28 Желтоқсан, 2011

Жауапкершілік танытуға шақырды

398 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Кеше Астанада «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын бақылау жөніндегі рес­пуб­ликалық қоғамдық комиссиясы» республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Сайлау-2012: жауапкершілікпен және салмақтылықпен келу» атты дөңгелек үстел болып өтті. Дөңгелек үстелге 2012 жылғы ҚР Парламенті Мәжілісі депу­тат­тарының сайлауына қатысушы саяси партиялар штабтарының, ЕҚЫҰ/ДИАҚБ миссиясының, Бас прокуратураның, Орталық сайлау комиссиясының, Астана қалалық сайлау комиссиясының және БАҚ-тың өкілдері қатысты. Жиынға Қоғамдық комиссия­ның тең төрағасы, «Айт-парк» пікірталас клубының төрағасы Нұр­лан Ерімбетов модераторлық етті. Ол алдымен Қоғамдық комиссия 2012 жылғы 15 қаңтарға белгіленген Парламент Мәжілісі депутат­та­ры­ның кезектен тыс сайлауына бай­ланысты өзде­рінің электоралды кезең алдындағы қызметтерінің жа­ңарғандығы ту­ра­лы дөңгелек үстелге қатысушы­лар­ды хабардар ете келіп, ұсыныс-пікірлерін ашық білдіруді өтінді. Сонымен, алғашқы сөзді Ор­талық сайлау комиссиясының мү­ше­сі Марат Сәрсембаев алып, сайлау үдерістерінің белсенді өтіп жат­қанына тоқталды. Оның атап өтуінше, қазіргі кезде саяси пар­тия­лар өздерінің сайлауалды үгіт жұмыстарын белсенді жүргізіп жатыр. Үгіт жұмыстары 2012 жыл­ғы 13 қаңтарда сағат 24.00-ге дейін жүргізіледі. Сонымен қатар, ол мәс­лихаттар депутаттарының сай­лауы да еліміздің барлық аумақ­та­рында белсенді түрде жүріп жат­қа­нын атап өтті. Сайлау науқанын республикалық және жергілікті бұ­қаралық ақпарат құралдары жан-жақты көрсетуде. Барлық саяси пар­тияларға БАҚ-тарда теңдей орын беріліп келеді. Бұл жөнінен Орталық сайлау комиссиясына өті­ніш-шағымдар түскен жоқ. Бұдан кейін сөз алған «Әділет» партиясы төрағасының орынбаса­ры Сергей Ударцев сайлау үдеріс­тері ашық болу қажеттігін атап өтіп, бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған әлеу­мет­тік сұрау салудың нәтижесімен келіспейтіндігін білдірді. «Бұл шындыққа сәйкес келмейді, – деді ол осы туралы. – Оған кімдердің тап­сырыс бергені, кімдердің қар­жы­ландырғаны белгісіз күйінде қа­лып отыр». Ал «Азат» партия­сы­ның төрағасы Болат Әбілов өзі жетекшілік ететін «Азат» партиясы түрлі себептермен әлі тіркеуден өте алмай келе жатқандығын алға тарта отырып, Жаңаөзендегі жағдай­лар­ға тоқталды. Осыған байла­ныс­ты ол сайлау өткізу мерзімін кейінге шегеруді ұсынды. Оның бұл ұсынысына ЖСДП Астана қалалық филиалының төрағасы Серікбай Әлібаев, «Әділет» партиясынан кан­дидаттыққа ұсынылған Мұса­ға­ли Дуанбеков қолдау білдірді. Болат Әбіловтің аталған ұсы­нысына Қоғамдық комиссияның тең төрағасы Нұрлан Ерімбетов, «Ақ жол» партиясының өкілі Владимир Жуков, «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты жетекшісінің орынбасары Данияр Вагапов, тағы басқалар қарсы болды. Олардың ай­туынша, сайлауды кейінге қал­ды­рудың қажеті жоқ. Өйткені, қазіргі кезде өз кандидаттарын Мәжіліс депутаттығына ұсынған еліміздегі сегіз саяси партия үгіт шараларын белсенді жүргізіп жатыр. Ал Жа­ңа­өзендегі қайғылы оқиғаларға бай­ланысты Президенттің тапсырмасы бойынша комиссия құрылып, жұ­мыс істеуде. Қайғылы оқиғалардың себеп-салдарын сол комиссия анық­тайтын болады. Дөңгелек үстел барысында Орталық сайлау комиссиясына қа­ты­сушылар тарапынан бірқатар сыни тұрғыдағы пікірлер де ай­тыл­ған болатын. Соның бірі – партиялар арасында теледебат өткізу еді. Бұған Орталық сайлау комис­сия­сы­ның мүшесі Марат Сәрсембаев нақты жауап қайтарды. Оның атап өткеніндей, үгіт шаралары кезінде саяси партиялар теледебат өткізіп, сайлаушыларды өздерінің сайлау­ал­ды тұғырнамасымен таныстыра­тын болады. Жалпы, дөңгелек үстел алдағы сайлау кезеңінің барлық сай­лау­алды науқаны бойынша өлшенген әдістердің қажеттігі және жауапкершілік мәселелері жөнінде бай­сал­ды да үйлесімді қызу пікірталас жағдайында өтті деп айтуымызға болады. Нәтижесінде оған қаты­сушылар сайлау заңнамасының мүл­тіксіз сақталуы, сайлау үдерісі кезінде орнықты пікір алмасулар орнату жайы, қорытынды есептерді әзірлеуге қоғамды қатыстыру және бірлескен сараптамаларды жү­зеге асыру үшін тіркелген шетелдік байқаушылармен өзара ын­ты­мақтастықты дамыту, сайлау үде­рістеріне жауапкершілікпен, сал­мақтылықпен келу, «қара пияр» мен «лас» технологияларды қолда­ну­дан бас тартуды қамтамасыз ету, журналистік этика нормалары мен «Сайлау туралы» Заңның талабын сақтау негізінде сайлау нау­қаны­ның өту барысы туралы БАҚ-тарда шынайы ақпарат жариялау туралы уағдаластыққа келді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.