бойынша 1,5 мың адамға жетті. Аса көп опат болғандар Минданао аралының солтүстік бөлігінде орналасқан Кагаян-де-Оро және Илиган қалаларының үлесіне тиіп отыр.
Солтүстік Кореяны 17 жыл басқарып, 17 желтоқсанда көз жұмған 69 жастағы Ким Чен Ир бүгін жерленетін болады. Оның мәйіті соңғы 10 күн бойы әкесі Ким Ир Сен жатқан мавзолейге қойылған еді.
9 айдан бері билік пен оппозиция арасында кикілжің орын алып келе жатқан Сирияға алғаш рет Араб мемлекеттерінің лигасынан байқаушылар келді. Аталған уақыт аралығында екі жақты текетірес салдарынан 5 мыңнан астам адам көз жұмыпты.
22 желтоқсанда Ирак астанасы – Бағдад қаласында 14 мәрте жарылыс жасалып, солардың салдарынан 70-ке жуық адам қаза тапқаны туралы бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Лаңкестікке жауапкершілікті кеше «Әл-Каида» лаңкестік ұйымы өз мойнына алды.
Ұлыбританияның халықаралық даму министрі Эндрю Митчелл әлем болашақ катаклизмдер мен апаттарға дайын емес екенін мәлімдеді. Оның пікірінше, бай елдер төтенше жағдайларды жою жөніндегі Орталық қорға жеткілікті көлемде қаржы аудармай келеді.
Кеше Эфиопияда лаңкестерге қолдау көрсетті және шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталған екі швед журналисі – репортер Мартин Шиббюэ мен фототілші Йохан Перссон 11 жылға бас бостандықтарынан айырылды.
Танылмаған республика – Приднестровьеде өткен президенттік сайлауда парламенттің бұрынғы спикері Евгений Шевчук жеңіске жетті. Приднестровьені 1991 жылдан бері басқарып келген іс басындағы президент Игорь Смирнов жеңіліс тапты.
«Справедливая Россия» партиясының серкесі Сергей Миронов ОСК-нің шешімімен президенттікке кандидат ретінде тіркелген Ресей үкіметінің басшысы Владимир Путиннен кейінгі екінші адам болды.
Ресейдің Ингушетия автономиясында полицейлер жол жүру ережесін бұзып, тоқтау туралы бұйрықты орындамаған 61 жастағы жүргізушіні атып өлтірген. Оқиғаға байланысты қызметтік тексеру жүргізілуде.
Англияның астанасы – Лондон қаласындағы Оксфорд-стрит көшесінде орналасқан басты сауда дүкенінің маңында белгісіз біреулер 18 жасар бозбаланы пышақтап өлтіріп кеткен. Күдікті деген 9 адам қамауға алыныпты. Оқиға себебі әзірше белгісіз.
Ақпарат агенттіктері материалдарының негізінде әзірленді.