28 Желтоқсан, 2011

Сайлау-2012

293 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Бедел мен сенім ұштасып...

Сайлаушылармен кездесуін нұр­отандықтар Алматы облы­сында жал­ғастырды. «Нұр Отан» рес­пуб­ликалық сайлауалды штабы өкіл­дері «Қазақстан. 2017 Мақ­сат­тары» тұғырнамасының басым бағыттарын өңір тұрғындарымен және спортшылар қауымдас­ты­ғы­мен талқылады. Үгіт тобының басты мақсаты – әрбір сайлаушыға жету. Бұл – «Нұр Отан» партиясының күн­де­лікті жұмыс тәртібінің негізі. «Нұр Отан» партиясы өткен жылы Алматы облысының, Қызылағаш ауылында болған апат салдарын жоюға белсене қатысқан еді. Сондықтан штаб мүшелері ең алдымен қайта қалпына келген ауыл тұрғындарымен кездесті. Жалпы, ауыл бойынша 465 жаңа үй салынып, 32 үй жөн­деу­ден өткізілген. Жаңартылған ғимараттар қатарында Мәдениет үйі, әкімдік үйі, балабақша, мектептер мен моншалар бар. «Нұр Отанның» штабы мүше­ле­рі ауылдықтармен кең көлемде әңгіме жүргізіп сұрақтарына жауап берді, сонымен бірге, өздерінің алдағы 5 жылдағы мақсаттарын баян етті. Бұл ең алдымен, білім мен ғылымның дамуы, денсаулық сақ­тау саласы, экономиканы тұ­рақ­тан­дыру, жаңа әлеуметтік саясат, ауыл­ды дамыту, халық бірлігін нығайту. Нұротандықтар сондай-ақ жап­пай спортпен айналысуды, сала­мат­ты өмір салтын насихаттауды мақсат етіп отыр. Көптеген спорт­шылар белсенді нұротандықтар болып табылады, оның үстіне олар «Нұр Отанның» партиялық тізіміне кірген. Бұл туралы нұр­отандықтардың Талдықорған қа­ла­сындағы спорт алаңдарының бірінде өткен, Алматы облысы спорт­шыларымен кездесуінде сөз болды. Өңір өзінің спорттық дәстүр­ле­рін мақтан етеді. Облыс спорт­шыларының халықаралық дең­гей­дегі абыройлы жарыстарда ең жо­ғары сатыдан бой көрсеткен кездері аз емес. Осы кездесуге белгілі спортшылар, спорт қай­раткерлері және болашақ жұлдыздар келді. Күмісжан БАЙЖАН. _________________

Бейнеттің зейнеті болуы тиіс

Қазақстан Патриоттары пар­тия­сының бір топ белсенділері қазір Оңтүстік өңірдің бірқатар елді мекендерін аралап, насихат жұмыстарымен айналысып жүр. Жамбыл облысының орталығы Та­раз қаласына атбасын бұрған аталған топ мұнда бірқатар кездесулер өткізді. Сондай кездесулердің бірі Республикалық өртке қарсы күрес қоғамының еріктілерімен өтіп, өрт қауіпсіздігі мәселесі жөнінде бірқатар мәліметтер ортаға са­лын­ды. Сондай-ақ, кездесу бары­сын­да күш құрылымдары қызмет­керлерінің басындағы ахуал да назардан тыс қалмағандығын айта кету керек. Осындағы насихат жұ­мыстары барысында патриоттық­тар жақында лаңкестің қолынан қаза тапқан полиция капитаны Ғ.Байтасовтың қаза тапқан жеріне барып, рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойыпты. Сонымен қатар, запастағы әскери, полиция, ұлттық қауіп­сіз­дік қызметкерлерінің басындағы жағдай да сөз етілген. Атап айт­қанда, осы күш құрылымдары қызметкерлері зейнетке шыққанда қолдарында әр түрлі жеңілдіктері мен басында баспанасы болуы шарт. Яғни, тірісінде жалақысы жоғары болып, әлеуметтік қам­сыз­­дандыру мәселелері түгел шешімін табуы тиіс. Қала тұрғын­да­ры­мен көшеде тұрып кездесу өт­кіз­ген партия белсенділері олар тарапынан қойылған көптеген сұ­рақ­тарға жауап беріп, өздері де көп­теген жәйттерден хабардар болды. Бұдан басқа партия белсенділері Тараз қаласының Орталық базарында болып, шағын және орта кәсіп өкілдерімен кездесулер өткізген. Олар өз тарапынан әкімдік жаңа базар ашып, сол жерде төлемдердің ашық та әділ жүргізілуі қажеттігін көтерген. Қазіргі заманға сай сауда орнын ашып берсе, онда олар сол жерге барып, саудаларын жүргізуге дай­ын екендіктерін білдірген. Егер бұл мәселе шешімін тапса, онда кәсіпкерлер бюджет түсімін арт­ты­руға дайын. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ. ___________________

АУЫЛ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

«Руханият» партиясы осы күндері ауылдарды аралап қайт­ты. Атап айтқанда, Алматы об­лы­сы, Еңбекшіқазақ ауданына қа­рас­ты Қазақстан ауылында, Оңтүстік Қазақстан облысының Түлкібас ауданында болды. Қазақстан ауылындағы жи­ын­ды «Руханият» партиясының жа­н­ашыр сайлаушылары ұйымдас­ты­рып, кездесуге ауылдың жасы мен қарты қоса жиналып, партияның сайлауалды жұмыстарымен та­ныс­ты. «Руханият» партиясының аты­нан Парламент Мәжілісінің депу­тат­тығынан үміткерлер Еркін Рақышев пен Геройхан Қыстау­баев ауыл тұрғындарымен тілдесіп, партияның бағдарламасымен таныстырды. Онда түйткілді, ха­лық­қа қажетті мәселелер аз бол­мады. Ауыл жастарының жұмыс­сыз­дығына көмек беру, зейнет­кер­лердің зейнетақысын көтеру, ауыл тұрмысын жақсарту секілді мәсе­лелер сөз етілді. Жалпы, «Руханият» партиясы ұлттық мүддені, қазақ ұлтын қор­ғайтын партия болғандықтан, сайлаушылар партияны қолдай­тын­дықтарын жеткізді. Түлкібас ауданында «Руха­ния­т» партиясынан Парламент Мә­жілісіне депутаттыққа кандидат Еркін Рақышев пен партия өкілі Рамазан Құрманбаев ауыл ақсақалдарымен, колледж студенттерімен және тұрғындармен кездесу өткізді. Оның барысында Еркін Рақышев партияның бағ­дар­ламасымен таныстырып, «Руханият» партиясының негізгі мақ­саты қарапайым халықтың мүд­десі үшін қызмет ету, студенттер мен жастарға көмек көрсету, мұқтаж жандарға жәрдем беру секілді маңызды мәселелер екенін айтты. Партияның ендігі бір жұрт­шы­лықпен жүздесуі Қайнар универ­си­тетінің қабырғасында осы оқу ор­нының студенттерімен, оқыту­шы­ларымен болды. Онда пар­тия­ның бағдарламасы жиналғандарға толығымен таныс­тырылып, негізгі көтерілетін мәселелер атап көр­сетілді. Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ. _____________________

ЖАСТАР ҚОЛДАУЫНАН ҮМІТТІ

Қазақстанның «Ақ жол» де­мо­кра­тиялық партиясының төрағасы Азат Перуашев бастаған бір топ ақжолдықтар Ақтөбеге келді. Олар партияның сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарының аясында ұйымдастырылған бокстан олимпиада чемпионы Бақыт Сәрсек­баев­тың жүлдесі үшін жарыстың ашылуына қатысты. Жарыста елі­міздің төрт облысынан келген бокс­шылар шаршы алаңға шы­ғып, шеберліктерін сынға салды. Содан кейін олар облыстық кәсіподақтар үйінде облыстық штаб­тың мүшелерімен және бұ­қаралық ақпарат құралдары өкіл­де­рімен кездесті. Кездесуде сөз алған Азат Перуашев «Ақ жол» демократиялық партиясының сай­лау­алды бағдарламасын тарқата әңгімеледі.Партияның негізгі мақ­саттары – мемлекеттің халық мүддесіне қызмет етуін жақсарту, мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, экономикалық дербестігімізді қалыптастыру, білім беруді дамыту, кәсіпкерлікті қолдау, са­лық саясатын жетілдіру, жемқор­лық­пен күресті күшейту, сондай-ақ Парламенттің өкілеттігін арт­ты­ру сияқты қадау-қадау мәселе­лерді қамтитынын жеткізді. – Сіздердің алдарыңызға келіп отырған Еркебұлан Ілиясов – партия тізімімен Парламент Мәжілісі депутаттығына тіркелген ең жас кандидат. Небәрі 26 жастағы ол Кентау трансформатор зауыты­ның қатардағы жұмысшысынан вице-президенті дәрежесіне дейінгі еңбек жолынан өткен, «Жас маман» бірлестігінің көшбас­шы­сы. Жалпы, біздер жастардың қол­дайтынына сенім артамыз. Өзім партия төрағасы болып келгеннен бері ғана 20 мыңнан астам адам мүшелікке өтті. Соның ба­сым бөлігі жастар, – деді Азат Перуашев өз сөзінде. Оның мәлімдеуінше, партия­ның республикалық сайлауалды шта­бын­да білікті заңгерлер тобы құ­рыл­ған, олар үгіт-насихат жұ­мыс­тары­ның заңдылығына бағдар береді, сайлаудың ашық және заң­дылық­тарға сәйкес өткізілуін қа­да­ғалайды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ ___________________

Облыстар аумағында жалғасады

Жалпыұлттық социал-де­мо­к­ра­тиялық партияның құрылған күнінен айналысып жүрген басты мәселесінің бірі – баспана болып табылады. Кеше бұл партияның өкілдері Алматыдағы «Шаңырақ» шағын ауданында болып, жұрт­шы­лықпен кездесу өткізді. Кезінде бұл жердегі жерді заңсыз ба­сып алуға байланысты орын алған келеңсіз оқиғалардың оң шешілуіне аталмыш партия да араласқан болатын. Ендігі жерде Жалпыұлттық со­циал-демократиялық партия­ның бас хатшысы Әміржан Қосанов: – «Шаңырақ» мәселесі – елдің әлеуметтік-тұрмыстық тіршілігінде елеулі орын алады. «Шаңырақ» оқиғасы кезінде біз осында бол­дық, оны көпшілік біледі. Сон­дық­тан Алматыдағы сайлауалды кездесулердің бірін осы жерде өткізіп отырмыз. Өкінішке қарай, тек Алматыда ғана емес, үлкен қалаларда қарапайым азамат­тар­дың заңды түрде жер алып, жер телімдерін заңдастыру мәселесі әртүрлі әкімшілік кедергілер мен басқа да түйткілді жәйттерге бай­ла­нысты шешілмей жатады. Сон­дық­тан біздің партия осы мәсе­ле­ге байланысты ұстанымын айтты, – дейді. Сондай-ақ, партия жетекшілері шаңырақтықтарға өз өкілдері Парламентке өтетін болса, алдағы уақытта да осы проблеманы заң жүзінде реттеуге атсалысатын­дық­тарын білдірді. Партияның бас хатшысы бұл күні өздері кездесу өткізген ауданда басқа кездесу ұйым­дас­ты­рылып, аудан тұрғындарының бір бөлігі сол басқосуға кетіп қалғанын көлденең тартты. – Бірақ, сайлауалды науқа­нын­да мұндай бәсеке болып тұ­рады. Бұл – қалыпты жағдай. Біз оған таңқалмаймыз, – дейді ЖСДП жетекшілері. Ал аталмыш партияның ал­дағы үгіт-насихат жұмыстарына келетін болсақ, ол облыстар аумақтарында жалғаса бермек. Айнаш ЕСАЛИ. АЛМАТЫ. ______________

Белсенділерінің саны артуда

Қазақстан Коммунистік ха­лық­тық партиясы Орталық коми­тетінің хатшысы Владимир Косарев екі-үш күннен бері шырайлы Шығысты аралап, сайлаушы­лармен кездесті. – Сапарымыз жаман өтіп жат­қан жоқ. Семейде бірнеше кездесу өтті. Ондағы кездесулерге де көптеген адам қатысты. Енді, міне, Өскеменге келдім, осы айдың 29-ынан бас­тап, бірқатар аудандарды аралап шығу ойда бар, – деп ха­лық­шыл коммунистер серкесі әде­тін­ше екпіндетіп әңгімесін бастады. В.Косарев партияның сай­лау­ал­ды тұғырнамасымен және бағ­дарламасымен таныстырды. Оның айтуынша, қазір қоғамда шешуін күткен мәселелер де бар. Жанар май бағасы аспандап барады, оны тоқтататын, тоқтатқысы келетін бас­шылар көрінбейді. «Бұл күн­де­рі 600 мың адам жұмыссыз жүр, олардың отбасын кім асырайды? Елімізде жылына 400 мың тонна мақта, 350 мың тоннадай жүн өндіріледі екен. Ал осы байлық босқа рәсуа болып жатыр. Қы­тай­дың сапасыз бұйымдарын тасы­ған­ша, өзімізде өндіруші кәсіп­орын­дарды құрсақ, қаншама жұ­мыс орны ашылған болар еді. Сондай-ақ, аяқ киім шығару үшін былғары жеткілікті. Қазақстан­ның аяқ киімі көзден бұл-бұл ұш­қанына ықылым заман өтті. Міне, біз егер Парламент төрінен орын алатын болсақ, осы жағдайларға баса назар аударып, халықтың мұң-мұқтажын шешуге атсалысар едік», – деді партия серкесі. – Қазір біздің партияда 81 мың мүше бар. Кенді Алтайда 7,5 мың адам коммунистік халықтық пар­тияға мүше болып табылады. Бірақ Семей мен Өскемен екі бөлек жұмыс істеп жатыр. Қарағанды, Атырау облыстарында да партия белсенділері күн сайын көбейіп келеді. Өткен сайлауда 1,5 мың мен 6 мың аралығында белсенділер болса, биылғы сайлауда бел шеше кірісіп, үгіт-насихат жұмыстарымен 18 мың адам айналысуда, – деді В.Косарев. Оңдасын ЕЛУБАЙ. _______________

ТҰҒЫРНАМА ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

Қазақстан социал-демокра­тия­лық «Ауыл» партиясының төр­аға­сы, Парламент Мәжілісі депутат­ты­ғына кандидат Ғани Қалиев Ақмола облысы Бурабай ауда­нын­дағы Шортанды қаласын­да бо­лып, ондағы Орман шаруа­шы­лығы ғылыми-зерттеу инсти­ту­тының ұжымымен кездесті. Бұл кездесуге сондай-ақ Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Қуаныш Әбуов пен «Ауыл» пар­тиясы облыстық филиалының төрағасы Болат Мұқанов қатысты. Кездесу барысында сөз алған академик Ғани Қалиев жинал­ған­дарға партияның сайлауалды тұ­ғыр­намасында қарастырылған мә­се­лелер туралы әңгімеледі. Бұл тұ­ғырнамада партияның алдында тұрған мақсат-міндеттер көрсетіл­ген. Партия сол міндеттерінің бірінде аграрлық ғылымды дамыту, ауыл шаруашылығы өндірісін ойдағыдай өркендетудің негізгі шарты болып табылады деп есептейді. Ғылыми технологиялар мен инновациялық шешімдер ғасы­рын­да аграрлық ғылым өндіріс пен бизнес талап ететін сапалы жаңа шешімдер ұсынуға тиіс. Ұлт денсаулығы, Қазақстанның қауіп­сіз­дігі мен гүлденуі осы мәсе­ле­нің ойдағыдай жүзеге асуына көп байланысты. Жиналғандар «Ауыл» партия­сы­ның тұғырнамасымен таныса келе, оны қолдауға лайық деп тапты. Осы күні мұндай кездесулер Солтүстік Қазақстан облысы Петропавл қалалық №3 ауруха­на­сын­да «Ауыл» партиясының аты­нан Парламент Мәжілісі депу­тат­тығына кандидат Иван Кендюхпен, Алматы облысының Сарқан ауданында партия атынан Парламент Мәжілісі депутаттығына кандидат Сәрсенғали Әжібаевпен болып өтті. Ал Павлодар қаласындағы «Дос­тық үйі» мәдени-демалыс орталығында партия мүшелері жергілікті эстрадалық орындау­шы­лармен бірлесе отырып, қала­дағы Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлеріне, зейнеткерлерге, мүгедек адамдарға концерт берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ. ______________

МАҚСАТ – ҰЛТЖАНДЫЛЫҚ СЕЗІМІН ОЯТУ

Кеше Астанада «Әділет» де­мо­кратиялық партиясы «Айтұ­мар» Қазақ ұлттық балалар этно­гра­фиялық академиясының ғима­ра­тында Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлаулары қарса­ңын­да жүргізілген үгіт-насихат шараларына байланысты академия ұжымымен және балалардың ата-аналарымен кездесу өткізді. Кездесуге «Әділет» партиясы төр­ағасының орынбасары Мұсағали Дуанбеков қатысты. Ол акаде­мия­ның қызметкерлері мен ата-аналарды келе жатқан жаңа 2012 жылмен құттықтап, оларға мықты денсаулық, бақыт, отбасыларына тыныштық тіледі. Сондай-ақ, ол кездесуге қатысушыларға пар­тия­ның сайлауалды тұғырнамасында белгіленген негізгі басымдықтар жөнінде әңгімелеп берді. Бұған қоса, партия төрағасының орын­ба­сары жиналғандар мен жур­на­лис­тердің отбасы мәселесіне, білім беруге, болашақ ұрпақты тәр­биелеуге және басқа да қызық­тыр­ған сауалдарына жауап берді. Бүгін Қазақстан Тәуелсіз­ді­гі­нің 20 жылдық мерейтойына орай, сондай-ақ елімізде тұрақ­тылық пен келісімді нығайту мақсатында жастар саясатына қолдау көрсетуге байланысты «Әділет» демократиялық пар­тия­сының «Әділ жастар» қанаты «Әділет алға!» ұранымен арнайы іс-шара ұйымдастырды. Шараның басы-қасында жүрген азамат­тар­дың айтуынша, олар мыналар: Қа­зақстан халқының біртұтас екендігін көрсету, Қазақстан жас­та­рының бойында өз Отанына деген ұлтжандылық қасиетті тереңнен сіңіру, Қазақстанды тұрақтылық пен дамудың символы ретінде таныту, қоғамның өз ішінен бөлінуі мен жарылуына әкеліп соғатын түрлі саяси үндеулер мен ұрандарға қарсылық білдіру. Партия өкілдерінің айтуынша, мұндай сипатқа сай іс-шаралар елімізде бұған дейін өткізілмеген, сондықтан, әділеттіктер осындай бастамаларды ұйымдастыру арқылы қоғамға жаңашылдық енгізуді мақсат тұтыпты. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.